СЕГІЗ САРБАЗ

Сапи Ахметжанов – балалығын соғыс ұрлаған ұрпақтың бірі. Батыстан қаһарлы хабар жеткенде небәрі алтыншы сыныпта оқып жүрген. Содан 1942 жылы әкесі Ахметжан әскери жұмысқа алынды. Ал, 1943 жылғы қаңтарда он сегіз жасар ағасы Нәби де майданға аттанды. Сөйтіп, саулығы төмендеу анасы мен кішкене қос қарындасының қасында 14 жасар Сапи қалды.

Сонау 1942 жылы бүгінде соғыс тарихының жарқын беттерінің біріне айналған Гурьев-Астрахан темір жолының құрылысы басталды. Сонау 1942 жылы бүгінде соғыс тарихының жарқын беттерінің біріне айналған Гурьев-Астрахан темір жолының құрылысы басталды. Сол шақта немістер Сталинградты алып, Еділден өтіп, Кавказды кесіп тастауды көздеген-ді. Ұзындығы 300 шақырымдық жаңа жол салу қажеттігі содан туындады. Оның құрылысына 45 жасқа дейінгі әйелдер мен 14-тен асқан балалар тартылды. Жұмыс ауыр еді-ау. Топырақты бес-алты шақырым жерден қапшыққа салып, түйемен тасыды. Аш болды, жалаңаш жүрді. Бәріне шыдады.

Сол 1942 жылдың күзінде темір жол төсеніші дайын болған-ды. Алайда, немістер Сталинград түбінде ойсырай жеңіліп, құрылыс тоқтатылды. Ол тек 30 жылдан соң ғана жанданып, Орта Азия мен Кавказ арасы жалғастырылды. Әйтсе де, сол  құрылыста Сапи секілді жүздеген балалардың қолтаңбасы қалды. Ерте кезінен өзіне зор жауапкершілік жүктеген ол күнделікті берілетін нанын да үнемдеп, үйдегі сырқат анасы мен қос қарындасының аузына тосады. Ал, өзі 60-70 шақырым жердегі ауылына жолдағы көлшіктен балық аулап, даладан құмаршық қазып жеп, жаяулатып жеті-сегіз күнде әрең жетеді. Сөйтіп, жүріп соғыстан қашқандармен де кездесіп қалатын. Қаншама қарны ашса да қойнындағы нанына қол тигізбейді. Титімдей баланың бойындағы қандай бауырмалдық, нендей төзімділік десеңізші!

Жергілікті атқарушы билік соғыс жылы Гурьев-Астрахан темір жолының құрылысына қатысқандарды мәңгілік есте қалдырмақшы. Мүмкін, мұны ертерек қолға алған дұрыс па еді?. Әйтсе де, «ештен кеш жақсы» дегендей, осы шаруа оңынан үйлескенін қалаймыз. Әттең, соны Сапи Ахметжанов көре алмайды. Ол 2008 жылғы 17 маусымда артында ұлықты ұлдары мен қылықты қыздарын қалдырып 79 жасында өмірден өтті. Әкенің тәрбиелі тағылымын көрген ұрпағы да өнегелі отбасыларын құрған.

Балалығын соғыс ұрлағанымен, талабы таудай Сапи Ахметжанов елінің есінде қаларлықтай ғұмыр кешті. Шаруашылықтың қай саласына жетекшілік етсе де, алдыңғы қатардан табылды. Республика оқу ісінің үздігі атанды, ауыл шаруашылығындағы жетістіктері үшін Бүкілодақтық көрменің алтын, күміс және қола жүлделерін жеңіп алды, түрлі дәрежелі ондаған Құрмет гратотасымен марапатталды. Әйтсе де, осы азаматты мәңгілік есте қалдыратын шаралар тағы да қажет тәрізді.

Сапекең қарымды қаламгерлігімен де танымал болды. Біздің газетімізбен байланысы өткен ғасырдың елуінші жылдары басталған екен, өмірінің соңғы кезіне дейін жалғасты. Оқырмандарымыз оның қаламынан шыққан мақалаларды әлі ұмытқан жоқ. Өмірлік жары Қазиба бүгінде ұл-қыздарының, олардан өрбіген немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.

Осы әулеттің тағы бір таудай тұлғасы – Нәби Ахметжанов. Он сегіз жасқа толар-толмаста әскерге шақырылды. Ол да оқ-пен оттың ортасында жүріп қолынан қаламын тастамады. Үйіне хат та жазды, елдегі газеттерге жұртты жігерлендіретін мақалалар да жіберді. Әттең, бүгінде солар сақталмай қалыпты. Әйтпесе, құн жетпес құжат болар еді.

Нәби жеңіске санаулы айлар қалғанда, 1945 жылы ақпанның екісіне қараған түні қаза тапқан. Польшаның Познань қаласында сержант Н.Ахметжанов жанына ефрейтор П.Сергин мен қатардағы жауынгер А.Куцаевты алып, кезекті тапсырмаға шыққан кезінде мерт болған. Үшеуі бірге қойылған. Кейін қала толық азат етілген соң маршал Г.Жуковтың бұйрығымен осында қаза тапқан алты мың кеңестік жауынгер орталық паркке қайта жерленген.

Оның інісі Сапи Ахметжановтың бір арманы – аға бейітіне барып, оның басына лайықты белгі орнату еді. Содан Польшамен арада бірнеше хат алмасу болды. Сапар сәтімен жауынгер қабіріне Сапекеңнің ұлы Мейрам мен қызы Динаның жолы түскен. Ал, 1994 жылы ол ұлы Мерекені ертіп, аға басына өзі барды. Елден ала шыққан қазақ тілінде жазылған ескерткішті орнатты. Сөйтіп, бауырлық парызын өтеді.

Енді осы қос азаматтың әкесі Ахметжан Кенжеғалиев кім еді? Ол да соғыстың тауқыметін тартты, еңбек майданына шақырылды. Өзі ағаштан ою ойған шебер еді. Қолына тиген қай нәрсеге де жан бітетін. Ендеше, мұндай адамның әскер қажетіне жарамауы мүмкін бе? Содан сапер батальонының құрамында екі жылдай болып, елге 1944 жылы оралады. Соғыс кезінде оның тұрғызған көпірлерімен талай техника мен жаяу әскер өтті. Қаншама блиндаж бен өзге де құрылыстар тұрғызылды. Соның бәрі ортақ жеңіске қосылған үлес емес пе? Елге келген соң да қарап отырмады. Тыл тірлігіне араласты. Тағы бір дерек – оның бірінші дүниежүзілік соғыста тыл жұмыстарына қатысуы

Оның ағасы Сұпығали Кенжеғалиев майдан даласында мәңгілік қалуға шақ қалды. Сталинград түбіндегі қырғында жау бомбасы жанынан жарылып, топыраққа көмілген. Өзгелер де мұны өлдіге санаған. Тек өліктерді жинап жүрген санитарлар ғана мұның кеудесінде жаны барлығын байқап қалыпты. Сөйтіп әлгілер госпитальға жөнелткен. Содан жараланып, 1944 жылы елге оралды.

Ал, Мақас Кенжеғалиев – тыл тарландарының бірі. Майданға қанша сұранғанымен, елге де еңбек ететін адам керек еді. Содан арнайы бронмен қалған. Кезінде майталман балықшы болды. Тулаған толқынмен таласып, су маржанын сүзген. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп ұрандатқан шақта күнді түнге, түнді таңға ұластырып жұмыс жасаған.

Құбаш Кенжеғалиев – соғыстан кейін Германияның бір қаласында комендент қызметін атқарған жерлесіміз. Мұндай жауапты жұмыстың екінің біріне тапсырылмайтыны белгілі. Ендеше, «Қызыл Жұлдыз» орденін, «Ерлігі үшін» медалін, өзге де әскери наградаларды кеудесіне қадаған қазаққа үлкен жауапкершілік жүктелген ғой. Соғыстан кейінгі сұрапылда жат жерде жұрттың бабын табу оңай болып па? Міне, сол биіктен жерлесіміз шыға білген.

