Желідегі жалған жаңалықтардан сақ болыңыз!

zhalgan ZHANALYQTAR 1 e1517998581732 Жаңалықтар

Біздің жастық шағымызда ұялы байланыс деген атымен болмады. Соған қарамастан жас жігіттер мен қыздар бір-бірімен танысып, кездесуге шығып, шаңырақ көтеріп жататын. Ал, қазіргі жағдай мүлдем басқаша: жастар бірін-бірі көрмей-ақ танысады, кездесуге шықпай-ақ сырласады. Осылайша біріне-бірі ғашық болады, шаңырақ көтереді. Үйден шықпай киінеді, сауда-саттығын жасайды. Қажет тағамын алдырады. Коммуналдық төлемдерін өтейді. Бір сөзбен, интернет арқылы бар шаруасын тындырады. Алайда…

Желідегі жалған ЖАҢАЛЫҚТАР

Осыншама рахат өмір сыйлап жатқан әлеуметтік желінің, шыны керек, «әттеген-ай» тұсы да жоқ емес. Ең алдымен, ол – елге іріткі салуға бағытталған, халықтың шынайы алаңдаушылығын тудыратын хабар-ошарлар. Бұлардан кейін көпшілікті түрлі мекемеге еріксіз алып баратын «салық көлемі өскелі жатыр», «балалы отбасыларына жәрдемақылар беріледі», «көп балалылар баспаналы болады», «бос жұмыс орындары шақырады» дегендей жалған ақпараттар. Өзінің ұялы телефонына осындай хабарлама келген қай адамның да жайбарақат отыра алмайтыны рас. Ішінен «үлгерсем жарар еді» деп, белгілі мекемеге жеткенше асығады. Барса, онда өзі секілді сабылған жұрт, бәрі әлеуметтік желімен жеткен хабарлама бойынша келген. Ал, мекеме қызметкерлері күнделікті тірліктерімен отыр: «Біз ештеңе естімедік, ешқандай нұсқау болмады»  дейді.

Соңғы жылдары бүкіл елді дүрліктіретін «ана мектептен қауіпті зат табылыпты», «вокзалды жарғалы жатыр», «ұшақ ұшпайтын болыпты» дегендей хабарлардан құлақ тұнатын болды. Оны хабарлаушылар жедел іздестіру шаралары нәтижесінде табылып, өз жазаларын алып та жатыр. Бірақ, неге екенін білмедік, осындай қауесет хабарды жеткізуге ақыл-есі дұрыс, саналы адамның «қызық» үшін баратыны түсініксіз. Заң алдында барлық азамат бірдей десек, осындай жалған хабар таратушының тиісті жазасын алып жатқанын да көріп жүрміз. Айталық, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өкілдерінің мәліметіне сүйенсек,  Қылмыстық  кодекстің  131-бабы («қорлау») бойынша 89 адам сотталған. Сондай-ақ, тағы жиырма кісі әлеуметтік желіде келтірген жөнсіз сөздері үшін сотталып кеткен. Олардың ішінде ел тыныштығын бұзуға әрекеттенушілер, терроризмді, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-таптық және діни алауыздықты насихаттаушылар бар. Ал, билік өкіліне тіл тигізіп, балағаттаушы азамат екі жүз мың теңгенің үстінде айыппұл төлеп, әрең дегенде құтылған.

Қазіргі жұртқа не болғанын білмейсіз, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз болды – «анау қайтыс болды», «мынау аса ауыр жол-көлік оқиғасына түсті» деген жалған ақпараттан тұнып тұр. Бұл, сөз жоқ, нағашы мен жиеннің қалжыңынан да асып барады. Еліміздің жаңа қылмыстық кодексінде осындай қауесет тарату үлкен қылмыс екендігі, оның иесі жазасыз қалмайтыны жайында жақсы жазылған. Тіпті «жалған мәлімет тарату» ең ауыр жаза ретінде қарастырылып, сол азаматты екі, бес, он жылға дейін бас бостандығынан айыруға болатыны туралы да айтылады. Тағы да сол – жұрт айылын жияр емес, өсек пен өтірікті қарша боратып жатыр. Бұларға қоса  «Осыны он адамға (кейде он бес-жиырма!) таратсаң, бай болып, барша мұратыңа жетесің. Таратпасаң, өз обалың өзіңе – сорлап қаласың! (мүгедек боласың, өлесің!)»  дейтінін қайтерсің. Ең қызығы, көпшіліктің әскери бұйрық естігендей, осыны қалтқысыз орындайтынын айтыңыз!

Шетелдік ғалымдар ең танымал, ең көп тараған бес әлеуметтік желіге терең талдау жасапты. Олар – YouTube, Twitter, Facebook, Snapchat, Instagram. Сонда белгілі болғаны – бұлардың қай-қайсысы да адам миына, сана-сезіміне түрлі дәрежеде әсер етеді. Осы желілерден түрлі ақпар қабылдаған жанның бірінің қан қысымы көтеріліп кететін болса, екіншілерінің түн ұйқысы бұзылған. Ал, енді бірі  керісінше, түк көрмегендей, естімегендей, оқымағандай кейіпте болады екен. Ғалымдар бұдан өмірдегі түрлі оқиғаларға сену-сенбеу, пікір қосу-қоспау, бір сөзбен, араласу-араласпау жеке тұлғаның өзіне, табиғаты мен мінез-құлқына байланысты болады деген қорытындыға келген.

Әлеуметтік желі – бүгінгі жаңалықтың қайнар көзі. Онымен танысып отыру, ой бөлісу қате емес. Дегенмен, оның екінші біреуге зияны тимейтін жағын да қадағалау керек. Сөз – киелі, сондықтан оны оңды-солды шашып, ысырап етпелік.

Лиза  СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз