ШӨБІ КӨПТІҢ – МАЛЫ ТОҚ

 

Қиғаш бойындағы қарбалас

Осы орайда, аймақтағы жер көлемі де үлкен, шаруашылықтарының да саны көбірек Құрманғазы ауданындағы ахуалға алдымен зер салып көргенбіз.Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы мал азығын дайындау науқаны құрманғазылықтар үшін оңай болмай тұр. Өр суының көтерілмеуі, аралдардың айдынға айналмауы, жауын-шашынның тапшылығы, күннің ыссылығы мен құрғақшылық маңызды маусымды ойдағыдай өткізуге кері әсерін тигізуде. Бірқатар жерлерде шөп мүлдем өспей қалса, шыққандарының өзі де сұйық, сирек көрінеді. Оның үстіне, ылғалдылықтың аздығынан, құрғақшылықтың салдарынан бірқатар аймақтарды жасыл желектің жауы – шегіртке қаптап кеткен.

Ресми деректерге көңіл бөлсек, 2015-2016 жылдардың қысқы кезеңінде мұнда мал азығына деген қажеттілік 155 мың тоннадан асады. Соның ішінде, «Сүйіндік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3643, «Мақаш» өндірістік кооперативінде 2170, «Ақжонас» ЖШС-де 740 және «Құрманғазы» ӨК-інде 1380 (барлығы 8000 тоннаға жуық) жемшөп қоры әзірленуі тиіс екен. Былтырғыдан қалғанын есепке алғанда қорда 16250 тоннаның шамасында дайын шөп барын білдік. Осыны ескергеннің өзінде, бағымдағы мал басын сындарлы шақтан аман, шығынсыз алып шығу үшін жасақталуға тиісті қыстық пішеннің көлемі 139 мың тоннаға таяп жығылады.

Бұл тұрғыда, алыстағы Азғыр өңірін жайлаған елдің қиындықтан шығар бірден-бір жолы – көршілес Батыс Қазақстан облысынан шөп дайындау болып табылады. Шаруашылық жетекшілері мен ауылдық округтердің әкімдері осыған мүдделілік танытып, алдын-ала келіссөздер жүргізген.

Айтпақшы, ауданда мал азығын дайындау жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде штаб құрылған. Бұрындары маусым сайын сан мың тонналап құрақ орылып, сапалы мал азығы дестеленген атақты «Көзбол», «Коневск», «Достық» аралдарындағы, Кінәша өзегі бойындағы шүйгінді алқаптарға да шалғының жүзі тиіпті. Қолында көлік-техникасы бар шаруагерлер мен тұрғындар бас біріктіріп, тізе қоса қимылдауға ұмтылған. Солардың арасынан «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің бригадасы нуы мол, шөбі шүйгін «Мокрый» теліміне шөп шабатын техникаларын жеткізіпті. 

Индерліктердің ілкімді қадамы

Индер ауданында барлық меншік нысандары бойынша 86768 бас қой-ешкі, 18246 мүйізді ірі қара, 6083 жылқы және 1107 түйе малы қыстаққа түседі деп күтілуде. Қажетті мал азығының қоры 54 мың тоннаны құрайды. Өткен қыстан қалған қалдықты есепке алғанның өзінде, биылғы науқанда 49 мың 600 тоннадан астам пішен әзірленуі тиіс болса, соның тең жартысынан астамын ауданның өз аумағынан, қалғанын басқа жерлерден дайындау немесе тасымалдап жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыс Индербор кенттік, Жарсуат пен Бөдене ауылдық округтерінде алғашқылардың қатарында қолға алынған. Және   дайын (сатылатын) пішенді жеткізіп беру міндетін меншігінде көлік-техникалары бар жергілікті жігіттер мойнына алған. Сол себепті де, қызмет көрсету ақысы да өзара келісіліп, біраз жеңілдетілген. Мұндай мүмкіндікті Елтай мен Аққала ауылының тұрғындары да мүлт жібермеуде.

Жылдағыша, биыл да жарсуаттықтар «Жасыл орақ» науқанына өзгелерінен гөрі ертерек кірісіп, көш бастады. Осындағы «Асыл-Агро» және «Жарсуат» өндірістік кооперативтерінен ұйымдастырылған төрт бірдей бригада округтің өз аумағынан және Қызылқоға ауданының жерінен мал азығын дайындау жұмыстарына жұмылған. Бір ғана «Асыл-Агро» шаруа қожалығының пішенші-механизаторлары бес бірдей қыстақ орнында қыстатылатын малға керекті шөпті өз күштерімен дайындап, алдын тиісті учаскелеріне тасымалдай бастаған. 

Қолайлы сәтті қалт жібермей

Қызылқоға ауданында биыл көптен бері болмаған өр суы көтеріліп, оның үстіне ауа райы да жауынды-шашынды болып, жердің бетін көкорай шалғынға толтырып, шаруаға қолайлы жағдай туғызған-ды. Әйтсе де, ауа температурасының жоғарылап, күннің күрт ысып кетуінен жайқалып өскен шабындық алқаптар дала өртіне шалынып, төтенше жағдайдың орын алғаны да жасырын емес. Соның ішінде, Жангелдин мен Сағыз ауылдық округтерінде бірнеше жүздеген гектар жер тілсіз жаудың қармағынан құтылмады.

Соған қарамастан, қызылқоғалықтар да қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдаланып, «Жасыл орақ» науқанын табысты өткізуді мақсат тұтқан. Бұл ауданда алдағы қысқа қажетті мал азығының көлемі 140,3 мың тоннаны, ал, шабындық алқаптың аумағы 73810 гектарды құрайды. Жоғарыда келтірілген және басқа да себептерге байланысты серіктестіктер мен кооперативтердің қарқыны әлі де бәсеңдеу. Ал, жеке қожалықтардың қимылы ширақтау, қарекеті белсенділеу көрінді. Мәселен, «Жасыл орақ» науқаны басталған санаулы күндерде олар 16,5 мың жемшөптің  дайындалуын қамтамасыз еткен. 

«Ауқайраңдағы» ағайындылар

Қос өзен аралығын қоныстанған Исатай ауданында қысқа қажетті мал азығының көлемі 70,4 мың тоннаны құраса, әзірге дайындалғаны 2,7 мың тоннаға жеткен. Өңірдің өз аумағынан шалғыға ілігетін шабындық жер мен шөп қорының тапшылығына қарамастан, бұл ауданның шаруагерлері мен тұрғындары да қыста қапы қалмай, қолындағы малын сын шақтан аман алып шығудың қамын күйттеген.

Солардың арасынан Сапи Ищановтың басшылығымен құрылған шаруа қожалығының қарекетін айрықшалап атаған ләзім.

Сөйтіп,кезінде әкелерінің бастаған ісін жалғастырған ұлдары (ағайындылар) соңғы бірнеше жылдан бері Қамысқала селолық округіне қарасты «Ауқайраң» учаскесіндегі шөбі шүйгін шабындыққа шалғы салып шөп дайындаумен шұғылданып келеді. 

Кезекті маусымда да мал азығын дайындау жұмыстарына білек сыбана кіріскен шаруақор жігіттер қарамағындағы қос «МТЗ-82» тракторының, оған тіркелген шабу, жинау және тайлау агрегаттарының көмегімен шапқан шөптерін балауса күйінде, ысырапсыз жинап алуды мақсат тұтқан. Нақтылай кетсек, шөбі бітік, аралас өскен көлтабанды танаптан 250 орама пішен әзірлеуді межелеген олардың қазірдің өзінде 150-ін дайындап, қыстақ бастарына тасымалдап та үлгеріпті.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*