Қазақ «жігітті нағашысынан таны» дейді. Сапекең ұрпағының нағашысы Халекес Ахтанов – он жылдан аса әскер қатарында болған азамат. Сонау 1943 жылы Челябинск әскери училищесін бітірген соң Хабаровск, Кишинев, Свердловск мен Фергана қалаларында қызмет еткен. Сол сапта жүре берсе, мүмкін көрнекті әскери қолбасшылардың бірі болып та кетер ме еді. Бірақ, 1953 жылы отбасы жағдайына байланысты әскери қызметінен босаған.

Оның ұйымдастырушылық қабілеті бейбіт өмірде жарқырап көрінді. Партия-кеңес қызметін атқарды. Әйтсе де, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі ерекше білінді. Атырау мен Маңғыстауда осы саланың өркендеуіне зор үлес қосты. «Халықтар достығы», қос мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды, екі рет еліміздің Компартия съезінің делегаты болды. Ондаған медаль мен Құрмет грамоталарының иегері. Солардың ішінде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан алған Алғыс хаты да бар.

Енді Ауман Байдолов кім еді? Ол – Сапекең ұрпағының кәрі нағашысы. Осы орайда сәл шегініс жасасақ, сонау 1940 жылы Забурында «Үлгі» аталатын мектептің құрылысы басталды. Оны жоғарыдағы Ахметжан Кенжеғалиев басқарыпты. Міне, Халекес Ақтанов, Ауман Байдолов, т.б. осы білім ошағының алғашқы шәкірттері екен. Тіпті біздің кейіпкерлеріміздің бәрі де осында тәлім алған.

Ал, Ауман Байдолов 1942 жылдың желтоқсанында әскерге алынды. Бастапқыда жаяу әскер сапында болғанымен, кейін өз тілегімен авиацияға ауысады. Үш мәрте ауыр жарақат алады. Содан 21 жасында әскери киімімен сымдай тартылып, елге келгенінде үлкен-кіші таң қалыпты ғой. Шағын ғана ауылдан шыққан ұшқыш емес пе ол?

Ешқашан өзін батыр санамаған, соғыс туралы көп айтпайтын ол, шын мәнінде, нағыз ерге тән мінезге ие болды. Қос тілде сауатты сөйлейтін жігіт өз пікірінің дұрыстығына сенсе, соңына дейін қорғайтын. Өзгенің өтірігіне көнбейтін. Ұжымшар төрағасы, кеңшар директоры, өзге де лауазымды жұмыстарды атқарып жүріп, өңірде ауыл шаруашылығын барынша дамытты. Бірнеше ауданның осы саладағы басқармаларын басқарды. Ауыл шаруашылығы министрлігінде еңбек етті. Сонда жүріп зейнеткерлікке шығып, 1999 жылы сәуірде дүние салды. Бірнеше орден-медальмен марапатталды.

Міне, осындай жанның есімі Атырау облысының да, Исатай ауданының да энциклопедиясында аталмай қалыпты. Қандай өкінішті! Айтпақшы, осы материалды дайындау барысында біз де аймақ шежіресіне көз салғанбыз. Бүгінгі деректі очеркте баяндалған кейіпкерлеріміздің де көбі жоқ.

…Міне, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына да жеттік. Ал ардагерлер сапы тым сиреп қалды. Біздің кейіпкерлеріміздің де ешқайсысы өмірде жоқ. Әттең, тірі болса, көппен бірге тойлар еді-ау. Майдандағы арпалыс па, тылдағы тартыс па – бәрі ортақ жеңіс жолына жұмылдырылды. Олардың бәрі де сарбаздар. Әйтпесе, майдангерлер мен тылдағылар теңестірілмеген болар еді ғой. Бүгінде елде ертелі-кеш еңбек еткендер мен ұрыста оққа кеуде тосқандар есімі қатар аталады. Олардың әрқайсысы туралы бөлек очерк жазуға болады. Ал, біз бір әулетті ғана қысқаша шолып өттік.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*