Сіз қандай газет оқисыз?

  Бүгінде ғаламторды пайдаланбайтын адам жоқ шығар. Әлеуметтік желілерде әркімнің жеке парақшасынан бөлек, мерзімді басылымдарға арнал-ған арнайы сайттары бар. Онда жай ағымдағы ақпараттан бастап, қоғам талқысына түскен өзекті мәселелерге дейін жарияланады. Әрі қажетті деректермен алмасуға да мүмкіндік зор. Десек те, оқырмандар тарапынан газеттің қағаздағы нұсқасына сұраныс қандай? Сіз қай газеттерді оқисыз? – Осы және өзге де сұрақтар бүгінгі сауалнамамыздың арқауына айналды.

Асқар БОПЫЛДЫҚОВ, облыстық мәслихат депутаты:

– Мен осы елдің азаматы, Атырау өңірінің тұрғыны ретінде өзіме қажет ақпараттарды тек облыстық «Атырау» газетінен аламын және осы басылымды үнемі қарап, оқып жүремін. Өйткені, аймақтағы түрлі жаңалықтар аталған басылымның бетінен табылады және кез келген жағдайды жан-жақты таразылап, оқырманға жеткізе біледі. Ал, басқа газеттерге ондай қызығушылығым жоқ.

Нұрлан БЕКЕШОВ, Миялы ауылдық округінің әкімі (Қызылқоға ауданы):

– Жергілікті «Атырау», «Қызылқоға» газеттерін үнемі оқимын. Бұл басылымдардан өзіме қажетті рухани дүниелерді табамын. Екі басылымның да ұстанған бағыты – Елбасы саясатын насихаттау. Осы орайда аймақта атқарылып жатқан игі істердің бәрі осы газеттерде кеңінен жарық көреді. Журналистері мүмкіндік бола қалса, өз оқырманымен кездесуге де асық. Оны газет редакциясы қолға алған «Атамекен» экспедициясынан байқап жүрміз. Қызылқоғалық оқырмандар да «тілшілер қауымы қашан келер екен?» деп асыға күтіп отырады.

Нұреден ЕСМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім беру ісінің үздігі:

– Мерзімді басылымдарға тұрақты жазылып тұрамын. Соның ішінде облыстың айнасына айналған «Атыраудың» әр нөмірін қалт жіберген емеспін. Оның байырғы оқырманымын. Поштамызға газет келгенде алдымен өзім, кейін жанұямдағылар оқыған соң, оны сақтап қоямын. Сүйікті басылымымның аяқасты жерде жатуы – мен үшін әбестік. Сондықтан, үйімізде газеттер «қыздың жиған жүгіндей» жинаулы тұрады. Бұл – менің «Атырауға» деген құрметім.

Роза ҚОЖАМБЕРГЕНОВА, «Алтын алқалы» ана:

 Республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерін үзбей оқимын. Ал, өзіміздің төл басылымымыз – «Атыраудың» әр санын тағатсыздана күтемін. Өйткені, газет өңірдегі өзекті мәселелерді қозғайды. Журналдарды да жиі ақтарамын.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі:

– Облыстық газеттердің сайттарына жиі шолу жасап, мақалаларды оқып тұрамын. «Атырау» сайтының соңғы жаңарған нұсқасына көңілім толады. Мұнда мақалаларды айлар тізбесі және айдарлар бойынша тауып, оқуға болады. Ыңғайлы жасалған. Тек, кейбір мақалалардың «толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар» дегені көңіл көншітпейді. Бірақ, басылым үшін бұл да дұрыс қадам деп есептеймін. Мұнда өзгелерге ұқсамайтын жаңа рубрикалар бар. «Мінбер», «Бас редактор бағанасы», «Заңгер кеңесі», «Көненің көзі», «Ұлы дала сарыны» оқырманды тартып тұрады. Бұдан бөлек газет ішінен ашылған бірнеше қосымша да өзіндік орынға ие. Алдағы уақытта «Атыраудан» бұдан басқа да тың дүниелер күтеміз. Әріптестеріміздің бұл жолдағы еңбектеріне сәттілік тілейміз.

Сергей АЛПАТАНОВ, «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Атырау филиалы басшысының орынбасары:

– Жасыратыны жоқ, бүгін барлық газеттерді ғаламтордағы сайттардан оқимын. Кейбір жағдайда материалдардың толық нұсқасын қарау үшін басылымды сатып аламын. Соның ішінде облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің әртүрлі тақырыпқа қалам тербеп жатқаны байқалады. Алайда, оқырман ретінде «еңбек адамы туралы, өндіріс орнынан көбірек материалдар берілсе» деген ұсынысым бар.

P.S.: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Бұл ұғымда қаншалықты салмақ жатқанын оқырмандар пікірі дәлелдей түсті. Ой сүзгісінен өтіп, заманға сай сөз қорытқан «Атыраудың» беделі биіктей түскеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Сауалнаманы жүргізген: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*