ШАРУАГЕРДІҢ ШЫРАЙЛЫ ШАҒЫ

– Өздеріңізге мәлім, биылғы 29-30 қыркүйекте қаламызда Қазақстан-Ресей ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының өткізілуіне орай облысымызға келген сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті агроөнеркәсіп кешені құрылымдарының жетекшілерімен кездесті. Сол сәтте Мемлекет басшысы аймақтың аграрлық секторында атқарылған жұмыстар және жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, оң бағасын берген болатын. Бұл үрдісте баршаларыңыздың да айтарлықтай үлестеріңіздің барлығы анық, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

– Осылайша, тек өткен жылдың өзінде облыстың ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жиынтық өнім көлемі 44,9 млрд. теңгені құраса, үстіміздегі жылдың соңында бұл көрсеткішті 51 млрд. теңгеге жеткізу межеленіп отыр. Ағымдағы жылы агросекторды дамытуға 3,2 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінсе, соның 800 млн. теңгесі ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялауға бағытталды.

Егістік жердің аумағы едәуір ұлғайтылды. Соның ішінде, картоп пен көкөніс дақылдарының көлемі алдыңғы жылға қарағанда 357 гектардан 3554 гектарға көбейтіліп, он есеге өсті.

Соңғы екі жылда «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы сметалық құны 7,6 млрд. теңгеге бағаланған 22 индустриалды жобаны жүзеге асыру жоспарланса, соның 10-ы немесе 45 пайызы агроөнеркәсіп кешенінің еншісінде. Бұлардың қатарында жалпы құны 4380 млн. теңгені құрайтын төрт бірдей құс фабрикасы, сонша сүт өндіру зауыты бар.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығында, бастапқы кезеңінде 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүнін өңдейтін, келесі сатысында дайын өнім шығаратын фабриканың (жобалық құны 485 млн. теңге) алғашқы кезегі іске қосылады. Сондай-ақ, көкөніс өнімдерінен құтыға салынған салат дайындап шығаратын шағын өндіріс орнын ашу, бұрынғыға (19 мың тонналық) қосымша, сыйымдылығы тоғыз мың тонна қойма салу жоспарға енгізілді.

Бұл жұмыстардың бәрі, сайып келгенде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің талапқа сай сақталуына, тауар өндірушілердің оларды тұтынушыға делдалсыз-ақ өткізуіне, ең бастысы, аймақтағы азық-түлік қорын нығайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта, Атырау қаласы әкімдігіне коммуналдық базар құрылысын жоспарлап, салу жөнінде тапсырма да берілді. Аманшылық болса, келер жылы атыраулықтар бұл бастаманың да игілігін көреді деп есептейміз. Басталған жұмыстардың жалғасатындығына, қолға алынған жобалардың межелі мерзімінде іске қосылатындығына сенімдімін, – деді облыс басшысы.

Аймақ басшысының құттықтауынан кейін марапаттау рәсіміне кезек берілді. Оларды иелеріне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі табыстады. Өңірдің агроөнеркәсіп саласын өркендетуге қосқан айрықша үлестері үшін «Нұрлы дала» агрофирмасының (Қызылқоға ауданы) директоры Мұрат Сарманов, «Уәли ата» шаруа қожалығының (Индер ауданы) мүшесі Гүлжамал Хайруллина, Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Салауат Нығметов, Қызылқоға ауданындағы «Данияр» шаруа қожалығының жетекшісі Салауат Жайғалиев және саладағы жетістіктердің жергілікті баспасөз беттерінде жүйелі жариялануына белсенді атсалысқаны ескеріліп, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Дәулетқали Аруев Атырау облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы саласының «Еңбек ардагері» медалімен «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Атырау филиалының аға ғылыми қызметкері Елемес Абдошев, Атырау қаласындағы «Меңдіғариев» шаруа қожалығының басшысы Қарабай Дабысов пен «Досқайыров» шаруа қожалығының (Махамбет ауданы) төрағасы Жеңісбай Досқайырұлы наградталды. Ал, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің (Құрманғазы ауданы) төрағасы Сабыржан Сұлтанов, «Қарағаев» шаруа қожалығының (Атырау қаласы) атқарушы директоры Айболат Рзиев және «Сарқұмақ» шаруа қожалығының (Қызылқоға ауданы) жетекшісі Алшын Омаров иеленді.

Салтанатты рәсімде 2014 жылдың қорытындысымен «Үздік ауыл шаруашылығы мамандары» деп танылған өндіріс озаттарының да есімдері аталып, ұлығыланды. Олар: «Үздік мал шаруашылығы құрылымының басшысы» – Жеңіс Абулхайыров, «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы (Құрманғазы ауданы); «Үздік егін шаруашылығы құрылымының басшысы» – Қоныс Ерманов, «Дастан» шаруа қожалығының басшысы (Махамбет ауданы); «Үздік мал дәрігері» – Нұрлыбек Сыдихов (Исатай аудандық ветеринария бөлімі); «Үздік сауыншы» – Майра Туриева, «Бірінші мамыр» ЖШС (Махамбет ауданы); «Үздік механизатор» – Манарбек Бижанов, «Ынта» шаруа қожалығы (Қызылқоға ауданы); «Үздік малшы» – Берік Салауов, Құрманғазы өндірістік кооперативінің түйешісі (Құрманғазы ауданы) және «Үздік ауыл шаруашылығы қызметкері» – Абай Ораев, Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың құттықтауынан соң Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиев атындағы «Озат шопан» жүлдесін тапсыру рәсіміне кезек берілді. Осы марапатқа лайық деп танылған Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің малшысы Әбіл Бегесіновке оны Сақан аға өз қолымен тапсырды.

Шаруа адамының мерейін тасытқан салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты.

Д.ЛАТИФҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*