Көшеге – Пыштанай батыр есімі

K shege Pyishtanay batyir esimi 2 Шаһар шырайы

Облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен қаулы-шешімімен Атырау қаласының Самал мөлтекауданындағы №18 көшеге Ер Қосайұлы Пыштанай батырдың есімі берілді.

????????????????????????????????????

Ол 1693-1793 жылдары өмір сүрген, ғасырлық ғұмыр кешкен аруақты батыр, Қазақ мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігі, халқының азаттығы мен еркіндігі жолында жанқиярлықпен күрескен, елі мен жерін сыртқы жаулардан қорғаған даңқты қолбасшы. Аңырақай шайқасында Қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр ханның Мыңбасы, әрі Ту ұстаушысы болған. Маңғыстауды, Еділ мен Жайық аралығын басқыншылардан азат ету шайқастарына қатысқан. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерде Пыштанай Дат батырдың әкесі Шолан батырды хан тұқымы торғауыттарымен бірігіп алдап, Нарында өлтірген күні дүниеге келгені айтылады. Түске дейін ел қорғаны, қамқоры, панасы болған батырының өлімін естіп, қамықса, түстен кейін бітімі ерекшелеу, алып тұлғалы ұл баланың өмірге келгенін естіп, жақсы ырымға жорыған. Пыштанай найза мен семсерді, айбалта мен шоқпарды шебер меңгерген, садақпен және мылтықпен құралайды көзге атқан мерген болыпты.

Ерсары-Пыштанай батырдың мүрдесі қазіргі Қызылқоға ауданының аумағындағы бұрынғы «Тайсойған» әскери полигонымен шектес «Беріштам» деген жерде жатыр. Ұрпақтары 2010 жылы батыр баба жатқан жерге белгі-қоршау орнатты. 2013 жылы «Ерсары-Пыштанай батыр» қоғамдық қоры құрылып, бертінде оның бейіті басына керемет кесене тұрғызылды. Енді міне, Атырауда батыр есімі көшеге беріліп отыр.

Көшенің бастау тұсына керілген рәміздік лента қиылып, батыр аруағына құран бағышталды.

Дәулетқали АРУЕВ,

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз