«Смарт Сити» жобасы Атырауда қалай іске асады?

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жүктеген тапсырмалардың бірі – қалаларда «Смарт сити» стандартын енгізу. Әлемнің озық елдерімен иық тірестіру үшін ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың жаңа дәуіріне қадам басқан тұста бұл жобаның тиімділігі зор болмақ. Ендеше «ақылды қала» қалыптастыруға мұнайлы өңірдің мүмкіндігі қандай?

бүгінгі күннің тақырыбына

 

«Смарт сити» тұжырымдамасы – халықтың барлық ресурстары мен қажеттіліктерінің жан-жақты тепе-теңдігін қамтамасыз ететін қалалық инфрақұрылымның зияткерлік дамуы. Дәлірек айтсақ, жоғары технологиялар аясында «ақылды қалалардың» барлық тетіктерін ұтымды пайдалану мен басқаруға қол жеткізу және қоршаған ортаны өзгерту үшін жергілікті қоғамдастықтың кең тартылуын қамтамасыз етуі.

Ал, бізде «Смарт сити» технологиясын қалыптастыруды Астана, Алматы мен Шымкент қалалары қолға алды. Айталық, елордаға сапарлаған жандар «Тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі» жобасын жақсы біледі. Бейнебақылау камералары, құқық бұзушылықтарды фото-бейне тіркеу, сонымен қоса деректерді өңдеу, жедел басқару және интеллектуалды байланыс орталықтары құрылды. «Смарт мектеп», «Смарт көше жарығы», «Смарт емхана» бағыттарымен біраз жоба іске асты. Сөйтіп, «Смарт сити» технологиясы қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге, алдын-ала жоспарлауға оң септігін тигізіп отырған жайы бар.

Елімізде инвестициялық тартымдылығы жағынан алдыңғы қатардан орын алатын мұнайлы өлке орталығын «ақылды қалаға» айналдыруға мүмкіндік мол. Үш ғасырдан астам тарихы бар облыс орталығы дамудың барлық сатыларынан өтіп келеді. Қазірдің өзінде аймақ басшысының тапсырмасымен біраз бастама жүзеге асты. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидың айтуынша, бұл бағытта шаһарда «Ақпараттандыру саласындағы жол картасы» бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жақында «Атырау цифрлық қабылдау» («ACQ») мобильдік қосымшасы іске қосылды. Оны әрбір тұрғын смартфонына «Appstore» немесе «Play market»-тен жүктеп, қажетті мәліметтің барлығын ала алады. Сол бағдарлама арқылы кез келген атыраулықтың жергілікті билікке толғандырған сауалы мен өтінішін жеткізуге мүмкіндігі бар.

«Бұл жобаға әзірлік ретінде өткен жылы «Телеграмм» желісінде Атырау облысы әкімдігінің бетшесі ашылып, тұрғындардан ұсыныс, пікірлер түскен болатын. Енді сол топтағы 1600-ден астам жанның сұрақтары «Атырау цифрлық қабылдауға» жолданып, ауыстырылды. Бюджет қаржысын игеруде, жобаларды жасақтауда халықтың пікірі де ескеріледі. Әрине, барлық қаражатты тек жолға немесе тұрғын үй салуға ғана жұмсауға болмайды. Өйткені, басқа да салаларды қамту керек. Соны да ескеретін боламыз»,-деді ол.

Қала әкімінің орынбасары алдағы күндері жаңа мобильдік қосымшада жер учаскесіне аукциондар жарияланатынын атап айтты. Қазірдің өзінде 40 жер телімін дайындау шаралары жүргізілуде. Ақпан айының алғашқы онкүндігінде «ACQ»-де жердің картасы, көлемі, нысаналы мақсаты да көрсетіледі. Соның арқасында кәсіпкер өзінің бизнесіне қажетті аумағын смартфонынан-ақ таңдай алады. Бұдан бөлек, қосымшада бос жұмыс орындары туралы мәлімет те көрсетіледі. Алдағы уақытта бүлдіршіндерді балабақшаға бөлу де автоматтандырылады.

«Бұрын ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркегеннен кейін бірнеше мәрте қалалық білім бөліміне жүгінетін. Салдарынан мекемеде үнемі кезек болатын. Енді мұндай жағдай орын алмас үшін кезегін өтініші бойынша автоматты түрде біле алады. Балабақшаға орналасқаны жөнінде мәлімет  хабарлама арқылы келеді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтуға, яғни, ата-ана мен білім бөлімі, балабақша арасындағы қарым-қатынасты үзуге оң ықпал етері сөзсіз»,-деген Мейірім Қалауи мектепке орналастыру, тұрғын үй кезегін білу де осы жүйеге көшірілетінін хабарлады.

Сондай-ақ, бүгінде жер кезегінде тұрған 85 мыңнан астам тұрғын да керекті ақпаратын  «ACQ»-дан табады. Айта кетер жайт, болашақта «Атырау Су Арнасы» мекемесі де үйдегі есептегіш құрал көрсеткішін осы мобильдік қосымша арқылы алатын болады.

«Смарт сити» шеңберінде жүзеге асатын бастамалардың бірі – аялдамаларда автобустардың жүру кестесін қадағалау. Бағдаршамды диспетчерлік орталықтан бақылау да – осы мақсатта қолға алынған игі іс.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвестормен «ақылды бейнебақылау» жүйесін енгізу жоспарда бар. Енді жол бойындағы құқық бұзушылықты бейнекамера анықтап, автоматты түрде айыппұл жібереді. Қазір бұл жобаның тұжырымдамасы жасақталуда. Содан соң конкурс өткізіліп, арнайы камералар сатып алынады. Ал, «ақылды жарықтандыру» бойынша 39 көшеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 19-ы іске қосылды, қалғаны наурыз-сәуір айларында аяқталады. Яғни, барлық LED жарықтандыру жүйесі диспетчерлік орталықтан басқарылады. Осы жұмысты атқаратын кәсіпкерге қосымша 194 көше тізімін бердік. Тағы бір инвесторға қаланың орталық көшесіндегі отызға тарта ескі шамды жаңасына ауыстыруға ұсыныс бердік»,-дейді бізбен әңгімесінде Мейірім Жоламанұлы.

P.S. Иә, «Смарт сити» технологиясы атыраулықтардың да уақытын үнемдеуге, алдын-ала жоспар түзуге көп көмегін тигізбек. Мысалы, Астанада орнатылған «ақылды аялдамалар» жолаушылар көлігінің уақыты мен бағытын көрсетіп тұрады. WIFI мен қаһарлы қыста жылу жүйесі де қосылады. Бұл аялдамаларды күннен қуат алатын батареялармен жабдықтау да назарға алынып отыр. Мегаполистердің бірі – Алматыда да тиімділігін көрсетіп үлгерген «Смарт Сити» жемісін мұнайлы өңірде де көретін күн алыс емес.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*