СОҢҒЫ ОҚЫҒАН КІТАБЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Мәдениет Руханият

«Дүние-мүлікке көп қызықпайтын. Тек қана кітап жинайтын ерлі-зайыпты екі интеллигент қонақ шақырмақ болып дайындалса керек…

Уәделі күні ертемен тұрып, кейбір кітаптарды іріктеп алып, жұрт көзі түсе қоймайтын қуыс-қуысқа тыға бастапты. Күйеуінің оқыс әрекетіне таң қалған әйелі:                                                                                   – Ой, бай-еке, мұның не? Ол кітаптарды орнынан қозғап қайтесің? Шақырған қонақтарың аса құрметті және әдепті адамдар. Сенің кітаптарыңда олардың не шаруасы бар? Олардың қай-қайсысы да кітап ұрламайтын сенімді кісілер. Тіпті ол жастан асып кеткен!- деп күліпті.                                                                                                                            – Әрине! Әрине! Бұл жағынан олар қауіпті емес. Қымқырып кетеді-ау деген ой менде жоқ. Бірақ қорқамын!                   

– Несіне қорқасың? Неге қорқасың?                    

– Кітаптарын танып қоя ма деп қорқамын да! Өте қымбат және сирек дүниелер. Жастау кезімде шыдамай жымқырып кеткенмін!                                                                                                                      Анекдот шығар. Бірақ шындыққа татиды. Жастау кезімде талай достың үйінен өз кітаптарымды  көргенмен. Көрсем де байқамаған боламын. Ал кейбір күдікті достарымды біздің үйден кетерде төс қағыстырған болып, талай рет «тексергенмін» де! О! О да бір заман еді ғой, шіркін!»- деп  Қадыр Мырза Әлі «Жазмыш» атты еңбегінде өткеніне көз тастайды.  

Кітап- адамзат баласының қол жеткізген ең үлкен жетістігі. Мансап, даңқ, атақ-абырой дегендерден де жоғары тұратын ұлы игілік.  «Кітап дегеніміз- алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,- деген еді Ғ. Мүсірепов. Расымен де кітап адамның ойы мен санасын, білімі мен тәжірибесін, түсінігі мен түйсінуін саралайтын тәрбие.                                                                           

«Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге» дегендей ұлы адам болу үшін қажырлы еңбек пен толағай білімді талап етеді. Кемел келешекті қалыптастырып, таңбалы тарихты  игеру үшін де сіз бен біз білмейтінді  кітаптың беререі анық. Адамға жан азығы мен рухани байлықты бере алатын да кітап. Біз білетін тұлғалар да кітап әлемінің ғажайыптарымен тілдескен.                                                                                                                

«Кітап маған тақтан да қымбат»,- деп Шекспирдің өзі мойындаған. Ал, М.Горький  болса минутына  төрт мың сөз оқыса, ұлы француз қолбасшысы  Наполеон  одан 2 есе аз сөз оқыған. Сталин күніне  кітаптың 400 бетін оқыса да, оны аз деп ойлаған. Американ электртехнигі Т. Эдисон  мәтіннің 2-3 жолын бірден оқып, бірнеше парақтан соң да  сол күйінде есіне сақтаған. Бальзак болса, ең үлкен романдардың өзін жарты сағаттың ішінде 200 бетті тәмамдаған.

Айта-айта ақжем болған Максим Горькийдің бір тамаша сөзі бар: «Менің бойыма біткен аз-мұз жақсы қасиет болса, ол үшін ең алдымен кітапқа ғана қарыздармын»- дейді ұлы жазушы. Бәріміздің де айтар сөзіміз осы. Адам, жеке адам ғұмыры ғана емес, бүкіл адамзат тарихында кітаптың атқарған қызметін айтып жеткізу мүмкін бе?                         

Пушкин өз заманында алдына жан салмаған білімді адам болған. Ол он бір жасында әкесінің өте үлкен кітапханасын түк қалдырмай оқып шыққан. Және ол кітаптардың бәрі француз тілінде жазылған. Басқаша айтсақ, Пушкинді жаратқан Құдай болса, оны ұлы адам қылған ұлы кітапхана.                                                                                         Тіпті Пушкин соңғы сәттерінде де кітапханасына қарап жатып, «Қош болыңдар, достар!»- деп айтып көз жұмған.                                                                                                   

Әлкей Марғұлан- қазақ тарихында орны толмайтын оқымысты. Ғалымның артында қалған сирек кездесетін жүздеген, мүмкін мыңдаған кітаптары бар, Марқұм көзінің тірісінде кітапханасына ешкімді жолатпаған екен. Қазір оған кім қожа? Кім ие?                             Жұрттың бәрі бірдей Мұхтар Әуезов емес. Болса да, оған қонған бақыт басқаның басына қона қоймайды. Ол кісі өле сала тұрған үйі мұражайға айналды. Кітапханасы сол күйі сақталды.

Әнел ҚАЙЫРЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика мамандығының студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *