СЕКЕН ТҰРЫСБЕК: «КҮЙ ДЕ МІНЕЗДЕН ТУАДЫ»

– Атырауға қош келдіңіз. Соңғы кездері батыс өңіріне жиі келіп, жұртшылықты өнеріңізбен тамсандырып жүрсіз. Әсіресе, Атырау жұрты шығармашылығыңызбен жақсы таныс. Соның дәлеліндей, концертте көрермен көп болды. Оқырмандарымызға осы өнер жолына түсуіңізге ықпал еткен жайтты әңгімелеп берсеңіз.

– Өнер жолына келетін бала жастайынан белгілі болатын секілді. Менің ойымша, әрбір қазақтың үйінде домбыра тұруы тиіс. Тіпті үйренуді міндеттемей-ақ қойсын. Бала теледидардан, радиодан, сахнадан домбыра үнін естіп, түптің түбінде өзі мойын бұрады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын бекер айтқан жоқ қой. Әжем марқұм мойны жуан, ұзындығы бойыммен бірдей домбыраны үйге әкеліп қойды. «Үйрен» деп ешкім қыстамады. Содан қызығушылығым оянып, мектепте сабақ аяқталған соң, нағашым Төлеубайдың күй тартқанын тыңдаймын. Ол домбыраның құлақкүйін келтіріп жатқанның өзінде бойым шымырлап, рақаттанып отыратынмын. Ертеден құлағыма сіңген соң болар, күй өнеріне жақын болғаным.

– Соңғы кезде жастардың  ұлттық өнерге деген қызығушылығын байқаймыз. Қобызда, домбырада, сазсырнайда ойнайтын өнерпаздарды көріп, ұрпақ жалғастығын көреміз. Өзіңіз жастардың өнерге деген  ыстық ықыласын сезінесіз бе?

– Халық күйі «Келіншек», Ахмет Жұбановтың «Би», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Мәлгаждар Әубәкіровтің «Талас», Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйлері өз кезеңдерінде жастар арасына тез таралды.  80-жылдары шығарған «Көңіл толқыны», «Ақжауын» күйлерімді  жастар гитараға салып тартып жүрді. Музыка саласында жоғары оқу орнын бітіргендер күйлерімнен алған әсерлерімен бөлісіп, өнер жолына түсуге сеп болғанын айтып жатады. Жалпы,  балабақшадан бастап, баланың көкірегіне рухани мұрамызды сіңіріп өсірсек, оның талғамы, табиғаты бөлек болатынына кепілдік беремін.

– «Көңіл толқыны» күйіңіз тыңдаған жанды еріксіз елітіп, өзіне жіпсіз байлап қоятын құдіреті бар. Бұл шығарманы әркім өз биігінде орындауға тырысып жатады. Дегенмен, бабына келтіріп балбыратып өзіңізден артық ешкім тарта алмайтыны анық. Мұның сыры неде?

– Күйді жүрекпен орындау керек. Ең бастысы сыры күй орындалысында деп ойлаймын. Оң қолды жеке алып, сол қолмен теріп тарту арқылы орындалып жатады. Әуен ырғағында толқу болуы мүмкін… Бірақ ішкі астары тамшыдан құралған иірім телегей-теңізге, шалқар мұхитқа ұласатынын аңғартады. «Қасіреттіден ғана қасиетті өнер туады» деп ылғи айтамын.

Отыз жыл бұрын дүниеге келген туындым ғой. Әр дәуірдің өзіне тән күйі, ырғағы, әуені бар. ХVIIІ-ХІХ ғасырларда қазақтың ән-күй өнері биік шыңына жетті. Қазір сапалы әуен қалмай бара жатқаны жасырын емес. Бұл құбылыс қазақта ғана емес, көрші елдерде де, бүкіл әлемде де кездеседі. Дегенмен, бабаларымыздың рухани мұрасы әлемде  бәрінен шоқтығы биік, ерекше екені бүгінде мойындалды. Бір ғана Құрманғазының «Серпер», «Сарыарқасы», «Төремұраты», «Адайы», «Терісқақпайы» бірінен-бірі өтеді. Дәулеткерейдің сұлу сазды иірімдері қандай? Арқа, Шығыс, Жетісу, Батыс дәстүрінен тарқайтын бекзат өнердің диапазонын әр қырынан  бағалап, жан-жақты саралай білген жөн.  Батыс Еуропада симфонияға ерекше ден қояды. Ал қазақтың күйі әдемі әуен, әсем ырғақты келісті өрбітіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін сығымдап  береді. Сонысымен жаныңа жылу ұялатады. Баба ұлылығын осыдан тануға болады.

