СИҚЫРЛЫ САУСАҒЫНАН САУЛАҒАН КҮЙ…

 

Қазақтың қара домбырасын серік еткен Жәкең 1953 жылдың 17 қарашасында көршілес Орал облысы Жалпақтал ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң 1972-74 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп келіп, елде он күн ғана демалады да, Алматыға аттанады. Көп ұзамай Алматы қаласы филармониясы жанынан құрылған Лұқпановтар отбасылық ансамблінде еңбек жолын бастайды. Ансамбльде қызмет ете жүріп, түрлі аспаптарда еркін ойнауды меңгереді. Әсіресе, примада ойнағанда ұжымдастары ерекше риза болатын.
1975 жылы Қазақ ұлттық эстрада–цирк студиясына түсіп, атақты Құбыш Мұхитовтың класынан дәріс алады. Студияда қазіргі қазақ сахнасының жұлдыздары Сембек Жұмағалиевпен, Қанат-Айткүл Құдайбергеновтермен бірге оқыды. Жалын атқан қайран жастық десейші. Қолынан домбырасын тастамаған жігіт Жәнібектің де арманы асқақ еді. Үлкен ұстаздардың алдын көріп, білімін шыңдаған айтулы өнер ордасының түлектері 1977 жылы эстрада-цирк студиясын тәмамдағанда жан-жаққа қанат қағып, түлеп ұшты. Жайықтың бойын жайлаған Атырау өңіріне арнайы жолдамамен тоғыз бірдей өнерпаз қызметке келгенде ел де оларды жадырай қарсы алды. Солардың ішінде «ылдидан салса төске озғандардың» қатарындағы Жәнібек ағаның өнері ерекше еді.
«Өзі жақсыға қай жерден де бір кісілік орын табылады» деп шығыс халқы текке айтпаса керек, Жәкең бірден облыстық филармонияға домбырашы болып қызметке орналасты. Күндер сырғып өтіп жатты. Атыраудың батпағына малшынып, масасына бойын үйретіп, домбырашы жігіт қызу еңбекке араласып кетті. Қасында бірге келген өнерпаздар бір айдың ішінде келген жағына қайта бастады. Ал, Жәнібек аға бұл аймақтың құт дарыған берекелі жер екенін жан дүниесімен ұғып қала берді. «Нарынға барсаң, күйшімін деме!» деген қанатты сөздің шынайылығына көз жеткізіп, дәстүрлі өнердің өміршең екендігін ісімен де, бойдағы кісілік қасиетімен де дәлелдеп бақты. Қақ-соқпен жұмыcы жоқ, көп сөйлей бермейтін томаға-тұйық, қашанда қарапайым адамды бүкіл ұжым жақсы көріп кетті. Күйге ес-түссіз ғашық болған Жәнібек Ұзақбайұлы 1983 жылы Алматыда өткен Құрманғазы Сағырбаевқа арналған конкурста лауреат атанды. Көңілдің көк дөнені қанша жүйткісе де, өмір өз дегенін жасайды.
1985-86 жылдары отбасылық жағдайға байланысты Қарағанды қаласына қоныс аударып, «Гәкку» этнографиялық эстрада ансамблінде бір жылдай жұмыс жасады. Алайда, Арқада көп тұрақтамай, аңсаған Атырауына қайтып оралды. Халыққа деген махаббатының шексіздігі шығар, қарт Каспийдің дүр жұрты күйші ұлын құшақ жая қарсы алды. Содан бері біршама уақыт өтті. Бұл күнде ел баласы дегеннен, ел ағасы деген атқа жеткен Жәнібек аға 35 жыл ғұмырын Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында еңбек етуге арнапты. Осынау еңсесі биік өнер ордасында зор табыстарға, үлкен жетістіктерге жетті. Олардың бәрін тізбелеп айтып, тізімдеп жазбай-ақ қоялық. Әкімшілік тарапынан алған марапаттарының өзі – бір жәшік дүние. Отбасында Мәкира апаймен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты ата Жәнібек ағамыз биыл асқаралы алпыс жасқа шығып отыр.
Күй – қазақтың мұрасы. Күй – замана тарихын бауырына бүккен тіл жетпес тылсым. Осы тылсымның тереңіне сүңгіп, алты Алашқа рухани ләззат сыйлаған Жәнібек Ұзақбайұлының ғұмырлық ұстанымы – қарапайым болу. Жұртшылық Жәкең десе тік тұрып, құрмет көрсетеді. Алла қаласа, қарашаның 20-ншы жұлдызында өзі еңбек еткен шаңырағы Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында Жәнібек Ұзақбайұлының мерейтойына байланысты шығармашылық кеш өтеді. Келем деушілерге күйшінің құшағы ашық. Өнері асқанға бұдан артық бақытты сәт жоқ. Біз де сиқырлы саусағынан саулаған көркем күйлерінің бәсі жоғары азаматты Тәңір жарылқасын, ел сыйлап, халық қолдасын деп тілейміз.

Саадат НҰРМАНОВ,
айтыскер-ақын,
Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*