Сенімділік сипатындағы диалог

Senimdilik sipatyinda yi dialog Саясат

Ғаламдық экономиканың алпауыт ойыншысы  Қытаймен арадағы дипломатиялық қарым-қатынас тәуелсіздік елең алаңында, анығырақ айтқанда, 1992 жылы орнады. Қос мемлекет арасындағы байланыстың стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін бірлескен жобалар дәлелдеп отыр.

Сенімділік сипатындағы диалог

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы

Десе де, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылып, оған Қазақстанның тең дәрежелі мүшелікке өтуі – ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды қадамдардың бірі. Астана ресми құрылтайшысы болып табылатын халықаралық институттың құрамында Қазақстанмен бірге, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан, Өзбекстан бар. Қауіпсіздік пен экономика саласында әріптестік орнатқан ұйым бүгінде функционалдық шекара аумағын ұлғайтып, көлік, мәдениет, төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын жою, құқық қорғау қызметін де қамтып отыр. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының халықаралық маңызы кезіндегі Ұлы Жібек жолын дамыту перспективасының қайта қаралуына алып келді.

«Батыс  Еуропа – Батыс  Қытай»

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолы» — стратегиялық маңызға ие алып жоба. Халықаралық деңгейдегі транзиттік автожол өткен ғасырлар қойнауында қалса да, тарих үнімен бүгінге жеткен Ұлы Жібек жолының қазіргі заманғы талассыз баламасы болып отыр. Және бір қызығы, аталмыш транзит дәлізін салу идеясының авторы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл идея Президенттің 2008 жылдың 6 ақпанындағы Жолдауында анық айтылды.

Сол жылдың 22 қыркүйегінде Ресей Федерациясымен, 2009 жылы 16 сәуірде Қытай Халық Республикасы Коммуникация министрлігімен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізін құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Ашық дерек көздерінде Ресейдің Санкт-Петербург пен Қытайдың Чженчжоу аралығындағы жолдың 8445 шақырымды, 10 тәуліктік сапарды қамтитындығы айтылады. Аталмыш дәліздің Қазақстандағы жалпы ұзындығы – 2787 шақырым. Және ол Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары арқылы өтеді. Қазақстан аумағынан өтетін жобаның жалпы құны 825,1 млрд. теңгені құрайды.

Алыппен арадағы алыс-беріс

Осыдан біраз бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қос мемлекет басшылары арасында сенімділік сипатындағы диалог орныққанын мәлімдеді. Бұл ресми мәлімдеме Қазақстан Президентінің Қытай еліне жұмыс сапары кезінде жасалған болатын.

Қазіргі кезде қос мемлекет арасындағы әріптестік байланыс ұлттық экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға ойысып отыр. Сонымен бірге, Елбасы химия өнеркәсібіндегі, тау-кен, металлургия кешеніндегі, машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және экономиканың басқа да салаларындағы индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отырғанын хабарлады. Сарапшылар бірлескен жобалар іске қосылған жағдайда экспортқа бағытталған әрі қосымша құны бар жоғары технологиялы отандық өнім өндіретін кәсіпорындар құрылатындығын айтады. Президенттің ресми Бейжіңге жақын арадағы сапары аясында екі елдің бизнесмендері жалпы сомасы шамамен 13 миллиард теңге болатын 40 құжатқа қол қойды.

 Тақырыпқа  тұздық

Арыстан  ҚАБЫКЕНОВ, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

51 жоба жүзеге асырылады

– «Қытай Халық Республикасы – әлемдік деңгейдегі ең маңызды және ірі инвесторлардың бірі. Қазіргі кезде Қазақстан–Қытай ынтымақтастығы жоғары деңгейдегі байланыстардың шапшаң динамикасымен және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымымен сипатталады. «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламасы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Бұл бағытта 2015 жылдан бастап Қазақстан мен Қытай индустрияландыру және инвестициялар саласында бірлескен бағдарламаны жүзеге асыруда, оның аясында жалпы сомасы 27 млрд. АҚШ долларынан асатын 51 жоба жүзеге асырылады.

P.S. Қытай бүгінде әлемдегі ең үлкен, жетекші екі экономиканың біріне айналып отыр. Әлемдік экономика инвестициялық тәжірибе, инновациялық жеделділік кластеріне ойысып келеді. Демек, Қытай өз дамуының мүлдем жаңа жолына түсті деген сөз. Осындай даму толқынында Қазақстан озық елдер тәжірибесін меңгеруден шет қалмақ емес.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 Анықтама:

Алпауыт елмен арада металлургия, мұнай, газ өңдеу, химия, мұнай-химия өнеркәсібі, көлік жасау, электр энергетикасы, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, көлік, логистика салалары бойынша алыс-беріс орнаған.

 – Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 3 қаңтардан бастап орнады;

– 1992 жылы ақпанда Алматыда Қытай елшілігі, Пекинде Қазақстан елшілігі ашылды. Екі ел арасында сауда-экономикалық мәдени, әскери байланыстар дами бастады.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз