Шикізат және тауар

Шетелде атыраулық жылы көрпенің әрқайсысы 1000 еуроға бағаланса, біздегі құны небәрі 18 мың теңге екен.

0_c7ab6_c348220_L

Жыраққа жөнелтілген жүн, теріден төселген жол

Бұл мәселенің көтерілгеніне талай жылдың жүзі болды. Өйткені, республиканың ішінде мұндай шикізатқа қызығушылық танытушылар аз. Оның да бірнеше себебі бар. Алдымен, алушылар арзан баға ұсынады. Малбегілерін де түсіну керек. Бүгінде ауылда жүн қырқушылар жоқ. Оларды ат арытып алыстан алдырады. Еңбегіне мал береді. Көлікпен алып келеді, кейін апарып тастайды. Алыс елді мекендерде науқан кезінде бұлардан бағасы асатын адам жоқ. Ендеше, шикізат дегенмен, оған да біраз шығын шығады. Одан әрі, шалғай жайлаудағы шопандардың орталыққа әкеліп малдың терісі мен жүнін тапсыруға мүмкіндігі жоқ. Күнделікті күйбеңнен қолы босамайды. Демек, шикізатты жинаумен айналысатын арнаулы мекеме де, адамдар да жоқ. Яғни, соның жұмысын жандандырған жөн. Ақырында, өздері әупірімдеп әкелгенімен, қаладағылар қабылдамайды. «Толық тазаланбаған, жақсы жуылмаған, стандартқа сәйкес келмейді» деген сан сылтау алға тартылады. Жер түбінен жеткен шопандардың сағы сынады.

Міне, осындай себептермен малбегілер жүн мен теріні тіпті тапсырмайды. Кейбіреулер малды  қырықпай, сол күйінде қоя береді. Шілденің шіліңгір ыстығында жүні жартылай түсіп, қалғаны денесінде желбіреп жүрген түйелерді көргенде жаның ашиды-ақ. Өзіңнің шашың алынбай, қобырап кетсе қайтер едің?

Жүннің сұранысқа ие болмауының тағы бір себебі – одан өндірілген өнімнің өтпеуі. Аймақта «Каспий Лана Атырау» зауытының жұмыс жасай бастағанына аса көп болған жоқ. Естуімізше, тауары да тәуір тәрізді. Алайда, республикада тұтынушысы тапшылау. Қазір даяр тауарларын Италияға жөнелтіп жатқан көрінеді. Экспорт талабына сай саналғанына қарағанда, сапасы сын көтерерлік болғаны ғой. Шетелде атыраулық жылы көрпенің әрқайсысы 1000 еуроға бағаланса, біздегі құны небәрі 18 мың теңге екен. Неге? Қазақстанда мұндай зауыт Тараз бен Семейде ғана бар. Олар да өнімдерін қайда жіберерін білмейді. Бұл қалай? Сұраныс жоқ па? О баста сауда нарығын қалыптастырмаған ба? Бұдан отандық өндіріс қалай көтеріледі?

Әйтсе де, ауыл аралап, жұрттың жүнін арзан бағасына алып жүргендер де бар көрінеді. Олар өздерін кәсіпкер санайды. Қолдарында құжаттары бар, тиісті салығын да төлеп отыр. Бірақ, шикізатты кімге тапсырады? Естуімізше, тонналап жыраққа жөнелтіп жатыр екен. Өйткені, ол шетелде валютаға бағаланады. Отандық өнеркәсіпті орағытып, сыртпен серіктес болғандардың тірлігі заңсыз да емес. Тек ішкі кәсіпорынға кедергі.

Бала кезімізде жүн иіріп отыратын әжелерімізді көретінбіз. Оны алдымен тазалайтын, сабаумен сабалап, әбден түтетін. Ақырында, дайын жіптен текемет тоқып шығаратын. Мүмкін осы бұйымдардың қалдығы кейбір отбасында сақталған да шығар-ау. Әйтсе де, бүгінгі ұрпақ оны мұражайдан көреді. Бұл да халқымыздың асыл мұрасы емес пе? Жыраққа жөнелтіліп жатқан тонналаған жүн содан да айырғаны ма? Қой мен түйенің табиғи жүнінен, ешкінің түбітінен дайындалған қазақы киімдер қандай керемет еді?!

Осындай ахуал төрт түліктің терісіне қатысты да қалыптасып отыр. Сонау жылы бір  ауданда әлдекімдер малдың терісін жолға төсеп тастапты. Қайтсін енді, ешкім қажет етпесе? Егер ауылдағылар осындай халді бастан кешіп отырса, қаладағыларға не жорық? Үйге келген қонағына сойған қойының терісін тапсыратын жер болмағандықтан, қоқысқа тастай салады. Ал, бағамдап қарасақ, бұл өте пайдалы шикізат екен. Әсіресе, мүйізді ірі қараның терісінен тігілген бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Бағасы да көтеріңкі. Ауылдағылар әр теріні әрі кеткенде үш-бес мың теңге шамасында сатады. Босқа шіріп жатқанша, тегін беріп жіберетіндер де бар.

Жұртты жағалап, тері жинап жүргендер оны кімге өткізеді? Отандық кәсіпорындарға ма? Әрине, жоқ. Делдалдар арқылы Қытай мен Түркияға асырады. Мамандардың есебі бойынша, осындай жолмен жылына екі миллиард еуроның шикізаты сыртқа шығарылады. Одан жасалған бұйым өзімізге бірнеше есе қымбат бағасына оралады. Таза теріден тігілген аяқ киім базарда кем дегенде 50-70 мың теңге тұрады. Сатушылар өнімнің шыққан жерін айтып мақтайды. Ал, сол аяқ киім қазақтың қорасындағы қасқа сиырдың терісінен жасалғанын біле ме екен?

Қазақта «тоғыз қабат торқадан тоқ-тышақтың терісі артық» деген сөз бар. Тері шалбар мен тон тұтынған ата-бабамыз ешкімнен кем болмаған. Ал, өзіміз көрген, аяғымызға киген пималар ше? Бұлар қазір де қашық қыстақтарда отырған малбегілеріне керек-ақ. Алайда, қайдан табуға болады? Базардағы сырттан келген киімге қарапайым шаруаның шамасы жетпейді.

P.S. Әйтсе де, сірескен сең қозғалатын тәрізді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2019 жылдан бастап сыртқа тері мен жүн шығаруға тыйым салмақшы. Әрине, бұдан кейбір делдалдар шығын шегер. Әйтсе де, шикізатқа шөлдеген отандық өнеркәсіп өрге басады. Мүмкін Атырауда да жүн мен тері өңделіп, олардан жергілікті өнім көбірек дайындалар. Бұрынғы кезде мұнайлы мекенде тұтас цехтар мен фабрикалар болған еді ғой.

Айтпақшы, маңғыстаулықтар біздегі кәсіпорынға тері мен жүн жеткізуді жоспарлап жатқан көрінеді. Бұл жай атыраулық ауыл шаруашылығы иелеріне де қозғау салуы тиіс. Сапасы сай болса, басымдық, әрине, осыларға беріледі. Ендеше, құр қалмаңыздар!

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*