СЕГІЗ МЫҢ НӨМІР – ТҰНҒАН ӨМІР

Бейсенбі күні «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғимаратының «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында «Дендердің» сегіз мыңыншы санының жарыққа шығуына орай салтанатты жиын өтті. Оған байырғы басылымның ардагер-қаламгерлері, баспа қызметкерлері, редакцияның бүгінгі ұжымы мен басқа да әріптестер шақырылды.

Қонақтарға алдымен газеттің өткен тарихын өрнектейтін деректі бейнекөрсетілім мен фотосуреттерден,әр жылдары алған байрақ-марапаттарынан шағын көрме ұсынылды.

Салтанатты басқосуды «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай ашып, жүргізіп отырды. Индерлік журналистерді алдымен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Оразбек Қасымов құттықтап, осы уақытқа дейін үш ұрпақ өкілі алмасқан газеттің жақсы дәстүрлерінің алда да сабақтаса жалғасуына, журналистерге тың ізденістер мен шығармашылық табыстарға жете берулеріне тілектестігін білдірді.

Өзінің алғаш ақындық қолтаңбасын «Дендерде» қалдырып, еңбек жолын осында тілшіліктен бастаған Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев:

Жақсы жылдарым қалды,

Жастық дәуренім қалды

«Дендерде»,

Ұяң жүздерім қалды,

Қиялды іздерім қалды «Дендерде».

Қаймана қазақ шығарса мені

кең төрге

Сенің еңбегің, «Дендерім»,

Сыйлы да қылған елдерге –

Мың рахмет, сендерге!, – деп жыр шумақтарын төкпелетті.

Баспаханада әріп терушіліктен басылымның редакторына дейінгі қызметтік баспалдақтардан өткен ауданның Құрметті азаматы Ерсайын Көшек орамды ойларын былайша жеткізді:

– Осыған дейін облыстық деңгейде мұндай шара кен емес. Бүгінгі мағыналы да, мәнді салтанаттың өтуі аудандық газет пен оның журналистер қауымына көрсетілген құрмет пен сенім деп білемін. Аудандық басылымның мұндай арнаулы нөмірін шығару біздің дәстүрде бар нәрсе. Әлі есімде осыдан 40 жыл бұрын, 1975 жылдың 3 шілдесінде газеттің төрт мыңыншы нөмірі көркем безендіріліп, мазмұнды шықты. Содан соң қалың оқырман қауымы 5000-шы, 6000-шы 1997 жылы 7000-шы нөмірімен қауышты. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздіктің көк туын желбіреткен тарихи кезеңде аудандық газет бүгінгіні баянды етіп, ертеңге сенім ұялатуда өзіне жүктеген міндетті абыройлы атқарып келе жатқанына жұртшылық куә. Ылайым солай бола бергей!

Қазақстанның Құрметті журналисі, ауданның Құрметті азаматы Кеңес Сахидің журналистік қызметі 1965 жылдың 15 мамырында газетке тілші болудан басталыпты. Ол кезде редакция кеңсесі аласа, есігі де қиындасып жабылмайтын шағын екі бөлмеде орналасқан еді. Журналистер мен баспагерлердің қажырлы еңбегі мен төгілген терінің нәтижесінде «Дендердің» абыройы артып, беделі биіктегенін айтқан Кеңес ағамыз өмірден өткен әріптестерін де құрметпен еске алуды жөн көрді.

– Газетте Мұрат Қазихановтың, Әнуар Нәбиевтің, Базарғали Суханқұловтың қолтаңбалары қалды. Газет аудандағы көптеген талантты да талапты жастардардың қанатын қатайтты. Бүгінде олардың көпшілігі – өңірімізге танымал журналистер.Өзім де тәжірибелі аға журналистерден үйреніп, бұл мәртебелі мамандықтың қыр-сырын меңгердім. Тілші, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1969 жылдан редактордың орынбасары лауазымында қызмет атқардым. Зейнеткерлікке шықсам да әлі қаламым суынған емес. Газетіміздің мәртебесі биіктей берсін, – деді ол.

Белгілі ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, ауданның Құрметті азаматы Сансызбай Базарбаев журналистік қызметтегі қызықты жайттардан, өмірден өткен аға буын өкілдерінің қалдырған өнегелі де өрісті істерінен сыр шертті,төл газетінің сегіз мыңыншы нөміріне арнаған жыр жолдарын оқыды:

Сағынып күткен елдің ақпараты,

Қасиетті «Дендер» деп аталады.

Сегіз мыңыншы нөмірі

шықты, міне,

Бұл да өзі тарих болып

сақталады…

Үнемі жарысатын өмірменен,

Шыға бер әлі талай нөмір деген.

Жазыңдар жасампаз ел

ерліктерін,

Тілеймін бар бақытты

көңілменен…

Аудандық баспахананы ұзақ жыл басқарған Маргарита Бозаева полиграфиялық жағынан көркем безендірілген сапалы газет шығарудағы баспагерлердің еңбегіне тоқталып, өткен мен бүгінге ой жіберді.

Кезінде Бүкілодақтық М.Ульянова атындағы сыйлықтың бес мәрте жеңімпазы атанып, республикалық, облыстық байрақты бәсекелерде жүлдегер болған басылымның бүгінгі ұстанымына, бағыт-бағдарына тоқталған облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов пен Нәсіп Шалабаева, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Нұрым Ерғалиев әріптестерін айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтап, жазар тақырыптарының алымды, қаламдарының қарымды болуына тілектестіктерін білдірді.

Туған өңірінің аудандық басылымының мерекесіне қатысқан облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев индерлік қаламгерлерді құттықтап, редакция ұжымына «Жыр маржаны» атты он томдық Қазақ поэзиясы антологиясын сыйға тартты. Өнерлі жастар ән-жырдан шашу шашты.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай бір топ еңбек ардагерін бағалы сыйлықтармен, үздік қызметкерлерді Алғыс хаттармен марапаттап, «Дендер» газетінің редакциясы ұжымына жаңа автокөліктің кілтін табыстады. «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин газеттің 8000-шы нөмірінің жарыққа шығуына байланысты ұйымдастырылған осындай салтанатты шара мен ұжымға көрсетілген зор құрмет үшін облыстық ішкі саясат басқармасына, серіктестік басшылығына ұжымдастар атынан ризашылық сезімін білдіріп, алғысын айтты.

Бұл күнгі салтанатты рәсім кезінде жылды табысты қорытындылаған облыстық газеттер – «Атырау» мен «Прикаспийская коммуна» ұжымдары да жаңа көлікті болды.

 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*