Шетелдік компанияларда отандық мердігерлердің үлесі қандай?

Елімізде ірі мұнай-газ жобалары жүзеге асуда. Оның бюджеті 45 млрд. АҚШ долларын құрайды. Атырауда өткен «ҚАЗМҰНАЙГАЗСЕРВИС-2018: мұнай-газ құрылысы және инжиниринг» тақырыбындағы конференцияда ауқымды жұмыстардың орындалуы, қазақстандық бизнестің мүмкіндігі сөз болды. Осымен жетінші рет ұйымдастырылған алқалы жиынға 350-ден астам отандық, 70 шетелдік компанияның өкілі қатысты.

кашаган

Алпауыт компаниялардың келуі ел ертеңіне сенім орнықтырады. Мемлекеттік шарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылар үлкен тәжірибе, білім мен технологиясын әкелуі тиіс. Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, мұндай екіжақты қатынас қазақстандық үлесті арттыруға, ірі мұнай-газ келісім-шарттарындағы жергілікті құрамды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде Қазақстанның мұнай-газ сервис көрсету саласында мыңға жуық компания қызмет етеді, 170 мыңдай еңбек күші жұмылған. Жер қойнауын өңдеудегі мұнай-сервис қызметінің жылдық айналымы орташа есеппен 8 млрд. АҚШ долларына тең. Осы ауқымды бюджеттің негізі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ жобаларына тиесілі»,-деді Мәжіліс депутаты Берік Оспанов.

Аталған үш ірі оператордың еліміздің мұнай-сервис нарығындағы үлесі 75 пайызды құрайды. Мамандардың пікірінше, алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая түседі. «Осындай мүмкіндікті тиімді пайдалану – қазіргі күннің басты міндеті» дейді осы саланың мамандары.

Алайда, шетелдік компаниялардың ойынан шығу оңай болмай тұр. Мәселен, «Теңізшевройлдың» қазақстандық мердігерлерге қоятын талабы жоғары. Ол бойынша қызметкерлер құрамының Теңіз кен орнындағы жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Бұл жағдай білікті мамандардың отандық кәсіпорыннан шетелдік компанияға кетуіне жол ашады. Қазір осы олқылыққа жол бермеу бағытында жұмыс жүруде. Айта кетейік, ТШО-ның даму жобасында қазақстандық үлес 32 пайыз болуы керек. Оны бүгінде 37-ге жеткізу көзделуде.

«Бір пайызының өзі – 122 млрд. теңге. Бұл, әрине, қомақты қаржы. Біздің бұл шарадан күтетініміз көп. Қазіргі күні отандық үлесті бес пайызға ұлғайту бойынша іс-шаралар атқарылуда. Ол ел қазынасына түсетін қаражаттың көлемін салық және өзге төлемдер түрінде еселей түсетіні анық»,-дейді қазақстандық мұнай-сервис компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов.

Отандық мердігерлер қызметінде бірқатар кедергілерге кезігетінін жасырмайды. Мысалы, тендерлер көбінде жабық жағдайда өтеді. Шетелдік компанияларға артықшылық беріледі. Ал, жергілікті кәсіпорындарға бөлінетін қаржы теңізге тамған тамшы секілді. Осындай жағдайда қазақстандық құрылымдардың мүддесін қорғау маңызды болып тұр. Қазақстанның мұнай-сервис компанияларының одағы осы мақсатты көздейді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*