Шешімін күткен түйіндер

Жаңа жыл қарсаңында Атырау қалалық перзентханасында орын алған ана өліміне байланысты аймақтың бас дәрігері Аманбек Жұмыров облыстық мәслихат сессиясында түсінік берді. «Мәселе бойынша тәуелсіз сарапшылар жұмыс жүргізді.  Медицина қызметкерлері  тарапынан кемшіліктер бар. Заңсыздықтардың анықталуына орай мәселемен облыстық ішкі істер департаменті айналысуда» деді ол.

Шешімін күткен түйіндер

Төртінші сәбиін босану үшін Индер ауданынан облыс орталығына келіп көз жұмған Гүлдана Жекенованың артында үш баласы жетім қалды. 32 жастағы тұрғын дүниеге есігін ашып үлгермеген сәбиімен бірге жерленді.

Бір емес, бес жағдай

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров ана өлімінің жоғары деңгейде сақталып отырғанын жасырмады. «Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында ана өлімінің бес жағдайы тіркелді. Екі жағдай онкологиялық, үш жағдай инфекцияның ауыр формасы салдарынан орын алды» деп атап өтті ол. Осыған байланысты, төтенше жағдайлармен жиі кездесетін гинеколог, реаниматолог мамандар қайта оқытылып жатыр.

Сәби шетінеуі де жоғары деңгейде, Атырау жетінші орынға тұрақтайды. Мұның  25 пайызы туабіткен ақауға байланысты орын алып отыр. Сол себепті, облыстық перинаталдық орталыққа генетик-дәрігер қабылданып, генетикалық кабинеттің жұмысы жандандырылған.

12 мыңнан астам тұрғын тіркеуге тұрды

Жыл басынан бері 12 мың 541 атыраулық тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге тұрған. Оның ішінде 5892 азамат – тұрақты, 6649 азамат уақытша тіркелген. Бұл туралы мәлімдеген Атырау облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Асан Шалқаров  қолданыстағы заңнамаға әлде де өзгерістер енетінін хабарлады.

Баяндамашы алыс шетелден келген азаматтардың «Бүркіт» базасы арқылы тіркеуден өтетіндігін айтты. Ал, ТМД аумағының азаматтары халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелуі тиіс екен. «Өткен жылы облыс бойынша 52 мыңнан астам шетелдік тіркелді. Оның ішінде 36 мыңнан астам мигрант «көлеңкеден» шығарылып, 430 миллион теңге салық өндірілді» деген баяндамашы Асан Шалқаров шеттен келгендердің дені Қытай, Түркия, Үндістан, Өзбекстан елдерінің азаматтары екендігін хабарлады.

Сырттан келгендердің барлығы заңды бұзбай, тып-тыныш жүреді деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Өткен жылы бес мыңға жуық мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Көші-қон заңдарын бұзғаны үшін 1051 адам ел аумағынан шығарылған,  төрт қылмыстық іс тіркеліпті.

Еңбек заңдылығы неге сақталмайды?

Өндірісте алған жарақатынан өткен жылы сегіз адам қаза тапқан. Бұл туралы мәлімдеген Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырбек Ибрашев өндіріс жағдайында 49 жазатайым оқиға тіркеліп, 57 адамның түрлі дәрежедегі дене жарақатын алғанын айтты.

Еңбек дауы бойынша түскен арыз-шағымдар 122 заң бұзушылық фактілерінің анықталуына ықпал еткен. «Нәтижесінде 20 миллион 128 мың 290 теңге айыппұл салынды. Ал, еңбек заңдылығының сақталуы бойынша жүргізілген 503 тексеру жұмыстары кезінде 775 заң бұзушылық фактілері анықталды. Кемшіліктер еңбек заңдылығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау, халықты жұмыспен қамту салаларында анықталып отыр» деп атап өтті облыстың бас еңбек инспекторы Батырбек Ибрашев.

Мәжіліс барысында облыстық мәслихат депутаттары Сайын Қуанышев, Әлия Бекқожиева нақты ұсыныстарын ортаға салды.

 

Туберкулез  ауруы  15,1%-ға  төмендеді.

Соның  ішінде:

Балалар арасындағы туберкулез – 25,2%-ға, жасөспірімдер арасындағы туберкулез  2 есеге төмендеді.

Туберкулезден өлім көрсеткіші 20,7%-ға азайды.

 Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*