«Біз көмектесуге әркез дайынбыз» дейді «НКОК» компаниясының қамқор ұжымы

Biz k mektesuge rkez dayyinbyiz Шаһар шырайы

Солтүстік Каспий жобасының операторы «North Cаspian Operating Company» (НКОК) компаниясы өткен жылы Атырау қаласында Консорциумның Демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы аясында жүзеге асырған 25 жобасын қорытындылады.

Біз көмектесуге әркез дайынбыз

Сұранысқа сай қызмет

Аталған бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және қайырымдылық бағытында жергілікті халықтың қажеттіліктері мен сұраныстарын өтеуге мүмкіндік береді.

Жүзеге асырылған жобалармен танысу рәсімі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Атырау облысының Параолимпиадалық дзюдо федерациясы студенттеріне арналған IX Республикалық спорт фестивалінің ашылу салтанатынан басталды. Айта кетейік, компания тарапынан федерацияға кимоно мен татами ұсынылған болатын.

Одан әрі, шара Ғ.Айдаралиев атындағы Атырау облыстық шахмат федерациясында жалғасын тапты. «НКОК» компаниясы ұсынған жаңа жабдықтар мен шахмат ойынына арналған құралдар балалардың дамуына ықпал етеді.

Осыдан кейін шараға қатысушылар Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болды. Бұл мекеме де компания демеушілігімен медициналық жабдықтар – ота жасауға арналған «SOM» микроскобы мен өзге де қажетті құралдарға қол жеткізген.

Алғыс арқалаған сәт

Шаралар легінің негізгі бөлігі Атырау қаласындағы «Ренко» қонақүйінің мәжіліс залында өтті. Оған денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру және қайырымдылық ұйымдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Мақат аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова, Индер аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері және Атырау қаласындағы Геолог емханасының бас дәрігері Әсия Нарымбаева және басқалары бар. Өз кезегінде олар «НКОК» компаниясына жергілікті халықтың  тұрмысын жақсартуға көрсететін қолдауы, өңірдің өркендеуі мен гүлденуіне қосып келе жатқан үлесі үшін ризашылықтарын білдірді. Ал, Б.Момышұлы атындағы орта мектеп оқушылары көпшілік назарына музыкалық қойылым ұсынды.

– Компанияның демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған жобаларды осылай салтанатты түрде табыстау шаралары игі дәстүрге айналды. Консорциум өз қызметін жүзеге асыратын аймақтардағы жергілікті халыққа қолдау көрсету жөніндегі міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Бүгінгі шара соның бірден-бір дәлелі, – деді компанияның мемлекеттік органдармен қарым-қатынас және сыртқы байланыс жөніндегі менеджері Жағыпар Егізбаев.

 Берсең, балаға бер

Компанияда 12 жылдан астам уақыт бойы игі дәстүр қалыптасқан. Бұл – Атырау, Маңғыстау облыстарындағы аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ, оқуда озат және түрлі білім бәйгелері мен өнер байқауларында топ жарған оқушыларға жазғы лагерьде демалуға жолдама беру. Мәселен, былтырғы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында атыраулық жүз бала «Бурабай» шипажай аймағында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында тынығып қайтты. Оның жартысы облыс орталығынан, қалғаны Мақат ауданынан келген. Компания басшылығы оларды бұл жерге ұшақпен жеткізуді ойластырыпты.

Аталған демалыс орны осыдан тура 15 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қырымдағы «Артек» халықаралық балалар орталығының қазақстандық баламасы ретінде құрылған. Шортанды көлінің жағасынан орын тепкен лагердің табиғи-климаттық жағдайы баланың денсаулығын жақсартуға септігі мол. Мұнда сұлу табиғат аясында таза ауамен тыныстап, тау бөктерінде өскен қайың, емен, шырша теректерінің саясында серуендегенге не жетсін?! Қылқанжапырақты орман алқабы алыстан көз тартады.

Әлеуметті ойлайтын әлеуетті мекеме

Жалпы, Солтүстік Каспий консорциумы – бүгінгі қоғамдағы ең белсенді мұнай компанияларының бірі. Мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы игі бастамаларына әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Соңғы 18 жыл ішінде тек Атырау мен Маңғыстау облыстары бойынша әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларға 570 миллион АҚШ долларынан астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде, 187-ден астам жоба жүзеге асырылды.

– Консорциумның демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және мәдени мұра, спорт салаларына қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, бағдарлама аясында тұрмыс деңгейі нашар отбасыларға көмек көрсетіліп, жыл сайын балалар өмірін жақсарту үшін түрлі шаралар өткізіліп келеді, – дейді Жағыпар Егізбаев. – Сондай-ақ, мектептердің көлікке мұқтаж екенін  ескеріп, жаңа автобустар сыйлау туралы шешім қабылдадық.

Сол сияқты, компания инфрақұрылымды дамыту мен әлеуметтік қолдау бағытында жыл сайын қомақты қаржы бөліп отыр. Өткен жылы 13,3 миллион АҚШ долларын құрайтын 17 әлеуметтік жоба іске асты. Бұл бөлінген қаражат мектеп, балабақша, аурухана, спорт ғимараттарын салуға, жол, инженерлік қамту, электр жүйелерін тарату мен су құбырларын жүргізуге, жергілікті халық үшін пайдасы зор инфрақұрылым нысандарының құрылысына арналған.

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз