Үш ауысымдық мектептер жойылады

Атырау қаласында жыл аяғына дейін жаңа екі мектептің құрылысы аяқталып, тапсырылады. Ал, жуырда ғана Нұрсая ықшамауданынан  бой көтере бастаған  900 орындық білім ордасы келесі  оқу жылында пайдалануға беріледі. Осылайша, жаңа білім нысандарының ашылуы нәтижесінде 2020 жылға дейін үш ауысымдық мектеп мәселесі жойылады. Бұл туралы Атырау қалалық білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Үш ауысымдық мектептер жойылады

Аталған бөлімнің басшысы Фаруза Шангерееваның айтуынша, бүгінде облыс орталығында үш ауысымда оқытылатын 13 мектеп бар. Мұның барлығын қосқанда ғимарат сиымдылығы 7222 балаға арналған. Алайда, қазір 23378 оқушы білім алып жатыр.

«Нұрсая, Жұлдыз, Алмагүл, Тасқала ықшамаудандарында мектеппен қамтылатын оқушы санының көбеюіне байланысты орын тапшылығы байқалып, биыл білім беру ұйымдарының жеткіліксіздігінен үш ауысымдық мектептер саны артты. Мәселені жою мақсатында 20 мектеп салу жоспарланды. Күні бүгін оның  бесеуінің құрылысы басталды. Ал, сегіз білім нысанын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салу жоспарланды. Тағы сегізінің жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда», – деді Фаруза Ғарифоллақызы.

Бүгінгі күннің басты мәселесінің тағы бірі – кейбір мектептердегі оқушы формасының сақталмауы. 2018-2019 оқу жылы бойынша мектеп формасын сақтамай отырған жеті дерек тіркелді. Бұл туралы мәлімдеген Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек Абдолов оқушыларға қатысты жинақталған тиісті құжаттар заңдылық негізінде облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне  жолданып, бес айлық көрсеткіш көлеміндегі айыппұл  қолданылғанын айтты. Сондай-ақ, жиында оқушылар тасымалы, ыстық тамақпен қамту, материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары туралы баяндалды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,

Суретті  түсірген: Рахим ҚОЙЛЫБАЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*