Шабындық іздеген шаруалар

Биылғы апшыны қуырған ыстық пен құрғақшылық шаруа  адамына қолайлы болмай тұр. Өңірдің жайылымдық және шабындық алқаптарында тұтанған тоғыз өрт оқиғасынан жалпы ауданы 93 мың гектарға жуық жер отқа оранды.  Бұл,  әсіресе, облыс орталығынан шалғайдағы Қызылқоға ауданының шаруагерлері үшін айтарлықтай қиындық туғызды. Сондай-ақ,  Құрманғазы ауданындағы ағайынға өр суының қайталап келуінің де оңай тимегені анық. Дегенмен, шабындық іздеген шаруагерлер алдағы қысқа қажетті  жем-шөпті молынан  дайындап үлгере ме?
opros-2016-340x178

Қайырғали БАЗАРБАЕВ,

Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Шабындық жерінің дені өртке шалынған Қызылқоға ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары  Тасшағылдағы Рак учаскесінен, көздіқаралықтар Керей учаскесінен, сондай-ақ, Жамбыл ауылдық округіндегі «Үсен» шаруа қожалығының шабындық алқабынан жем-шөп дайындауда. Сол сияқты, Сағыз ауылдық округінен «Жаңа қора» шаруа қожалығы Мұқырдағы «Сарқұмақ» ШҚ-ның жерінен мал азығын әзірлеуде. Ал, «Нұрлы дала» шаруа қожалығы көршілес Ойыл ауданының (Ақтөбе облысы) Құрман ауылдық округі аумағындағы шабындыққа шалғы түсірді.  Алдағы қысқа қажетті мал азығының көлемі 150 мың 866 тоннаны, нақты дайындалатыны 132 мың 383 тоннаны құрап отыр.

 

Жастілек ХАСАНОВ,

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары:

– Бізде өзен суының ең жоғары және қауіпті көтерілу деңгейі үш метрге жуықтайды. Су көп келгенімен, бұл көрсеткіш биыл 271 сантиметрге тұрақтады. Сөйтіп, Ресей жақтан жеткен судың көлемі 105 шақырым/текше метрден асып жығылды. Мөлшері жөнінен биылғы су  былтырғыдан аздау болғанына қарамастан, өзен арнасын толтырып, сай-салаға жайылып кеткен-ді. Таяуда жоғарыдан қайталап келген су енді ғана дегдіп, ораққа іліне бастаған шабындық алқаптарды қайта басты. Мұның өзі ауылдағы мал азығын дайындау жұмыстарын уақытылы жүргізуге қолбайлау болуда.

 

Алшын ОМАРОВ,

Мұқыр ауылдық округіндегі «Сарқұмақ» шаруа қожалығының жетекшісі:

 – Соркөл елді мекенінің маңында орын алған өрт кезінде төрт бірлік техника және бірнеше жұмысшыларымызбен оны сөндіруге атсалыстық. Тракторларымызбен лаулай жанып, алға қарай бой бермей өршіген өрттің алдын орадық. Сөйтіп, осы учаскедегі жайылымдық, шабындық жерлерді «тілсіз жаудан» аман алып қалдық.

 

Серік АЛҒАЯЗОВ,

Нұржау ауылдық округіндегі «Алғаязов» шаруа қожалығының жетекшісі: 

– Мал азығын дайындайтын уақыт өтіп барады. Шабындықтар ылғалдан толықтай арылмай, шаруамызға қиындау соғып тұр. Әзірге суы кеткен биіктеу, құрғақтау жерлерді шауып жатырмыз. Әйтсе де, билік басындағы азаматтар  көршілерден өр суын тоқтатуды сұрамаса, мәселенің түпкілікті шешілмесі анық. Оның үстіне, кейбір ағайындар дайындаған шөптерін көршілес ауылдарға сатып жіберуде. Әрине, бұл дұрыс емес деп есептеймін. Алдымен, өзімізді жарылқап алуымыз керек.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*