Ұшқан ата жайлы үш дерек

Атырау – қасиет  қонған, киелі жерлерге  бай  өлке. Мәселен, республикалық деңгейдегі  –  Ұшқан  Ата,  Сарайшық  қаласының орны,  Ақмешіт (Ақмешіт-Бекет) және Махамбет батырдың жерленген жері сынды тарихи, мәдени ескерткіштердің өлке тарихы үшін орны бөлек.

ҰШҚАН АТА жайлы үш дерек4

Ұшқан (Ұшқан Ата)Жылыой ауданы аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіш, ертедегі қалашықтың орны, зираттар қорымы, бейіттер кешені (некрополь). Аудан орталығы – Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысына қарай 50 км жерде орналасқан. Қорым ежелден келе жатқан облыстағы сәулеттік ескерткіштердің бірі, әрі Жылыой ауданындағы қорымдардың ең көнесі. Алғашқы қабірлер мен ескерткіштер ХІV ғасырдан бастап қойылған. Соңғыларын орнату ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан.

Ол  Алтын Орда дәуіріндегі жергілікті атауы әзірге белгісіз бір қалашықтың жанында тұрғызылған, оны италияндықтардың ХVІ ғасырдағы картасында «Тристарго» қаласы деп көрсеткен. Қалашықтың айналасында қыш күйдіріп, құмыра жасайтын пештер мен шеберханалардың қалдықтары сақталғанмен кейін тоналып, қиратылған. Алтын Орда тұсындағы шақалар табылуда. Кеңестік-мәскеулік археолог Л.Галкин қаланы «ХІV-ХV ғғ. салынған, ол қолөнер қаласы емес, «әулиелі» жер ғана» деп есептейді.

Сондай-ақ, бұл жерде Орта Азиядан Шығыс Еуропаға баратын сауда керуендерінің ең басты жолы – Ескі Ноғай жолының бір бекеті тұрғызылып, жүйелі жұмыс жасаған көрінеді. Орыс ғалымы А.Левшиннің дерегіне қарағанда, аталған жолдың Сарайшықтан Үстірттегі Қос құдыққа (Мыңсуалмасқа) баратын солтүстік тармағы бойындағы Тасқұдық пен Сағыз өзеніндегі Таскешу көпірімен, Қайнар бұлағымен, Жем өзенінің жолындағы Бақашы әулиемен бірге Ұшқан да болыпты. Осы мақсатқа сәйкес мұнда ірі керуен сарай орналасқан. Аталған жол тармағы 1803 жылы Орынбор кедені тарапынан зерттелінген кезде бұл жерден де бұрынғы ірі керуен сарайдың қиранды қалдықтары табылады. Керуен сарайдың құрылысына күйдірілген шаршы тұрпатты кірпіш қолданылған. Кеңестік археолог М.Меңдіқұловтың пікірінше, бұл кірпіштердің ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы төменгі Жайық бойының саудалық және саяси орталығы болған, күйдірілген кірпіш өндіру ісі біршама тәуір ұйымдастырылған Сарайшық қаласынан тасылып әкелінген болуы мүмкін.

Ал, қорымның пайда болу тарихы туралы бірнеше аңыздар қалыптасқан. Біреуінде мұнда Ұшқан Ата деген әулиенің жерленгендігі айтылады. Көріпкел, ғалым болған бұл адам өз ағайындарының бітіспес қас дұшпандарының қолына түсіп қалғандығын және оларға ажал қаупі төніп тұрғандығын біліп, бауырларын құтқаруға сонау Мысырдан асығып жетеді, бірақ, жауларының қолынан қапыда қазаға ұшырайды. Әулиені ерекше құрметтейтін жергілікті халық оны осы жерге жерлепті. Содан бастап Ұшқанға басқа да адамдардың да мүрделері көптеп қойылған, сөйтіп, ол қабірстанға айналған деседі.

Екінші аңызға қарағанда, бұл қасиетті мекенде дүниеден озған белгісіз үш хан мәңгілік орындарын тауыпты. Қорымның осылай «Үш хан» атанған атауы бертін келе дыбыстық өзгеріске ұшырап, халық аузында «Ұшқан» болып кетіпті.

Үшінші дерек қорым атауының ондағы шипалы қасиеті бар бұлаққа орай қалыптасқан «үш аққан» сөзінен туғандығын баяндайды. 1853 жылы топограф Алексеевтің жазғанында, ХVІІІ ғасырда торғауыт қалмақтары мен қазақтар арасында өткен қырғын шайқасқа байланыстырылады, сонда төгілген қанға сәйкес «үш қан» атаныпты. Халық бұл мекеннің қасиетті орын болғандығы жайында аңыздарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келген. Бұл тұжырымды растайтын да деректер бар.

Аманғали  ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*