Шаруа жұмысына шырай кіргізеді

«Аурудашаншу, сөзде қаңқу жаман» дейді қазақ атамыз. Ел ішін дүрбелеңге салып қоятын  алып-қашпа әңгімелер неден туындайды? Оның бәрі — заң нормаларын білмеудің, жеткілікті түсінік жұмыстарының жүргізілмеуінің салдары. Елбасы атап көрсеткендей, Үкіметтің алға қойып отырған мақсаты — ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарға, кәсіпкерлерге, фермерлерге жеке меншігіне жер алу мүмкіндігін туғызу.

Осы мәселе – талай жылдардан бері менің де көңілімді тыныш таптырмай жүрген сауалдың бірі. Мәселен, арамшөп басып кеткен егістік алқаптары бір кезде біздің аталарымыз бен әкелеріміздің табан ізі қалған, маңдай тері тамған жерлер емес пе? Ондай жерлердің иесі болу аз, киесіне де ұшырамау үшін еңбектенген дұрыс. Міне, түрлі өзгеріс-толықтыруларымен Жер кодексі қабылданып жатыр. Енді аз ғана уақытта күшіне енбек. Бұл Заңдағы ең басты нәрсе – ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған адамға оны дұрыс мақсатта пайдалануына ықпал жасау. 

Адамзаттың басты асыраушысы, негізгі байлығы – Жер-ананың ендігі жерде шын иесі табылады деген сенімдемін. Сонымен қатар, кез келген адам жерге ие бола алмайды. Ауыл шаруашылығына тиімді жерлер, ең алдымен, жеке және заңды тұлғаларға жекеменшік құқығымен жер учаскесінің кадастрлық құнын арттыруды көздейтін аукцион арқылы сатылмақ. Сатып алу тетігі де жеңіл-діктерге ие. Егер заңды дұрыстап, бүге-шігесіне дейін оқитын болсақ, онда шетел азаматтарына немесе шетелдік компанияға сату туралы ешқандай сөз жоқ. Сондықтан, жерлерді жалға алғанда бабын келтіріп, мол өнімге ие болатындай жағдай тудырған дұрыс.

Бүгінгі таңда жердің сатылуы, жалға берілуі – аса өзекті мәселе. Бұл орайда сан түрлі қайшылықты пікірлер де бар. Алайда, заңды оқымай, біреудің айтқан алыпқашпа сөзінің жетегінде жүруге болмайды. Жуырда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жер мәселесі туралы Елбасы: «Шетелдік азаматтарға жер сатылмайды, оларға тек жалға беріледі, жалға беру мерзімі ғана ұзартылған. Бұрын бұл мерзім 10 жыл болатын, бұл мерзім ішінде салынған қаржының қайтарымы болмайтындықтан ұзартылып отыр»,- деген болатын.

Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған, ұрпаққа мирас еткен жерге біз де көзіміздің қарашығындай қарағанымыз абзал. Егемендік алғаннан кейін өзіміздің шекарамыз шегеленіп, бекітіліп берді. Әр мемлекет өз жеріне ғана иелік ете алады. Сондықтан, «жер шетелдіктерге сатылады» деген арандатушылардың сөзіне еру — негізсіз.  Ал, жерді жалға беру, жоғарыда айтқанымыздай, ауыл шаруашылығын дамытуға, экономиканы көтеруге аса қажет қадам. Барлық елдерде де қолданылады. Әлемдік интеграциядан тыс өмір сүре алмайтынымыз ақиқат.

Өзім төрағасы болып табылатын «Құрманғазы» өндірістік кооперативі қазақтың қос өркешті түйесі мен құйрықты еділбай қойын өсірумен айналысады. Асыл тұқымды малдарға дұрыс жайылым, жем-шөп керек екені айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыда «Жер туралы» Заңның жаңа нұсқасына өзім де жаңашыл көзқараспен қараймын.

 

Сабыржан СҰЛТАНОВ,

«Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы, Құрманғазы ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*