Сенімге сай болу – асқақ абырой

Әлібек Ибатоллаұлы Нәутиев Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін осы қызметті төрт жылға жуық атқарған Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан өз өтініші бойынша қызметтен босатылды. Бұл туралы облыс активі жиналысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев хабарлады.

– Шыңғыс Жұмабекұлы «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Гарвард университетінде үш жыл біліктілігін арттыру үшін оқуға жол жүргелі отыр. Оған облыс әкімінің  орынбасары лауазымында атқарған еңбегі үшін өз атымнан ризашылығымды білдіремін. Қазіргі жаһандану процесінде болып жатқан өзгерістерді толығымен тереңінен түсіну үшін білікті мамандар қажет. Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам қазақстандық Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарлама бойынша білім алып, ел экономикасының әр саласында қызмет атқарып жүр. Сізге де солардың бірі және бірегейі болсын деген тілек білдіреміз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімімен, Атырау облысы әкімінің өкімімен өңір басшысының  орынбасары қызметіне жаңадан тағайындалып отырған Әлібек Нәутиевтің еңбек жолымен таныстырып, оның да жұмысына сәттілік тіледі.

Әлібек Ибатоллаұлы 1989 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын, 1994 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы  институтын, 2001 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін, 2003 жылы Қайнар университетін тәмамдаған.  Мамандығы – бухгалтер, зооинженер, экономист-финансист, заңгер. Алғашқы еңбек жолын 1986-89 жылдар аралығында Бақсай асыл  тұқымды қой кеңшарында әртүрлі қызметтерден бастаған ол кейінгі үш жыл бойына Махамбет аудандық комсомол комитетінің ІІ және І хатшысы болды.

1992-1997 жылдары Махамбет ауданында жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық экономика комитетінің төрағасы болып еңбек етті. Кейін Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының әкімі лауазымдарын атқарған. 2008 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалып, бұдан соң Индер ауданының әкімі лауазымында болды. 2010 жылдың ақпанынан 2014 жылдың тамызына дейін NCOC компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі  қарым-қатынастар бөлімінде қызмет етіп, кейін мемлекеттік қызметке кері оралды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болды. Ал, 2015 жылдың ақпанынан бүгінгі күнге дейін Махамбет ауданының әкімі қызметін атқарды.

Актив жиналысында мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев сөз алды.

– Алғашқыда Шыңғысты облыс әкімінің орынбасары ретінде таныстырғанда «жасаңдау сияқты» деп ойлағанмын. Кейін «Атырау» халықаралық әуежайында ұшаққа Хиуаз Доспанованың есімінің берілуіне орай ұйымдастырылған шарада Шыңғыстың сөзін тыңдап, ойының терең екендігін байқадым. Оның кітабын оқыдым. «Ақыл – жастан» дегендей, өзін үш-төрт жылда тек жақсы жағынан көрсете білді. Облыстың әлеуметтік-мәдени дамуына үлкен үлес қосты. Сондықтан, қарағым, саған «жорытқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын, қуанышың көп, көңілің тоқ болсын» деймін, – деп ақ батасын берді.

Ал, облыс жастары атынан сөз алған «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігі  Атырау филиалының төрағасы Ұлықбек Тінәлиев жастарға Шыңғыс Жұмабекұлының тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.

– Қызметке келуден гөрі, кету қиын екен. Осы жерде қоян-қолтық үш жыл тоғыз ай  жұмыс жасап, ағайындай араласып кеткен соң, ауылдағы ата мен әженің үйінен кетіп бара жатқандай сезімде тұрмын. Осы қызметке тағайындап, аз да болса қабілетіміз бен қайратымызды елдің игілігі мен мүддесіне жаратуға мүмкіндік жасағаны үшін Бақтықожа Ізмұхамбетовке ризашылығымды білдіргім келеді. Нұрлан Асқарұлы, сізге де тілегімді орындап, оқуға аттандырып отырғаныңыз үшін алғысымды айтамын. Аз ғана уақыттың ішінде бірге жұмыс жасап, қабілетімізді көрсетуге мүмкіндік берген әріптестеріме алғысым зор, – деді Шыңғыс Мұқан көңілдегі қимастық сезімін ақтарып. Ал, Әлібек Нәутиев  облыстың өсіп-өркендеуі жолында өзіндік мол  тәжірибесі мен білімін жұмсайтынын айтып, көрсетілген сенім үшін ризашылығын білдірді.

Айгүл  ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді  түсірген: Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*