СЕРПІЛІС

Рас, мұнайдың табиғи байлық екендігінде ешқандай дау жоқ. Бұл өңірге әлеуетті инвесторлар тартуды арттырды десек те, ел мүддесі үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы айрықша зор. Елдік мүддені ойлайтын мемлекетшіл азамат Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс әкімі лауазымына тағайындалысымен осы мақсатты іске асыруға кірісті. Нақтылай айтқанда, бұған дейін мұнайымен дәулеті тасып, абыройы асқақтаған Атыраудың бұдан былайғы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін өзі қамтитын әлеуетті өңірге айналатындығымен ерекшеленбек. Бұлайша сенімді пікір білдіруімізге дәлел ретінде соңғы үш жылда облыста ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдауға 22 млрд. теңге бөлінгенін айтуға болады.

Әрине, осынша қаржының бағытталуы мұнайлы өңірде өркендеуі кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы саласына үлкен серпіліс туғызды. Қазір мұнай-газ өнеркәсібіндегі кәсіпорындарға жұмысқа тұруды қалайтын ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, сөйтіп, Атырауда осы кезге дейін кездеспеген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге талпыныс танытушылар қатары көбейе түсуде. Аталған салада іске қосылған жаңа кәсіпорындар өнімдер шығаруды қолға алды. Бірнеше өндіріс орнының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановпен кездесуде кеңінен әңгімелеп берді. Бас басылым басшысының бұл жолғы сапары Атырау облысында индустрияландыру жобасы аясында іске қосылған өндіріс орындарының жұмысымен жан-жақты танысумен жалғасын тапты.

 

Жеңіл өнеркәсіптің таптырмас

шикізаты

Ел ішінде жеңіл өнеркәсіптің таптырмас шикізатына пайдаланатын мал жүні өңделмей жатыр. Енді осы олқылықтың орны «Caspiy Lana Atyrau» түйе және қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасының ашылуымен толтырылғалы отыр. Бір ғана аймақтың емес, әзірге ел көлемінде де теңдесі табыла қоймайтын жаңа жобаны іске асыруға жаңашыл кәсіпкер Әлімжан Балжігітов «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен батыл кірісті. Былтырғы күзде қадасы қағылған аталған жоба жыл аяғына таман іске қосылмақ. Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, фабрикада жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні алғашқы өңдеуден өткізіледі. Тарқатып айтқанда, тазаланып, жуылған жүнді буу мен тарау жұмыстары атқарылады. Мұнда жеңіл өнеркәсіпке қажетті бас­ты шикізат – мал жүні алғашқы өңдеуден өткізілумен шектелмейді. Сонымен бірге, 400 000 метр көрпе мен жамылғы шығару ісі де өркен жайғалы отырған тың жобаға 2 432,0 млн.  теңге салыныпты.

– Аудандарды аралағанымда мәс­лихат депутаттары ауылшаруашылық тауарларын өн­діру мен жүн өңдеу мәселе­сін жиі көтеріп, ұсыныс-пікір­лерін жолдаған еді. Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасы бойынша қолға алынды, – дейді облыс әкімі Бақтықожа Із­мұхамбетов.

Жобаны іске асырушы Әлімжан Балжігітовтің түсіндіруінше, фабриканың құрылыс-монтаж жұ­мыстарына жер­гі­лікті жерде шығарылған материалдарды кеңінен пайдалану мақсаты алға қойылған. Жүн жуу цехына қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғыларды әкелу үшін қытайлық «QingdaoYuanQuanMachineryCO» компаниясымен, тоқыма цехы үшін жаңа технологияны жеткізуге италиялық VICOTEXSRL компаниясымен келісімшарт жасалыпты. Жеңіл өнеркәсібі қар­қынды дамыған шетелдердің білік­ті мамандары кеңесші ретінде тартылады. Қазірдің өзінде Атырауда бас­тапқы өңдеуден өткізілетін жүнге Ресей, Қытай және Моңғолия ел­дерінің қызығушылығы бай­қалып отыр. Сонымен бірге, Еуро­па елдері технологиясымен киім тігуді қолға алу жолдары қа­рас­­ты­рылады. Осыған байла­нысты Франция, Италия және Бель­гия секілді елдердің жетек­ші ма­­мандары кеңес алу атал­ған жоба­ның сәтті жұмыс жасау­ына атсалыспақ. Әрине, мұнда жер­гі­лікті 90 адам тұрақты жұмыспен қамты­ла­тындығын жаңа кәсіпті иге­руге оң қадам ретінде бағалауға лайық. 

Сан алуан салат және сапалы ет

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісін қолға алған шаруагердің бірі – Енисей Юн. Бұл жігіттің Махамбет ауданында көкөніс және бақша дақылдарын өсіретін егістік алқабы бар. Жер емген шаруагер енді күнделікті ас мәзірінде дастарқанға жиі қойылатын кәдімгі салаттың сан алуан түрін шығаруды да іске асыра бастады. Әрине, салат түрлері көкөністен дайындалады. Бұ­рын мұндай салаттар Атырауға көр­шілес Ресейдегі Астрахань өңірінен тасымалданып келді. Енді қыркүйектен бері өңір тұрғындары «Феликс» шаруа қожалығын бас­қаратын Енисей Юнның жаңа өндіріс орнында өңделген көкөніс салаттарын тұтына бастады.

Шаруагер жігіт көкөніс  өнім­дерін өңдеу кәсіпорнын іске қосу жобасына өз қалтасынан 125 мил­лион теңге салыпты. Рас, бұл қар­жы жаңа өндіріс орнын ашу үшін аздық еткендіктен, оған «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сы арқылы 700 миллион теңгенің қаржылай қолдауы көрсетіліпті. Сөйтіп, жалпы сомасы 825 миллион теңге салынған жобаға 45 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Ресейлік «Промхолод» кәсіпорнының технологиясымен жабдықталыпты. Мұнда жылына 75 мың құтыға салынатын салат түрлерінің көлемі 53 мың тоннаны құрайды.

Ал «Асыл-Агро» шаруа қожа­лығының жетекшісі Нұф­тол­ла Құлбасовтың ет өңдеу кәсіп­орнын да аталған саладағы тың жоба деуге болады. Өйткені, өңір­де тұтынушыларға сапалы ет өнім­дерін ұсынатын мұндай кешенді жоба жоққа тән. Аталған жобаның маңыздылығына тоқталар болсақ, мұнда бір жылда сойылатын 57 мың ірі қара халал үрдісімен бауыздалады. Яғни, осындағы сойылатын малды электр тоғымен жансыздандыру мүлде қолға алынбайды. Бауыздалған малдың қаны толықтай ағызылып, еттің сапалы өңделуіне баса мән берілгелі отыр. Сөйтіп, мұнда 5 мың тонна шұжық өнімдерін шығару ісі қолға алынды. Ірі қара етінен 52,8 мың дана темір қалбырдағы бұқтырылған ет шығарылады. 

Ешкі сүтінің емдік қасиеті мол

Мұнайы болмаса да мұңай­майтын ауданның бірі – Махамбет. Бұл ауданның тұрғындары негі­зі­нен ауыл шаруашылығы саласы­мен күн көреді. Ауданның негізгі саласына енгізілген жаңалықтың қатарында ешкі фермасының жұ­мысы баршаны қызықтырады. Бірнеше шаруашылықтың жұ­мысын қатар жүргізіп, соның бірі «Сарайшық» шаруа қожалығын ешкі түлігін өсіруге бейімдеген Владимир Розметовтің айтуынша, фермада жылына 180 тонна ешкі сүті өндіріліп, 140 тонна өнім шығарылады. Аталған фермаға алдыңғы жылы шетелден «Заанен» аталатын асыл тұқымды 150 ешкі әкелінген. Шетелдік ешкілер жергілікті ауа райына тез бейімделіпті. Былтырғы көктемде олардан алғашқы төл алынды.

Алғаш алынған төлдің ішін­де егіз лақтар көп. Бо­ла­­шақта фермадағы ешкі санын кө­бейту көзделіп отыр. Мұндағы мақсат – елде ем үшін таптырмайтын ешкі сүтін өндіру. Сөйтіп, өңір тұрғындарына ешкі сүтінен алынған қаймақ пен сүзбе, тіпті, шетелдік жеңсік ас саналатын балқытылған ірімшіктің 4 түрі енді атыраулықтар үшін алыстан емес, іргедегі ауылдан табылғаны қуантады. Қазірдің өзінде осы заманғы озық технологияны мең­гер­ген ешкі шаруашылығының маман­дары тұтынушыларға 7 түрлі тағам ұсынып отыр. Және ол өнімдерге жергілікті нарықта үлкен сұ­раныстың барлығы  байқалуда.

Жалпы құны 647,63 миллион теңгені құраған бұл жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның 50 пайызға жуығын кәсіпкер Владимир Розметов өз есебінен жаратыпты. Әмбебап кешенде сүт өндіруден бастап оны өңдеу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы италиялық ең озық технологияға негізделген кешенде 40 түрлі өнім шығару жоспарланған. «Мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі жеңілдіктер ауыл шаруашылығын өркендетемін дегендерге таптырмайтын мүмкіндік», дейді кәсіп иесі В.Розметов.

Шаруашылыққа Махамбет ауданының тұрғындары жұмысқа тартылыпты. Мәселен, Жангелді Тоқов ешкі фермасы ашылғаннан бері жұмыс жасайды. Алғашында шетелден әкелінген ешкілердің жергілікті жерге бейімделуін қадағалады. Ешкілердің жемшөбі мен суының мерзімінде берілуіне және жарақат алмауына да бақылау жасады. Мұнда Жангелдімен бірге, бұрын кітапханашылықтан табыс тапқан зайыбы Гүлбаршын да жұмысқа орналасыпты. Сонан соң ұлы Еркебұлан мұнайшы ма­ман­дығын меңгергеніне қарамастан ата-анасына қолғабыс жасау үшін ешкі фермасына жұмысқа келіпті.

– Ешкі сүтінің емдік қасиеті мол. Әсіресе, жас балалар үшін ана сүтімен бірдей. Елдің болашағы үшін баланың саулығы бәрінен қымбат болуы тиіс. Сол себептен осы жобаны іске асыруды көздедік, – деп ешкі фермасының маңызына тоқталып өтті өңір басшысы.

Владимир Розметов жетекшілік ететін шаруа қожалықтары желісін көпсалалы деуге болады. Мұнда көкөністер де, алма мен шие де өсіріледі. Тоғандарда балық та өсіріледі. Табын-табын сиыр мен отар-отар қой өрісті толтырды. Осындай сан алуан шаруаны іске асырып, өңірдің 300-ден астам тұрғынын жұмысқа тартқан Владимир Розметов «Болашақта тауарлы-сүт кешенін, құс фабрикасы мен тауарлы-бекіре фермасын іске қосуды ойластырып жүрмін», дейді. Айтпақшы, шаруасына мығым кәсіпкердің ешкі сүті мен алуан түрлі өнімдерін Мәскеудің сау­да орындарына шығару мақсаты да бар. 

Өзіңнен артылса, көршімен бөліс

Өңірді азық-түлікпен қам­ту мақсатындағы жобаның қатар­ын­да «Алмалы құс» серіктестігінің құс фабрикасы да мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағ­дарлама аясында қолға алынып, оған 680,73 млн. теңге құйылған. Оның жартысынан астамын «Жігер» шаруа қожалығы салса, бұған да «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қар­жылық қолдауын білдірді. Құс фаб­рикасында жылына 30 млн. дана жұмыртқа өндіріледі. Өткен жылдың желтоқсанында әкелінген балапандар биылғы көктемде жұмыртқа бере бастады. Директор Виктор Пацтың айтуынша, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларының кірісі өзге салаларға қарағанда ертерек көріне бастайды.

