Басқа салғанға байыппен қара!

39257096cb246170d366a7a750ad8f57 resize w 520 h "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Әрбір адам өзінің жасаған күнәсына, адамдарға жасаған қиянатына, айтқан сөзі мен әр басқан қадамына қарай тірлік кешері ақиқат. Қаншама бай болса да, лауазым иесі болса да біз білмейтін он сегіз мың ғаламның заңдылығы өз таразысына тартқан кезде байлық та құмға сіңген судай тартылып, лауазым биігінен төмен қарай құлдырата құлататынын көріп те жүрміз. Ендеше, өз көзімізбен көріп, куә болған оқиғаларды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

39257096cb246170d366a7a750ad8f57_resize_w_520_h_

1.«Тағдырмен ойнайтындай сен кім едің?!»

Тастанды балалар жайын естіген кезде бала күнімізде куә болған бір оқиға көз алдымызға келе қалатыны бар. Ауылда қатты беделді бір атамыз болған. Алдында бала тұрмаған соң көрген  ұлына орысша есім берді. Өте балажан кісі еді. Ұл ержетті, ауылда өзімен қатар бір қызды ұнатты.  Ұзын сөздің қысқасы, қыздың аяғы ауырлап қалыпты. Ал, жігіт болса, басқа қызға көзі түсіпті-мыс. Үйленбейтінін айтып, ат-тонын ала қашатын көрінеді. Ауылда сөз жата ма, жағалап әлгі жағдай атамыздың да құлағына тиеді ғой. Ашуға булығып, құдайдан тілеп алған ұлын аттың бауырына алып, қамшымен шықпыртып: «Біреудің баласының тағдырымен ойнайтын сен кімсің?!» деп ақыры үйленуге көндіргенін ауылдың үлкен-кішісі таңдайын қағып, айтып жүретін.

Бүгінгі таңда ол шаңырақ үйлі-баранды, ұлдары ержеткен, қыздары бойжеткен үлкен әулетке айналған. Кім біледі, сол кезде атамыз әлгі жел сөздерге мән бермей, ұлын әлгіндей етіп қатаң жазаламағанда дәл осындай өнегелі ұрпақтар өсер ме еді? Бұның өзі – барлық ұл тәрбиелеп отырған әкелерге үлгі-өнеге болатын қадам. Қазіргі таңда сол атамыз сияқты ұлына сөзін өткізетін әкелер де азайып бара жатқаны қынжылтады.

  1. Жаратқанның сыйы

Өсіп-өрбіген өнегелі әулетте үш ұл, бір қыз өсіп жатқан еді. Ата-ана «арпа ішінде бір бидай» деп қызына шаң тигізбей, өбектейтін. Қыз бойжетті. Қатарының алды болды. Жоғары оқу орнына түсті. Өзі құралыптас жігітпен кездесті. Бір тәтті түс сияқты еді. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан жігіт айнып шыға келмесін бе? Ал, қыздың аяғы ауыр. Сол кезде ата-ана шешім қабылдады. Қыздарына күнәсіз періштені дүниеге әкелуге рұқсат берді. Сәби жарық дүние есігін ашқан кезде оны өздерінің бесінші баласы етіп бауырларына салды.

Кейіннен ол бойжеткен магистратура бітіріп, ғылым жолына түсті, өмірлік серігін кездестірді. Бүгінде бақытты отбасының отанасы. Ал, ата-анасы бауырына басқан тұңғышы да өсті, жоғары оқу орнының студенті. Ата-ананың бауыр еті – баласына деген махаббаты бәрін жеңді. Ал, қыз бала болса, қателігінен сабақ алып, өз өмірін қайтадан бастады, жаңа арнаға бағыттады.

Әсіресе, ана мен қыз бала арасындағы сырластық пен сыйластық керек-ақ, сонда ғана барлық келеңсіздіктің алдын алуға болатыны күмәнсіз. Қателігін бетіне басып, үнемі ұрсып, жекіп сөйлеу де баланы жасытады, өзіне деген сенімнен айырады. Сондықтан,  жасөспірімді түсініп, оның басқан әр қадамына тілеулестікпен, қамқорлықпен қарап, ақыл-кеңес беріп отыру, қателігін кешіру – әр ананың парызы.

3.Мықтылық

 Бір мектепте, бір сыныпта оқыған екі жастың достығы сүйіспеншілікке ұласып, ақыры отау құруға әкелді. Бақытты да тату-тәтті жас жанұяға ауылдастар қызығумен қарайтын. Өмірге іңгәлап тұңғыштары келді. Өмір дегеннің өзі сынақ. Бұлардың да басына қиын-қыстау күндер төнді. Ойламаған жерден атпалдай азамат қаза болды. Соңында жас жарымға енді ғана жеткен, жаңа ғана «тәй» басып, былдырлап жүрген ұлы мен екінші балаға аяғы ауыр жары аңырап қала берді.

«Тірі адам тірлігін етеді» деген ғой, әжесі мен ана мейірімін көрген қос ұл өсіп жатты. Мектепке барды, жоғары оқу орнын тәмамдады. Екеуі де қызметке тұрып, жақсы маман атанды, үйленді. Әрине, осының бәрі өздігінен болған жоқ. Ол үшін аналары бар өмірін сарп етті, жарының шаңырағын ұстап, ошағының отын сөндірмеген қазақ әйелі енесін де бақилық сапарға өз қолымен аттандырды. Бүгінде немерелерінің әжесі атанып, қос келінін жұмсап ұлдарының қызығына бөленуде. Міне, қазақ әйелінің шыдамы мен төзімі, ақылы мен парасаты дарыған ана деп осындай жандарды атаса керек-ті. Қазіргі таңда «Өмір қайта айналып келмейді» десіп, баласы мен күйеуін тастап, «жаңа бақыт» іздеп жүрген қырық бес-елуден асып кеткен әйел-аналар да арамызда жүргені шындық. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы да!

 

Гүлзада Ниетқалиева

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз