Сенімге сай серпін

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев тұрғындарды қабылдады.

сенімге

Шаһар тұрғыны Галям Ахметов 40 жыл денсаулық сақтау саласында еңбек еткен.  Зейнеткер болғанымен, жұмыс іздейді  екен. Әрі көзіне екі рет ота жасалуына байланысты  дәрі алуға қаржылай көмек сұрайды. Бірінші мәселе бойынша жауап берген денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түркбенбай Нұржігітов жасы 70-ке таяған адамның «Жедел жәрдемде» қызмет ете алмайтынын айтады.  Себебі, дер кезінде тамыр тауып, екпе салу үшін оған ептілік, қырағылық қажет. Оның үстіне көзінің нашар көретіні де Галям Ахметовтің жұмысқа тұруына кедергі болып отыр. «Халықтың денсаулығына бейжай қарай алмаймыз» дейді жауапты орган өкілі.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев тұрғынның тілегіне орай жекеменшік медициналық мекемелерге ұсыныс беретінін жеткізді.  Ал, екінші өтініші бойынша жауап берген қалалық №1 емхананың бас дәрігері емделушіге Ресей дәрігерлері ұсынған дәрінің кепілді медициналық көмек көрсететін тізімде жоғын айтты.

Тасқала-3 ықшамауданында бүгінде 20-ға жуық көше бар. Бірақ, әлі күнге дейін жол бойы асфальтталмаған және жарықтандырылмаған. Бұл мәселені сол елді мекен тұрғыны Марат Айтқожин көтеріп отыр. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығали аталған елді мекенге жол төселу жұмыстарының жобалық-сметалық құжатының 2018 жылы жасақталатынын, 2019 жылға қарай асфальт төселетінін айтты.

Дегенмен, Нұрлыбек Жұмахметұлы  тұрғындардың арыз-шағымдарын ескеріп, олардың тұрмыс-тіршіліктерін, көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында маңызды бас көшелерге асфальт төсеуге жәрдемдесуге қала әкіміне ұсыныс беретінін жеткізді. «Мұндай тәжірибе Еркінқала елді мекеніне жол салуда пайдаланылған болатын. Ол үшін алдымен халықпен, сол ықшамаудан әкімімен кездесіп, ақылдасып жасау керек» дейді ол. Қабылдауда білгеніміздей, облыс орталығында өткен жылы 173 көшеге жол салынса, ағымдағы жылы 311 көше асфальтталады екен.

Мақат ауданының тұрғыны Айбек Сағынбаев жұмыс сұрай келіпті. Ол  мұнай компанияларында еңбек еткісі келеді. «Өткен жылы өңірдегі жоғары оқуларының бірінде сырттай бөлімде инженер мұнайшылықты меңгердім. «Ембімұнайгаз» мекемесінде мамандығым бойынша қызмет еткім келеді. Дегенмен, осы компанияда жүргізушілікке болса да орналасуыма көмек берсеңіз екен» дейді ол. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиеваның айтуынша, Айбек Қабасұлы өткен жылдың қазан айында жұмыссыз ретінде тіркелген. Мұндай мекемелерде жұмыс тәжірибесіне маңыз берілетінін айтқан Балдай Өтеғалиқызы мақаттық тұрғынның құжатының мұнай саласындағы кәсіпорындарға жолданғанын жеткізді.

Қабылдауға келген өзге де азаматтардың тілектерін тыңдаған Нұрлыбек Ожаев тиісті жауаптарын беріп, кеңестерін де айтты.

Рита Өтеуғали

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*