Шаруашылықтың 4 кезеңге да­му жоспары бар. Бірінші кезеңде мұнда 30 миллион тауық жұ­мыртқасын өндіру көзделсе, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 60 миллион данаға жетеді. Қазіргі таңда облыс­та тап осындай екі құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық өнімі 100 млн. дана жұмыртқадан асатын болады. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Атырау облысының қажеттілігі 80-82 млн. жұмыртқа болатын. Сондықтан артылғанын біз көрші облыстарға жібереміз. Жергілікті жердің өнім бағасының тұрақтануына да оң әсер етіп отыр. Өндіріс ауқымының кең­еюі экономикалық қана емес, әлеу­меттік жағынан аса маңызды. Құс фабрикасы әзірге 45 адамды жұмыспен қамтып отыр. Соны­мен қатар, биыл өңірдегі құс шаруа­шылықтары үшін азықтық жемді жергілікті жерде дайындау және қағаздан қорап жасайтын арнайы цехтарды ашу көзделіпті. 

60 түрлі дәрі-дәрмек

Атырауда Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын, іске қосылған мезгілде бес мың­ға тарта жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 40-тан астам инвестициялық жоба­ны жүзеге асырудың жос­пары нақтыланған. Енді соның қата­рына дәрі-дәрмек өнімдерін шыға­ратын фармацевтикалық зау­ыт та қосылмақ. Бұл жобаны Аты­рауда іске асыруға «Lumpan Caspian Pharmaceutical LLP» серік­тестігі бастамашы болыпты. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асы­руға Атыраудағы «Медицина» АҚ, «Атырау» ӘКК және «САВА Хелс­кейр», «Лайфлайн Фзе», «ALIM COM» компаниялары  қаты­сып отыр. Аталған зауыттың жоба­лық құны 3,700 миллион тең­гені құрайды.

Бұл жоба тек Атыраудың ғана емес, ел тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтуға серпін бергелі отыр. Мұнда 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ екен. Зауытта жылына 800 миллион таблетка, 300 миллион капсула мен 78 миллион ампула түріндегі дәрі, 3 миллион қораптағы жақпа май, 12 миллион пластикалық құтыдағы ерітінді секілді 50-ден астам фармацевтикалық өнім түрлерін шығару көзделуде. Сапалы өнім шығаруға қажетті шикізаттарды Үндістан мен Қытайдан әкелу жоспары бар. Зауытта экологиялық таза әрі сапалы өнім G.M.P. стандартымен шығарылады. «Бұл зауытта пайдаланылатын су мөлшерін 126 мың текше метрге дейін үнемдеуге жол ашады», дейді «Медицина» АҚ директоры Забира Дәулетжанова.

– Зауыттың құрылысы Қа­зақ­стан­ның үдемелі индустриялық-иннова­циялық дамуының екінші бесжылдық стра­тегиясын іске асыруда және әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруі үшін жасалынған маңызды қадам, – деген ойымен бөлісті облыс әкімі Б.Ізмұ­хамбетов. – Аталған іс-шара елімізге озық өндірістік технологияларды тартуға бағытталған эко­номикалық саясаттың басымдық­тарымен тікелей байланысты. Фармацевтика саласы да сол басым бағыттардың бірінен саналады. 

Талшықты желі – байланыс негізі

Үдемелі индустриялық-ин­но­ва­ция­лық даму бағдарламасы аясындағы жаңа өнімнің бірі – талшықты-оптикалық кабель. Мұнайлы өңірде бұрын болмаған жобаны «Бизнестің жол картасы» өңірлік индустрияландыру картасы аясында іске асыруға бет бұрған «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хван­ның айтуынша, басты мақсат – телекоммуникация, транспорт, құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті талшықты-оптикалық кабель шығару өндірісін игеру.

