ШЕБЕРЛІК ШЫҢЫ – ШАБЫТТЫ ЕҢБЕКТЕ

 

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға байланысты. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстаз Аристотель» десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп кеткен екен. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Менің де өмірімде өзіндік орындары бар ұстаздарым бар. Олар – әр жылдары №18 Н.К.Крупская атындағы орта мектебінің білікті де білімді ұстаздары болған Сәруа Сарбаева, Алма Арбағұлова, Сәуле Кұлшиева, Бақыт Құрбанов, Қайша Шақшиева, Теңдеш Шманова, Ақкенже Досқалиева. Осындай жаны да, ары да таза ұстаздар шәкірт жүрегінде мәңгі орын алады. Мен олардың ұстаздық тағылымдарына әлі де бас иемін.

Мұғалім мамандығы – шабытты еңбек. Шеберлік шыңы – баланы танымның қызықты үдерісіне ендіру, ізденіске, жаңалыққа ұмтылдыру. Мұғалім өз міндетін орындау үшін қандай кәсіби қасиеттерді иеленуі тиіс? Жеке қызығушылықтары  мен қалауларына тәуелсіз шындыққа сүйену – нағыз адалдық пен рухани – адамгершілік қасиеттерін жетілдіру. Мұғалімге басты екі қасиет қажет: қарапайымдылық, өз кемшіліктерін ұғынуға және кемелденуге тілек. XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше, бізге ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн.

Айжан ҚҰЛНИЯЗОВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*