ШАНДОЗ ЖЫР, ЖАНАРТАУДАЙ ЖАЛЫНДЫ ӨЛЕҢ…

 

Өкпелемеңдер, адамдар,

Ашуға барма, ағайын.

Жанымда жалғыз арман бар,

Дауасын дерттің табайын.

 

Сәлемге жүрсем жарамай,

Асқақтап кетті демеңдер.

Ақ көңіл, абзал ағадай,

Ақылың қажет кемеңгер.

 

Ашуға барма, ағайын,

Қиын да, бөтен жол шектім.

Азамат болып қалайын,

Ағадан қалған бөлшекпін,- дейді Жеңіс Аронов өзінің «Өкпелемеңдер, адамдар!» деген өлеңінде. Ақынның дерті – жыр, сөз патшасы өлеңнен жанына дауа іздейді, сол жолда адасады, шаршайды, жол табады. Жанындағы жалғыз арманы – қара өлеңнің шырағын маздату.  Рас, ақында басқа арман болуы мүмкін де емес.  Сан тарау өмір жолының соқтықпалы соқпақтарында «Ақ көңіл, абзал ағаның ақылын» сағынады, «азамат боп қалуға бел байлайды».

Атырау облысы, Новобогат ауданы, Забурын елді мекенінде 1945 жылы туған оның есімін «Жеңіс» атаған ата-ана оның өмірде де қиындықтарды жеңіп, жақсылықтың жаршысы боп жүруін іштей тілеген де шығар. Кішкентайынан Нарынның ұшы-қиыры жоқ құм тауларына қарап өскен ол әдебиетке аңсары ауып, кітапты жан азығына балады. Сөйтіп, құм елінің төгілте айтқан еспе жырларын жаттады, Махамбет поэзиясымен шыңдалды, намысын жаныды. Қырқыншы жылдары дүниеге келген өзге құрдастары секілді соғыстан кейінгі ел иініне түскен ауыртпалықты жастайынан көрді, жары соғыстан оралмаған жесірлердің мұңды өлеңдерінен, зарынан шер-наланы сезінді, ұлы соғыстан оралмаған шалдардың жаралы жүрегінен шыққан қасіретті түйсінді, перзентін күткен ананың қайғысына қабырғасы қайысты. Алайда, сол қырқыншы жылдардың перзенттерін ақын еткен соғыс салған жара еді десек те, артық болмас. Ақындардың тұтас бір буыны өртеңді жарып шыққан гүлге ұқсап, қазақ поэзиясына алып күшпен, жанартаудай сілкініспен келді. Солардың бірі – Жеңіс Аронов еді.

Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түскен жылдар ақын үшін үлкен бір өсу, шыңдалу кезеңі болды. Қасым Аманжолов сынды алыптардың ізі қалған Орал қаласы. Олар туралы естеліктердің әлі де ыстығы басылмай, жалыны бетке ұрып тұрған шағы. Алғаш әдебиет әлеміне беттеген талапты да талантты жастың Қасымдай жалынды да отты ақынға еліктеуі, сондай болсам деп армандауы айып па?! Көп ұзамай қазақ поэзиясынан өз әлемін тапты. Өзіне ғана тән қолтаңбасын қалдыра білді.

Бастауын сонау құздан алған бұлақ,

Жатырсың тасқа өрмелеп, жардан құлап.

Өзіңе құмар әсте,

Күрпілдетіп,

Дауысын табиғаттың сауған құлақ,- дейді ол «Бұлақ басындағы ой» өлеңінде. Тылсым табиғатпен үндесе отырып, оның қайталанбас сұлулығын шебердің тілі, кестенің бізі сала алмайтын өлең сөзбен өрнектейді. Туған жердің сұлулығына таңдай қаға тамсанады, осы бір ғажайып сәтті өлең жолына түсіреді.

Таңдардың шапақ нұрын

ала қашып,

Ақ толқын бір-бірімен

жағаласып.

Сыңғырлап сылқ-сылқ

күлсе,

Әуеніңді

Тыңдайды сырлы дүние – дара ғашық,- деп одан әрі сұлулыққа сұқтанады, әдемілікті әуелете жырлайды. Жақсылыққа жаны құштар ақынның нәзік жүрегін, періштедей пәк көңілін тануға болады осы бір өлең жолдарынан.

Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген ол мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Оның өткізген әр сабағы балғын жастардың әдебиет деген әлемге іңкәр болуына, кітапқа ес-түссіз ғашық болуына әкелгені рас. Алдындағы әр балаға халықтың ауыз әдебиетінен бастап, Абай өлеңдерін жаттатып, «Абай жолы» эпопеясын құшақтатып, Ғабит пен Ғабиденді бас алмай оқытты.  Шынында, ақынның қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруі – ғажап құбылыс. Талантты ұстаз ғана талантты шәкірттің бағын ашады. Алайда, жас мұғалімді көп ұзамай партия комитетіне қызметке ауыстырды. Жергілікті атқарушы органдарда ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Атырау облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында лауазымдық қызметте болды. Бірақ, өлеңді тастамады. Облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған жырлары оның елге ақын ретінде танылуына ықпал етті.

«Жалын» баспасынан шыққан «Балауса», «Атырау айдыны», «Көңіл әуендері», «Мерейлі мекен» сияқты коллективтік жинақтарға енгізілді.

Тербеген өн бойымды,

еркімді өлең,

Өлеңмен сұлулықтың

көркін көрем.

Жанартау жақпар тасты

сілкіндіріп,

Жігіттің жігерсізін желпіндірген, – деген жолдарды оқыған жанның серпіліп, жасарып, жаңғырып қалатыны анық. Жанына жақсылық нұрын сепкен шандоз жырға ақынның айтар назы мен базынасы да бар.

Ақын тұтас бір өлеңдер циклын Құрманғазы күйлеріне арнапты. Мәселен, «Балқаймақ» өлеңінде:

…Оралып орта жүздің

сапарынан,

Жүдеген сағыныштан,

аты арыған.

Бекетай, Нарын құмға

жеткен екен,

Арқалап домбырасын

ата Құрман.

 

Қандырды күй сусынға

Адай елін,

Жылады көзін сүртіп

талай келін.

Қонаққа қараша үйде

шәй құяды,

Қой көзді, оймақ ауыз, бұраң белің, – деп Құрман бабаның «Балқаймақ» күйінің шығу тарихына тоқталады.

Байлардың бас сұқпадым ордасына,

Кедейдің ортақ емен

олжасына.

Ізгілік, балқаймақтай

көңілі үшін,

Арнадым тоты құстың

баласына, – дейді тебіреніп

күйші жігіт.

«Кішкентай» атты өлеңінде бала Құрман мен Махамбет ақынның кездесуі суреттелген.

Күй төгіп домбырадан бала

Құрман,

Жинайды тыңдаушыны

ала қырдан.

Тартуы үлкен аға

Махамбетке

Қазақтың бір ұлына дара туған.

Көзінде от, көкірегінде сәуле бар бала күйшінің ағаға деген інілік ілтипаты  тау суындай арқыраған  жыр, шың басындағы ақ қардай асқақ сезімдермен тоғыса келе  күйге айналыпты.

Мұңды әуен сиқырлы үнмен

сыр ақтарып,

Қалады жігерленіп,

қуаттанып.

Намыспен ақ найзалар

айқасады,

Жігіттің балғын даусы

сияқтанып.

 

Назды күй бебеу қағып

өткен жайдан,

Демеші, қашқын бала келдің

қайдан?!

Күй шанақ көкірегіне

тіл бітірген,

Ұлылық басталыпты «Кішкентайдан», –  деп толғанады ақын. Құрманғазы күйлерін орындаушы Ғ.Қайрошовқа арнаған «Арба соққан» өлеңі де өнер тақырыбын көтерген. «Арқаға барсаң, әншімін деме, Атырауға барсаң, күйшімін деме» дегендей, ақын Жеңіс Ароновтың күйге деген ерекше іңкәрлігі оның аңқылдаған ақындық мінезіне жарасып тұрғандай. Алай-дүлей көтерілген дауыл сияқты адам көңілін әрі-бері ұйтқытып, жан-дүниені сапыра жөнелетін Құрман баба күйлері мен ақын жырлары жарастық тапқандай.

Ақтөбе қаласындағы «А-Полиграфия» ЖШС баспасынан 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығының ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуіне орай «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен шығарылған «Нұр сәуле» өлеңдер, әңгімелер, новеллалар жинағы — ақын жанының айнасындай. Бүгінде жетпіс жастың желкенін керген ақын әлі де жырдан қол үзген жоқ. Сонымен қатар, өлке баспасөзінің дамуына да өз үлесін қосып келеді. «Мерейлі мекен» атты журналдың бас редакторы «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қоғамдық қорының төрағасы қызметін абыроймен атқаруда. Біз де ақынға жасынан жаны ғашық болған жыр тұлпарымен желдей ұйтқытып, өлеңімен жұртының  шөлін қандыра беруін тіледік.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*