Жаңа өнімді шығаруды бастаған зауыт құрылысына 715 миллион теңге салыныпты. Жалпы құны 1 миллионнан аса АҚШ долларын құрайтын технология Қытайдан сатып алынған. «Біз ондаған миллион долларға бағаланған еуропалық технология­ны сатып алуға тәуекел етпедік. Себебі, бұл салада жұмысты енді бастадық. Дегенмен, біздің зауыттағы қытайлық технология­мен 5 жыл бойы үздіксіз өнім шығаруға әбден болады. Мұнда ең бастысы – сапалы шикізат болса, өнім де соған сәйкес болады. Өйткені, біз Еуропа елдерінің, АҚШ және Жапонияның шикі­зат­тарын қолданамыз», – дейді бас директор С.Хван.

Зауыттың қуаты жылына бір ауысыммен 4 500 шақырым­дық, ал үш ауысыммен 11 000 ша­қырымдық созылатын оптикалық кабель шығаруға жетеді. Сонымен бірге, мұнда 2017 жылы мыс қосылған кабель шығаратын қосымша екі цехты іске қосу көзделіп отыр. «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хванның айтуынша, біздің елімізде мұндай өнімге сұраныс өте жоғары. Жаңа өнімнің негізгі тұтынушысы «Қазақтелеком» болғалы отыр. Қазір осы компаниямен 3 миллиард теңгеден астам қаржыға екі жылдық келісім жасалыпты.

Жаңа өніммен еліміздегі сұраныстың 25-30 пайызын қамтамасыз ету жоспарланған. Мұның да өзіндік себебі бар. «Біріншіден, Атыраудағы зау­ытта шығарылған кабель түрлерінің өзіндік құны Ресейдегі өндірушілердікінен ерекше­лен­бейді. Екіншіден, зауыттың өз электр энергиясы бар. Үшін­шіден, еліміздегі салық жүйесі Ресей­дегіден әлдеқайда көңілге қонымды. Демек, біз олармен бәсекелес бола аламыз. Тіпті, бізде Қытайдағы кабель өндірушілермен де бәсекелес болатындай мол мүмкіндігіміз бар» деп есептейтін кәсіпорын басшысы жұмысқа тек жергілікті тұрғындарды алуды көздепті.

Ал «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиевтің айтуынша, талшықты-оптикалық кабель шығару жоғары технологияға жатады. Мұндай өндірісті іске қосу оңай емес. Кабель шығаруға сапалы шикізат қажет, онсыз өнімге тұтынушы табу қиынға соғады. Бұрын жергілікті байланысшылар кабельдерді Қарағанды облысындағы осындай зауыттан сатып алған екен. Енді оны Атыраудан сатып алудың тиімділігін қарастыруда. Тиім­ділігі сол, Атыраудағы сатып алын­ған кабельді тасымалдау үшін қосым­ша қаржы жұмсалмайды.

Өңірде индустрияландыру картасы аясында іске асырылған жаңа жобалардың бір парасы осындай. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берген жобалар алдағы уақытта жалғасын табарына мысалдар жеткілікті. Мәселен, құрылысы жүргізіліп жатқан «Атырау-Бөдене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 2,6 млн. дана жұмыртқа және 2,4 тонна бөдене етін өңдейтін ферма (90 млн. теңге) мен «Мекен-Chicken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 2 600 тонна құс етін өндіретін бройлер құс фабрикасы (3,6 млрд. теңге) да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен қолға алынды. Ең бастысы – Атыраудың ауыл шаруашылығы саласы өркендеуге бет бұрды. Атырауда мұнай-газ өнеркәсібінен өзге, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының дамуы қиын делінетін жаңсақ түсініктің сеңі бұзылды. Болашақта бұл өңір аталған саламен танылатынына күмән жоқ.

(«Егемен  Қазақстан»,

12 қараша,  2015 ж.).

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*