Терможаңғырту – уақыт талабы

20180724 110344 Жаңалықтар

Атырауда басталған терможаңғырту бағдарламасы бойынша сегіз көп қабатты тұрғын үй жөнделіп, тамыз айында пәтер иелері кооперативтеріне тапсырылады. 

20180724_110344

Биыл терможаңғырту жұмыстары Қ.Сәтбаев көшесі, Авангард пен Вокзал маңы ықшамауданында басталды. «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС басшысының орынбасары Рүстем Қабдолдың айтуынша, қазір Авангард-2 ықшамауданындағы №15 үйде жөндеу жұмыстары аяқталып отыр.

Үйдің шатыры, электр жүйесі ауыстырылып, кіреберістер әктелді. Домофон орнатылып, жертөле құрғатылды, ыстық және суық су құбырлары жөнделді. Мердігер мекеме тарапынан кәріз құбырлары мен кіреберіс терезелері ауыстырылып, жылу есептегіштер орнатылған. Бұл тұрғындардың жылу шығынын үнемдеу үшін өте тиімді. Үйдің қасбеті толық боялып, балконның сыртқы жағы металпрофильмен қапталды, – дейді ол.

Сонымен бірге, қайтарылған қаражат есебінен облыс орталығындағы төрт үйді жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда да барлық коммуникация желілері мен шатыр жабындысы жаңартылады. Ертеректе салынған алты үйге жеделсаты орнату  жоспарда бар.

«Жыл соңына дейін 13 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өтеді. Оның жетеуінде коммуникация желісі жаңартылса, Б.Момышұлы көшесіндегі үш үйге, Қ.Сәтбаев көшесіндегі №52, 54, 56 үйлерге жаңа лифт орнатылады», – дейді Р.Қабдол.

Биыл терможаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға қалалық бюджеттен 430 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазірге дейін оның 70 пайызы игерілді.

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз