Құсбегілердің республикалық турнирі жоғары деңгейде өтті

«Бүркітші болу үшін де туа біткен дарын керек». Көпті көрген құсбегілер осылай дейді. Бір қуанарлығы, соңғы кезде саятшылық өнерге қызығушы жастар қатары көбейген. Бүркітшілер сайысы болатыны туралы хабар жетісімен, саятшылық өнердің дәл осы түрін тамашалауға халық көп жиналды.

ЕАС 346

Аңдатпа

Турнирдің ашылу салтанаты «Атырау» спорт кешенінде өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара биыл Атырауда екінші рет өтіп отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен қолына құс қондырған жиырмаға тарта жас құсбегілер қатысып, доданың көрігін қыздырды.

Құсбегілер турнирінің ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет пен Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов сөз сөйлеп, бабадан мирас болған бүркітті баптау өнерінің бүгінге жалғасып жеткені үлкен мақтаныш екенін айтты.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов, құсбегілік өнерден мемлекеттік жаттықтырушы Күнтуған Базарбек жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді. Салтанатты шара барысында Атырау облысының ұлттық спорт түрлерінің дамуына үлес қосып жүрген  Әбдікәрім Қошқаровқа Ұлттық спорт түрлері Атырау облыстық филиалы ат мінгізіп, облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.

ЕАС 435

Ұлттық спорт ұлықталған күн

Республикалық турнирдің бірінші кезеңі Жаңаталап ауылындағы «Құлагер» ипподромының маңындағы «Жайық» жағасында басталды.

Құсбегілердің киімі, ат әбзелдері бағаланып, қажет құрал-жабдықтары тексеріліп, бүркіттерін қомдаған саятшылар образы көпшіліктің көңілін серпілтіп тастады. «Қыран құс не алмайды салса баптап» деп ақындар жырлағандай, құстарының бабы мен бағын сынаған бүркітшілер жарыстың бірінші кезеңінде «Өзіне шақыру», «Шырға тарту», «Еркін ұшыру» әдістері бойынша сайысқа түсті. Осы күні табиғат та тамаша тартуын жасап, ашық аспан астында жиналған жұрт жайдары көңіл-күймен сынға түскен құстарға қиқу қосып тұрысты.

Шамамен 1000 метр қашықтықтан тұрып шақырған иесін дауыс арқылы тауып келген бүркіттер саятшыларға он ұпайдан сыйлады. Бабы жетпеген бүркіттердің далаға ұшып, Жайық бойымен тоғай жағалап кеткен жағдайлары да кездесті.

«Бүркіт томағасын шешкенде көзі қызылға түседі. Сондықтан, жарыс қарауға келген балаларға қызыл киім кигізбеулерін сұраймыз» дейді төрешілер. 

Осылайша, жарыстың  ақтық кезеңіне 18 бүркітші жолдама алды. Олардың арасында атыраулық үш құсбегі де бар.

ЕАС 441

Құс баптап, аңға салған, қиқу салып…

Жарыстың екінші кезеңінде қырандардың өнері сарапқа салынды. Іріктеу кезеңінде әр бүркіт далаға жіберілген қоянды қағып түсіруі керек. Осы жерде бүркіттің ұшқырлығы, дәлдігі, шеберлігі айқын көрінеді. Іріктеу кезеңі­нен жоғары ұпай жинап өткен бүркітшілер ақтық сынға жолдама алады.

Ақтық сында бүркіттердің шеберлігі түлкіге жіберу арқылы сыналады. Түлкі оңайлықпен алдырмайды. Арнайы дайындалған жігіттер көтеріп әкеліп, берілген нұсқауымен түлкіні қоя бергенде, таудың ұшар басынан дайын тұрған құсбегі өзінің бүркітін ұшырады. Қаша жөнелген түлкіні байқаған қыран көз ілестірмес жылдамдықпен зулап барып, түлкіні ұшырып түсіріп, басып-жаншып тастайды. Кейбір әккі түлкілер қыранның самғап ұшып келе жатқан бағытын сезіп, өзінің жүру бағытын оқыс өзгерте қояды. Сондай кезде тәжірибесі аздау қырандар көз алдындағы түлкіден айырылып қалып, ұстай алмай қалған жағдайлар да жарыстың көркін қыздыра түсті.

Келесі сайысты қаршығашылар жал­ғастырды.  Қаршыға құсының да өнері түрліше сарапқа салынды. Бірінші кезеңде – қаршығаны көгершінге салды. Екініші кезеңде – қаршығаларды қашықтықта тұрған адамның қолына дөп қондыру шеберлігі сыналды. Ақтық сында бүркіттер қасқырға түсті.

ЕАС 2394

Кімдер жеңімпаз атанды?

Екі күнге созылған турнир нәтижесінде Арман Қошқаровтың Нарын атты бүркіті жеңіске жетті.  Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған бүркіт, 2014 жылы өткен халықаралық турнирде Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Чехословокия елдерінен келген 64 бүркітті басып озып, бас бәйгені жеңіп алған екен.

«Ең жас бүркітші» атағы Серікболсын Жалғасұлына табысталды. «Жеңіске деген ынтасы үшін» Серікбек Күнтуғанұлына тапсырылды.

Бүркітшілер арасында бірінші орынды атыраулық Арман Қошқаров, екінші орынды Ақмола облысының намысын қорғаған Бергенбай Тастанбек және үшінші орынды Астана қаласынан келген Руслан Мағзомов жеңіп алды.

Қаршығамен аң аулау жарысында бірінші орынды жамбылдық Бауыржан Шернияз, екінші жүлдені Алматы облысынан келген Аян Сейітжан, үшінші  орынды Ақтөбе облысынан келген Ақберген Құрманғалиев иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен грамоталар тапсырылды.

                                                                                                           Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*