ШОРА ӨЗЕНІНЕ СӘН БЕРГЕН

Алаң едені қызғылт, ақшыл түсті өрнек тастармен қапталған. Айналасы күнге шағылыса жылтыраған плиталармен көмкерілген аласа дуалмен қоршалған. Ортадағы үш бірдей гүлзар алыстан көз тартады. Жағалай қойылған сәкілер мен түнгі жарықтар кешенге көрік қоса түскендей. Төрінде мәдени шараларға арналған сахна орын тепкен. Мұнда кіру арка типтес үш қақпа арқылы жүзеге асады. 
Құрманғазы ауданының 85 жылдық тойына орай осы алаңды пайдалануға берген мекеме – “Каспий құбыр консорциумы” АҚ. Оның ашылу салтанатына қатысқан “КТК-К” АҚ бас директорының орынбасары Қанатбек Жумин аудан әкімі Амангелді Барақатовпен бірге лентаны қиған болатын. Осы шарада біз “КТК-К” жауапты хатшысы Любовь Евстифееваны сөзге тартқан едік.
– “Каспий құбыр консорциумы” АҚ – республикаға кеңінен танымал мекемелердің бірі. Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа жеткізумен айналысады. Бұл – Ресей мен Қазақстанның және әлемдік жетекші мұнай өндіруші компаниялардың (Chevron, Shell, ExxonMobil, Eni, British Gas, Роснефть, Лукойл) халықаралық 1,5 мың шақырымдық магистральды құбыр жүйесін салып, оны пайдалануға арналған ірі жобасы. Құбыр жүйесіне негізінен Батыс Қазақстанның ірі кен орындарының мұнайы мен ресейлік өндірістердің шикізаты түседі. Мұнай компанияның Новороссийск қаласы маңындағы Южная Озереевка поселкесіндегі базаға тасымалданады. Осы арадан танкерлерге тиеліп, әлемдік нарыққа жол тартады.
Бастапқыда құбырлардың өткізу мүмкіндігі 2,5 есеге өсірілуі басшылыққа алынды. Бүгінгі таңда консорциум жылына 67 млн. тонна мұнай айдауда.
Сонымен қатар, консорциум кең көлемді әлеуметтік бағдарламаларды да жүзеге асырып, мүгедектерге, жетім балалар мен ардагерлерге, денсаулық, білім салаларына, спорт пен мәдениет, тұрғын-үй құрылысы салаларына демеушілік жасап келеді.
Облыс бойынша біздің акционерлік қоғам бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Әрқайсысының өңіріміз үшін өзіндік мәні ерекше. Елбасымыз алға қойған міндеттерді орындап, халық тұрмысының жақсаруы, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғарылай түсуі үшін қызметтеніп келеміз. Сонымен қатар, қайырымдылық шараларына да қатысамыз.
Құрманғазы ауданына 2002 жылдан бері жыл сайын 20 млн. теңге бөліп, соған сай жұмыстар атқарудамыз. Биыл осы алаңды қалың жұртшылыққа тарту еттік. Құрылыс екі жыл жүрді. Оның барысында 30 шақты адам жұмыспен қамтылды. Алаңның көлемі 3175 текше метр. Жаңа алаңға 38 миллион теңге жұмсалды, – деді Любовь Михайлқызы.

Қанат ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*