Сіз газетке жазылдыңыз ба?

Атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық, бірақ, мына бір жағдай қолға қалам алуымызға түрткі болды. Сұлулық индустриясында тым-тәуір бизнесі бар кәсіпкер әйел, әрі әріптесіміз әлеуметтік желідегі парақшасында жерден жеті қоян тапқандай: «Баламның мектептегі ұстазы ата-аналардың да газетке жазылуы тиіс екендігін ескертіп, ақысын төлеуімізді өтінді. Біз төлерміз-ау, бірақ, кейбіреулердің жағдайы бұған жетпейді. Сонда күштеп жаздыратын баспасөз кімге керек? Қазіргі заманда кім газет оқиды? Пайдасыз, табыссыз болса, шығынды кәсіп неге қажет?» деп «ағынан жарылыпты».

13445722_122733121483411_1785784836188976636_n

Хош, бүгінде ақпарат алу тетігі көбейді делік. Жылдам хабар тарататын радио мен үйдегі көк сандықты айтпағанның өзінде, қолдағы смартфоннан-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтардан құлағдар болып отырасыз.

Алайда, ғаламтор бетшелерінен жылт ететін қысқа-нұсқа хабар-ошардың «ғұмыры» да соншалықты болатынын дәлелдеудің өзі артық шығар. «Өзі – бір күндік, сөзі – мың күнге» татитын мерзімді баспасөз билік пен бұқара арасындағы алтын көпір ғана емес,  тәрбие құралына айналғалы қашан? «Жастар қатыгез, жетесіз болып барады» дейміз. Ал, күндіз-түні әлеуметтік желіге телмірген ұрпақтан не күтеміз? Рас, күнделікті күйбең тірлікте бәрінің бірдей газет оқуға уақыты бола бермес. Бірақ, алтыннан да қадірлі сағаттар мен минуттарды ұялы телефонды «ақтарып», «қопаруға» жұмсайтынымыз ақиқат емес пе?

Айтыңызшы, газетпен  сауат ашып, әр нөмірін қалдырмай оқыған қай оқырман одан жамандық көрді? Бірнеше мәрте сүзгіден өтіп, жан-жақты зерттелген маңызды тақырыпты ғана көтеретін баспасөздің бәлен мың теңгеден өтіп жатқан мотивациялық шаралардан несі кем? Тұтас өңірдің, қала берді тәуелсіз Қазақстанның жемісті жылдары мен жолдарын кейінгі ұрпаққа жеткізетін жылнамашы да – мерзімді баспасөз. Бәрінен бұрын, дамыған елдердің өзінде бірнеше миллиондаған тиражбен таратылатын шетел газет-журналдарының бағы жанып тұрған уақытта қазақ баспасөзі неге құруы тиіс?

Иә, заман ағымы өзгерді. Оған ешкім шүбә келтірмейді. Оның үстіне қазір газетке жазылу науқаны жүргізіліп жатқандықтан, бір мекемеге бірнеше басылымнан бірдей ұсыныстар түсіп, кемшіліктер орын алып жатқан болар. Әлдебір қажетсіз нәрселерге қаражат жұмсауға келгенде аянбай, рухани азығымыз үшін төрт-бес-ақ мың теңгеге «тарылып» қалатынымыз ең алдымен өзімізге сын болуы тиіс. Солай емес пе?

Айбөпе Сабырова

 

 

2 комментария

  1. Газеттің жазылу индексі қандай өзі?

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*