Шегірткелер Атырауға да келіпті

…Бөлме терезесінің торын ашқанымыз сол-ақ еді, үйге шегіртке  кіріп  кетті. Тал түсте көп қабатты тұрғын үйде мұндай жағдайды күтпегендіктен бе, аздап абдырап қалғанымыз да рас. Кейін мән-жайды сұрастыра келе қалада шегірткелер көбейіп кеткенін білдік. Мәселенің мәнісін «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Атырау облысы Мақат аудандық филиалының басшысы Ізбасар Қабиев түсіндіріп берді.

Әттеген-ай!

Жалпы, Атырау қаласының маңында саяқ шегірткелердің төрт-бес түрі кездеседі екен. Жайылымдық және шабындық жерлердің қауіпті зиян-кестері ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуіне кері әсерін тигізбей қоймайтын көрінеді. Филиал басшысы Ізбасар     Ізғалиұлының айтуынша, олардың сан мөлшері жағынан күрт көбейіп кетуі «стихиялық апатқа» ұшыратады. Ал, биыл жазда жауын-шашын мөлшері-нің аз түсуі, ауа температурасының  жоғарылауы, құрғақшылық зиянкестің көптеп таралуына себеп болып отыр.

– Шегірткелердің үйірлі және үйір құрмайтын түрлері кездеседі. Алғашқылардың дернәсілдері бір жерге жиналып шоғыр құрса, ересек даралары үйірленеді, кейбір кезде  дара да тіршілік ете береді. Саяқ ше-гірткелер пайда болған жерінде ғана тіршілік етеді, ретсіз қозғала отырып біраз қашықтыққа дейін ұшады.

Олардың жаппай көбеюіне қолайлы ауа райы, тыңайған жерлердің көп болуы, агротехникалық шаралардың төмендеуі, малды интенсивті жаю және тағы да басқа факторлар әсер етеді.

Атырау қаласының шөл және шөлейтті аймақта орналасуы да әсерін тигізіп отырған жайы бар. Сонымен қатар, бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық болса шегірткелер жаппай көбейіп, астық тұқымдас шөптерді, шабындықты, бау-бақша өсімдіктерін, сондай-ақ, жеміс бақтарын зақымдауы мүмкін. Облыс орталығында аула іші мен оған іргелес жат-қан аумақтың құрғақ, арам шөптен мерзімінде тазартылмауы бұл зиянкестердің тара-луына әкеп соқтырды, – деген Ізбасар Қабиев тұрғындарға аталмыш жәндіктен қорқуға еш негіз жоқ екендігін ескертті. Өйткені, ол шақпайды, улы емес.

Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*