Саз әлемінің сардары

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстанның және Қырғызстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақановтың «Ұлы дала жырлайды» атты шығармашылық кеші өтті.

%d1%81%d0%b0%d0%b7-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%96%d0%bd%d1%96%d2%a3-%d1%81%d0%b0%d1%80%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%8b

Салтанатты шараның беташары аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Абзал Ахатұлының кіріспе сөзімен ашылды. Мерейгер Илья Жақановты 80 жасқа толуымен құттықтап, иығына шапан жапқан аймақтағы білім қара шаңырағының басшысы кештің қонағы, Қазақстанның Халық әртісі, дәстүрлі әнші, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Қажыбек Бекбосыновтың да 70 жасқа толғанын атап өтіп, сыйлығын табыс етті.

«Ұлы дала жырлайды» шығармашылық кешін бастан аяқ жүргізген Илья Жақанов Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ сахараны мекен еткен халқымыздың әндерінің тарихына тоқталып, әр өңірдің ән мектебі, оның өзіне тән ерекшелігі туралы сипаттама беріп отырды. Сол арқылы халық өнерінің Каспий теңізіндей тұңғиығына батырып, Хан Тәңірінің шыңдарындай биігіне тамсанта қаратып, таңдай қақтырғаны кәміл.

Аталмыш өнер мерекесіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Ербол Айтбаев қатысып, өздерінің ән мектептері бойынша өнерлерімен тамсантты.

Ұлы даламызда өмір сүрген сал-серілер өмірін зерттеп, әйгілі «Құлагер», «Балқадиша» әндерінің авторы Ақан сері өмірінен кітап жазған Илья Жақанов халық әндері тарихының білгірі екені жасырын емес.

Өзі де халық әнінің тылсым сырын құлағына құйып, жүрегіне сіңіріп өскен ол өлмес туындыларды өмірге әкелгені ақиқат. Осынау ұлы жолда көптеген қиындықтарды да, ұмытылмас кездесулер мен қызықты сәттерді де бастан кешті. Мәселен, «Еділ-Жайық» әнінің өмірге келуі – өзгеше бір құбылыс. Бабалары 200 жылдан астам уақыт бұрын арқаға үдере көшкен композитордың көңілінде елге, Еділ мен Жайыққа деген үлкен сағыныш, ғажап махаббат бары анық. Ол – оған ата-бабасының осынау Ұлы өлкеге деген сағыныштарынын бастау алған, қажет жерінде күш беретін, көңіл көкжиегіне уыздай пәк сезімді шүпілдетіп, арнасынан асыратын ғажайып бір тылсым.

Әуелі жанының тұңғиық тереңінен маржан сүзгендей керемет әуезді әуенді дүниеге әкелген сазгер Жұбан Молдағалиев сияқты арынды ақын ағасына осынау әніне сөз жазуға қолқа салады. Бірден-ақ іні сөзін құп алған Жұбағаң «Еділ-Жайықты» жазу  үшін  қатты қиналады. Тіптен, композитормен сөзге де келеді, жазған өлең сөздерін ұнатпаған Илья Жақановты «терезеден лақтырып жіберемін» деп те аласұрады. Әрине, өнер адамдарына тән бұл эмоциялық сезімдердің арғы жағында буырқаныс, жарыққа бұлқынған өлең толғағы жүріп жатқан еді. Ақырында  Батыс өлкесінің гимні атанған ғажайып ән, өлмес туынды жарыққа шықты. Орал қаласында осынау әнге деген халықтың ілтипатындай болып ескерткіш бой  көтерді. «Ганюшкинге барған бір сапарымда жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев: «Осы жерге «Еділ-Жайық» әнінің ескерткішін салу қажет», деген болатын. Әлбетте, Ганюшкиннен тұрғызылмаса да ескерткіш Оралдан бой түзеді. Бұл – әнге деген халық махаббатының көрінісі»,- деді ән авторы ерекше толқи тұрып.

Ал, «Толағай» әнінің тарихы тіптен өзгеше. Бұл –  кең тынысты, эпикалық сипаттағы романтикалық ән. Ұлан-ғайыр сахараның өзіндей асқақ леппен басталып, кеудені туған жерге деген ғаламат сүйіспеншілікпен өртеп қоя беретін «Толағай» – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған өнер туындыларының ішіндегі өресі биік шығарма. Елбасымен бірнеше рет кездесіп, сол кездесулерінен алған әсерін эссе түрінде жазған Илья Жақанов аталмыш әнде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне деген елдің махаббатын да айрықша лүпілмен жеткізеді.

Отанға деген перзенттік сезімі композитордың көкірегінен ән болып туып, қазақ жерінің әр түкпірінде бұлбұл болып сайрап отырғандай. Оған мысал – «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Ойыл жағасында», «Доссор вальсі», «Маңғыстау», «Теміртау түні», «Жайлаукөл кештері» әндері.

Ал, композитордың адамзат ақыл-ойының шыңы атанған Шыңғыс Айтматовпен достығы, екі алыптың шығармашылық одағы – үлкен арна, таусылмас дария. Сонау «Даниярдың әні», «Жәмила», «Асылым», «Әсел», «Бибіжан» әндері – Алатауды  ен жайлаған, түбі бір екі халықтың арасындағы алтын көпір.

Аталмыш кешке қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп Илья Жақановқа арнап  «Даланың дархан дауысы» атты кітап жазған екен. Бұл да оған деген елдің кіршіксіз сезіміндей. Өнерге арналған мейрамда жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов, «Парасат» орденінің иегері Рахымжан Отарбаев сөз сөйлеп, мерейгерді құттықтады.

Салтанатты шараға қатысқан қонақтарға университет ректоры Абзал Тәлтенов шапан жауып, алғысын айтты. Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақанов та өз кезегінде жоғары оқу орны басшысы Абзал Ахатұлына, барша қонақтарға ілтипат сезімін білдірді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*