ШЕТЕЛДІКТЕН ОТАНДЫҚ ЖЕРСЕРІККЕ КӨШУ

Жалпы, бұл жүйенің өзі қазақстандық операторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалған-ды. Яғни, «KazSat-3» жерсерігі байланыс, телехабар тарату және Қазақстан мен жақын шетелдерге жоғары жылдамдықты интернет жеткізу қызметтерін қамтамасыз етуге бағытталған. Демек, барлық сандық телеарналар отандық осы байланыс арнасы арқылы өтетін болады. Бұл – соңғы бес жылдағы электрондық ақпарат құралдары мен жаппай коммуникацияны өндіру және тарату саласындағы оңды өзгерістердің бірі. Олар, негізінен, жерсеріктік телехабарлар тарату желісінің өрістеуі, аналогтық жүйеден сандық желіге көшу, цифрлық ағымдарды сығу, кодтау және мультиплексиялау, интерактивті қызметтердің пайда болуы, ғаламтор желісі мен ұялы байланыс дамуына қатысты.

Жалпы, барлық мемлекет ең алдымен өз байланысын тәуелсіз етуге ұмтылады. Өйткені, ол – мемлекетті басқарудың маңызды жүйесі, ішкі қауіпсіздігімізді орнықтырады. Ал, «KazSat-3» жерсерігі арнайы телехабар тарату үшін жоспарланған және еліміздің барлық аумағына тарайды. Мұнда жиіліктің Ku-диапазонындағы 28 транспондер орнатылған.

Қазір еліміздің әр түкпірінде бір миллионнан астам тұрғын үй «OTAU TV» желісіне қосылған. Демек, республикада шамамен 4 млн. шамасындағы адам осы қызметті пайдаланады. Көрермендер Қазақстанның барлық жерінде қосымша арналарды тамашалай алады. Міне, «Қазақстандық өнімді таңда!» қозғалысына қосылған телерадио хабарларды тарату саласы отандық өндіріске осылай үлес қоспақ.

Дархан ХҰСЫНОВ,

Атырау облыстық телерадио хабарларды тарату дирекциясының директоры.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*