Әскери әйелдің бір күні

Қазақ тарихында ерлігімен ел есінде қалған арулар жетерлік. Әсіресе, есімдері тарихта алтын әріппен жазылған Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұловалардың бүгінде ізін басқан арулар бар ма? Мереке қарсаңында «Батыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет ететін қыз-келіншектердің бірі — Салтанат Ғабдоллашеваның әскери тыныс-тіршілігімен  танысудың сәті түсті.

Screenshot_1

Кейіпкеріміз Салтанаттың қорғаныс саласында қызмет еткеніне 8 жылдай болған. Қайсар қыз әкесі Марат Шайхыұлының әскери әңгімелерін тыңдап өсіп, сол саланың маманы болуды армандайды. Арманы орындалған Салтанаттың өмірлік жары Бауыржан да әскери қызметкер.

– Күнделікті жұмыс уақытым 08.30-да басталады. Сапқа тізіліп, командиріміздің қадағалауынан өткен соң, жұмыс күнін жоспарлап, кішігірім жиналыстар өткіземіз. Түскі үзіліс уақыты — сағат 12.30-да. Осы уақытқа дейін жеке құрамды тексеру, құжаттарды түгендеу, хат-хабар алмасу сияқты қызметтер атқарамын, – дейді кейіпкеріміз.

Сержант шенді арудың өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтыны байқалып тұр. Себебі, кездесу барысында Салтанаттың саптық адыммен қозғалыс жаттығуынан бастап, қоян-қолтық ұрыс, қару-жарақты пайдаланудың шебері екеніне көзіміз жетті.

– «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы қыз-келіншектер ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып жүр. Салтанат Ғабдоллашева қолбасшылықта ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасының жасақтау бөлімінің аға маманы болып қызмет етеді. Үлгілі және белсенді қызметкерлердің бірі. 2015 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі өткізген «Батыр арулар» республикалық байқауында топ жарғаны осыған дәлел болады. Сонымен қатар, ол әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға демеу көрсетіп, қоғамдық жұмыстарды атқаруға да уақыт табады, – дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің өкілі, аға лейтенант Рүстем Игісінов.

Жақында Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған сайыс өтіп, онда Салтанат «Үздік әйел мерген» атағын жеңіп алады. Далалық жаттығулар, нысанаға әртүрлі қарудан дәлдеп ату, танкімен жүру, өрт және су кедергілерінен мүдірмей өту сынақтары Салтанат үшін таңсық емес. Өйткені, үнемі жоғары жауынгерлік дайындықта болу барлық сарбаздар мен сардарлардың басты міндеті.

Әскери аруымызға «Әйел бақыты деген ұғымды қалай түсінесің?» деген сұрақ қойған едік:

– Әйел бақыты — отбасында деп ойлаймын. Әскерде қызмет ету әйелдерге оңай емес әрине, бірақ, өз ісін сүйген адам бәріне төзеді. Мұндағы қызмет етіп жүрген әйел азаматшалардың қайсысы да ер азаматтардан қалыспай отбасы мен әскери қызметін абыроймен атқарып жүр, – деп жауап берді кейіпкеріміз.

Оның ойынша, ердің де, әйелдің де жүрегі «елім» деп соқса, мемлекетіміздің шекарасы бүтін, іргесі берік болары сөзсіз. Кездесу соңында жаны қайсарлықты сүйетін әскер қатарындағы ару барлық қыз-келіншектерді төл мерекемен құттықтап, тәуелсіз еліміздің амандығы мен тыныштығын тіледі. Ең бастысы, Салтанат Ғабдоллашева – қазақтың ұлдарымен қатар, қыздары да қол бастаған мықты сарбаз бола алатынын сөзімен емес, нақты ісімен дәлелдеген жауынгер.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*