Сондай-ақ, күйге аударманың еш қажеті жоқ. Мәселен, Жапонияға барғанымызда, әр күйге қысқаша аннотация сұрады. Жеке басымдағы мұңды айтып қайтейін, «Көңіл толқыны» Семей-Невада, Хиросима-Нагасаки қасіретіне арналған деп айттым. Жапондар жылап отырып тыңдады. Екінші мәрте орындап беруін өтінді.

– Әрі Сіз біраз әннің авторысыз ғой…

– Иә, шығармашылығымдағы «Айхай, заман!», «Бауырым, сонау күн қайда?», «Қайран, өмір», «Аяулы арман дүние», «Аяқталады бәрі де» атты әндерім халықтық тұмадан бастау алып жатыр. Көбін диапазоны кең, танымал жас әнші Ерлан Рысқали орындап жүр. Қазір әннің де, күйдің де өрімі өзге. Сондай-ақ, дәстүрлі деген сөзді қосарлай айтып жүрміз. Одан гөрі қазақтың классикалық әндері деп атағанымыз әлдеқайда орынды болар деген ойымды да айта өтейін.

– Зерттеушілер сіздің күй буынына (нота) «Үлкен саға» қосқаныңызды жаңалыққа балайды. Расында, бұл сіз ашқан жаңалық па, әлде бұрынғы нұсқаны жаңаға қарай икемдеу ме? 

– Мысалы, Құрманғазы күйлері «Ре» нотасына, сонау «миға» асып кететін кезі болады. Жалпы, Батыс күйлері төменгі сағаға дейін барады. Бірақ, үш буын қайталанып келеді. Басына барарда секвенцияға айналдырып, өрбітіп әкетеді. Ал, Арқа күйлерінің көбінде үлкен саға болмайды. Бастапқы және кіші саға төңірегінде, «сидан» қайтып жатады. Ертеде Арқа күйлерінің ағымы тоғыз пернеге лайықталып тартылды. Кейін мен Батыс күйлеріндегі үлкен сағаға үндестіріп, төменгі сағаға бардым. Жалпы, он төрт күй шығарыппын.

–  Күй өнерінде әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Соның ішінде Батыс өңірі күйлері арындылығымен ерекшеленетіні рас. Бұл неге байланысты?

– Жалпы, Жайық өңірі күйді айрықша қастерлеп, талғаммен тыңдайды. Ділі Семей шаһарымен үндес секілді. Кез келген өнер иесінің туындысы өзінің та-биғатына тартады. Күй де мінезден туады.  Мекен еткен жеріне байланысты. Батыстың дауылпаз күйлерінен өрлікті танисың. Әр дәуірде дарынды күйшілер көрген-білгенін туындысына арқау қылды, заман шындығын жеткізді. Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін эстрадаға салуға қарсымын. Эстрадада есті дүниелер болатынын жоққа шығармаймын. Ал, күйді өңдеуге асқан байыптылықпен, сақтықпен баруымыз керек.

– Шығармашылық жоспарыңызбен бөліссеңіз.

– «Қазақстан» ұлттық арнасы «Ұлы дала үні» күйіме бейнебаян түсірмекші. Сонымен қатар, тікелей эфир арқылы тың жоба ұсынылмақ. Онда «Көңіл толқыны» күйі өзге ұлт өкілдерінің саз аспаптарында ойналатын болады. Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын аралаған соң дайындыққа кірісеміз. 

Қазір адамдар  өнерден, рухани дүниеден ләззат алуы тиіс.  Меніңше, әркім рухани бай болу керек. Сонда ғана қазақтың салт-дәстүрін, өнерін, тілін көздің қарашығындай сақтап тұра аламыз. 

Алмағайып заманда Құрманғазы бір ғана «Кісен ашқан» күйіне күллі елдің мұңын арқау етті емес пе?! «Сөзіңнің сиқы түзелмей, көзіңнің жасы құрғай ма?» деген де нақыл бар. Сондықтан, халық театрға, концерттерге, күй кештеріне жиі барып тұруы керек. Сонда шаршау да болмайды, жүйке ауруы да азаяды. Көрерменнің қошеметі мен қолдауы болғанда ғана өнер адамы шынайы, тың дүние тудыра алады.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан:

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*