Рухани түлеген шақ

Облыстық, мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, ширек ғасыр уақыт ішінде аймақта 59 мәдениет ұйымы құрылып, 38 нысан күрделі жөндеуден өтті, сегіз мәдениет ғимараты салынды. Сонымен бірге, 15 тарихи-мәдени  ескерткіш  пен кешендер бой көтерді.

%d3%a9%d1%88%d0%ba%d0%b5%d0%bd-%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%80-%d2%9b%d0%b0%d0%b9%d1%82%d0%b0-%d0%be%d1%8f%d0%bd%d0%b4%d1%8b

Мысалы, 1995 жылы Индер ауданының Қараой жерінде республикалық дәрежеде қорғалған Махамбет Өтемісұлының кесенесі салынды. 1996-2000 жылдары Атырау қаласынан 50 шақырым жерде Сарайджук қаласының орнына зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде Сарайшықтың қалыптасып дамуының үш кезеңі анықталды.

Ал, қазіргі таңда көне қаланың орнын сақтап қалу мәселесі ең өзекті болып табылып, Жайықтың жағасын бекіту бағытында жүргізілетін жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Бұл мәселемен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тікелей айналысуда. Сонымен қатар, туристік кешен салу мәселесі де қарастырылып жатыр.

1999 жылғы 3 қыркүйекте ХІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ халқының тарихына арналған «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Осы  жылы Жылыой ауданының терістік шығыс бетіндегі Қорғанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде сармат дәуірінің алтын киімді адам мүрдесі табылды.

2000 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялануы облыстағы бір кезде жабылған мәдениет мекемелерінің қайтадан ашылуына септігін тигізіп, сала одан әрі жандана түсті. Атырау қаласында Сұлтан Бейбарыс, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтбаев ескерткіштері, «Мәңгілік алау» мемориалдық кешені бой көтеріп, әлі күнге дейін қала көркіне сән беріп тұр.

%d3%a9%d1%88%d0%ba%d0%b5%d0%bd-%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%80-%d2%9b%d0%b0%d0%b9%d1%82%d0%b0-%d0%be%d1%8f%d0%bd%d0%b4%d1%8b-2

Ал, 2002 жылы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Катар мемлекетінде өткен Қазақстан күндеріне қатысса, келесі жыл да өлке  тарихы үшін табысты болды. Қазақтың біртуар ұлы ақыны, отаршылдыққа қарсы көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті.

Атырау қаласында «Исатай–Махамбет» сәулеттік-мемориалдық кешені, Халел Досмұхамедовке ескерткіш тұрғызылды.

2012 жыл Атырау өңірін күмбірлеген күйге толтырған ауқымды шараларымен есте қалды. Алғаш рет Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» республикалық күйшілер сайысы, Рысбай  Ғабдиев атындағы «Күй қағаны» атты республикалық күй байқауының өтуі Атыраудың күй астанасы екенін дүйім жұртқа тағы бір дәлелдей түскендей.

Араға бір жыл салып, 29 мамырда Атырауда тәуелсіз Қазақстанның  тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі оқиға болды. «Мұнайшы» стадионында адамзат мәдениетіне күй атты теңдессіз мұра қосқан қазақ халқының аса көрнекті күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбаевтың 190 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық күй фестивалінде мың кәсіби өнерпаздан құралған оркестр өнер көрсетті. Құрманғазы бабаның халық арасында кеңінен танылған оннан астам белгілі күйлерін мың өнерпаз бір уақытта орындап, Жайық–Каспий атырабын күмбірлеген күйге бөледі. Бұл елеулі оқиға Қазақстан Республикасының «Рекордтар кітабына» енгізілді.

Ал, 2014 жылы Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі қазақ мәдениетін насихаттау мақсатында гастрольдік сапармен Германия, Түркия, Австрия елдерін аралап қайтты. Ұлттық өнерді ұлықтаған ұжымның бұл сапарына Атырау облыстық әкімдігі демеушілік көрсетті. Түркия елінің Маниса, Стамбул, Германия мемлекетінің Берлин, Мюнхен, Австрияның Вена, Франция мемлекетінің Париж, Фонтебло қалаларында концерттер қойды. Н.Жантөрин атындағы филармонияның шығармашылық ұжымдары да Катар мемлекетінің, Үнді елінің Делли және Ресей Федерациясының Уфа қалаларында концертпен болды.

Облыста алғаш рет Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония жанынан эстрадалық оркестр және 20 адамнан құралған үлкен би ұжымы құрылды.

2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай қан майданнан қайтпаған 25 мыңнан астам атыраулық боздақтарымыздың есімі қашалып жазылған ескерткіш қабырға және Ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш бой көтеріп, «Ұрпаққа ұран болған Ұлы жеңіс» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Қашан да ақынын ардақтаған халықпыз ғой. Осы жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Жұмекен Нәжімеденовке Атыраудан ескерткіш тұрғызылды. Түркі заманынан бүгінге дейінгі 700-ден астам ақынның үздік өлеңдері жинақталған 10 томдық «Жыр маржаны» қазақ поэзиясының антологиясы жарық көрді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, драматург Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр  мен Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақованың республикалық әлем ұлттарының биі фестивальдері ойдағыдай өтті.

Ал, биылғы шаралардың барлығы дерлік Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Биыл Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің – 100, Халық батыры Исатай Тайманұлының – 225 жылдықтары Исатай ауданында аталып өтті. Облыс орталығынан қоғам қайраткері, жазушы Фариза Оңғарсыноваға арналған еңселі ескерткіш тұрғызылды. Индерборда 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды, Жанбайдағы мәдениет үйі жыл аяғында ашылады, он мәдениет үйінің құрылысы басталады. Сонымен қатар, Индер ауданында Жарсуат, Махамбет ауданында Есбол, Құрманғазы ауданының Нұржау ауылдарындағы мәдениет үйлер күрделі жөндеуден өтуде.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*