Шекара шебінде – қырағы күзет

Қай елдің болмасын, мемлекеттілігін айқындайтын оның шекарасы екені белгілі. Егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жия бастаған кезде ең басты мәселе осы еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ» деген болатын. Ата-баба аңсаған арманға қол жеткізген бойда Ұлт Көшбасшысы орасан жұмыстар атқарып, мемлекеттік шекарамызды заңдық тұрғыдан көршілерге ғана емес, халықаралық қауымдастыққа да біржола мойындатты. Сол уақыттан бері азат елдің айбарлы ұландары осынау аумағымызды көздің қарашығындай  қор-ғап келеді. Біз мерейтой қарсаңында Атырау шекара жасағына барып, әскери қызметкерлердің мерекелік көңіл-күйін біліп қайтқан едік.

%d1%88%d0%b5%d0%ba%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d1%88%d0%b5%d0%b1%d1%96%d0%bd%d0%b4%d0%b5-%d2%9b%d1%8b%d1%80%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d0%ba%d2%af%d0%b7%d0%b5%d1%82

Атыраудағы 2016 әскери бөліміне келген сәттен-ақ мұндағы қызметкерлердің қиын да күрделі қызметтерін сезгендей болдық.

Атырау шекара жасағының командирі, подполковник Мұхтар Қанабеков әңгімеміздің түп-төркінін шекарамыздың аумағынан бастады. Өйткені, бұл ведомствоның даму тарихы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы 15 мың шақырымнан асады, оның 12 мың шақырымы құрлықпен, 3 мың шақырымнан артығы Каспий және Арал теңіздерінен өтеді. 1991 жылдың екінші жартысынан 1992 жылдың шілдесіне дейін мемлекеттік аумағымызды күзету Қазақстан Республикасы шекара әскерлерімен жүзеге асты. Құрылғаннан бастап екі онжылдық ішінде шекаралық ведомство бірнеше күштік құрылымдарға бағынышты болды, – деген Мұхтар Әділханұлы күні бүгінде мемлекеттік шекараны күзететін күштен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі болып құрылғанын атап өтті.

– Тәжікстандағы әскери-саяси жағдайдың ушығуы, көрші елдердегі экстремистердің белсенділігінің артуы, заңсыз көшіп-қону мен контрабандалар, тоқсаныншы жылдардың соңында бұрынғы одақтас республикалармен шекараны бақылауды қамтамасыз етуді қажет етті. 1999 жылдың 1 желтоқсанында 1145 шақырымға созылған мемлекеттік шекараны сенімді күзететін біздің Атырау шекара жасағы құрылды, – деді ол.

Осынау уақыттан бері шекара заставасы даму кезеңінің бірнеше сатыларынан өтті. Мәселен, осыдан он бес жыл бұрын негізгі шекара жасағында ашылған сержанттық құрамдарды дайындау және қайта даярлау орталықтарынан бірнеше маман түлеп ұшты. Бұдан басқа, шекара жасағының әскери қызметкерлері әр жылдары түрлі медальдармен марапатталған. Ал, осыдан төрт жыл бұрын 7 мамырдың Отан қорғаушылар күні – халықтық мереке ретінде күнтізбеге белгіленуі әскери қызметші мәртебесін арттыра түскені даусыз.

Тағы бір білгеніміз, халықаралық терроризм, есірткі саудасы және шекарааралық қылмыстар жағынан қауіп-қатерлердің ұлғаюына байланысты бүгінгі күні барлық өткізу пункттері арнайы техникалық құралдармен жабдықталған. Ал, теңіз және құрлықты қашықтықтан бақылаудың заманауи жүйелері кеңінен қолданылып келеді екен. Шекаралық авиация, кемелер және катерлер, жедел топтар мен алдыңғы қатарлы техникалық бақылау бекеттері пайдаланылуда.

Күні бүгінде Ресей Федерациясымен бірлесе отырып, мемлекеттік шекараны күзетуде алты заставаның күші мен құралдары белсенді қолданылады. Жасақ құрылған уақыттан бері 67,8 шақырым сым темірмен қоршалып, металдан жасалған бес бақылау мұнарасы, демаркациялық 189 шекара белгісі орнатылды.

Иә, әскерилер қай уақытта да қадірлі әрі құрметті мамандық иелері саналады.  Қазір де солай. Өйткені, бейбіт күннің өзінде де шекарамыздың тыныштығын сақтайтын Отан қорғаушылар бізге өте  қажет. Ел егемендігінің 25 жылдығын қарсы алғалы отырған шекарашылар мереке күндерінде де мінсіз қызметтерін жалғастыра бермек.

Кеңес одағы кезінде одақтас республикалардың арасындағы шекара ішкі әкімшілік-аумақтық аумақ ретінде белгіленіп, тек карталарда ғана көрсетілетін. Оның бойында ешбір бөлу сызығы болмайтын. 1999 жылдың қыркүйек айында құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия Қырғызстанмен – 1242 шақырымды, Түркіменстанмен – 426 және Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтынын анықтады. Ал, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара болып саналады, оның жалпы ұзындығы – 7591 шақырым.

 Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*