Сауал – сізден, жауап – бізден

«Заңгер бұрышын» тәжірибелі заңгер Рысты ҚАЛИЕВА жүргізеді

Сауал – сізден, жауап – бізден

 Зейнетақым қайта есептеле ме?

Мен көп балалы анамын. «Алтын алқа» иесімін. 2011 жылы жеті баламен зейнеткерлікке шықтым. Сегізінші баламды 8 жасқа толған жоқ деп зейнетақы мөлшеріне қосқан жоқ. Білейін дегенім, 58 жасқа толғанда сегізінші балам қосыла ма? Еңбек өтілім қосылып, 58 жаста зейнетақым қайта есептеле ме? «Алтын алқа» иегері ретінде үй алуға немесе тұрғын үй кезегіне тұруға, басқа да жеңілдіктер қарастырылған ба?

А.ӘБІШҚЫЗЫ.

Жауап: – Қазақстан Республикасының  зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңының талабына сәйкес, бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алуға құқығы бар. Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ, әрбiр бала үш жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт есепке алынады. Сондықтан да, сіз 53 жасқа келіп жасыңызға байланысты зейнеткерлікке шыққан болсаңыз, 58-ге жеткенде қайта есептеу жүргізілмейді. «Алтын алқа» иегері болсаңыз, онда  үй алуға немесе тұрғын үй кезегіне тұруға және салықтардан босатылуға байланысты жеңілдіктер қарастырылған.

 Талап  заңды  ма?

Автокөлігімнің алдында темір қалқа («кенгурятник» деп атайды) бар. Оны техниканың бұрынғы иесі орнатқан. Жол қозғалысына ешқандай қатысы жоқ болғанымен, жол сақшысы осы қалқаны алып тастауымды талап етті. Заңгер ретінде қалай ойлайсыз, осы талап қаншалықты дұрыс?

Бауыржан  ЕРКЕТАЙҰЛЫ,

Атырау қаласы.

Жауап: – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге қосымша  «Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын, жол жүрісі қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қауіп тудыратын ақаулар мен жағдайлардың тізбесі бекітілген.  Осы тізбе автомобильдердің, автобустардың, автопойыздардың, тіркемелердің, мотоциклдердің, мопедтердің, тракторлардың, өздігінен жүретін машиналардың ақауларын және оларды пайдалануға тыйым салынатын жағдайларды бекітеді.

Бұл тізбеде: жүргізуші орнынан көруді шектейтін, жол жүрісіне қатысушылардың жарақат алу қаупіне әкеп соғатын қосымша заттар орнатылғанға; техникалық реттеу саласында көзделген талаптарды бұза отырып, көлік құралдарын қайта жабдықтау жүргізілгенде, яғни, көлік құралдарын қайта жабдықтау (құрылғысын өзгерту) – көлік құралының конструкциясында көзделген жол жүрісінің қауіпсіздігіне әсер ететін құрамдас бөліктер мен жабдықтау заттарын алып тастау немесе көзделмегендерін орнатуға тыйым салынған.

Дайындаған: Азамат БАЗАРБАЕВ.

 Заңгерге  қоятын  сауалыңыз  болса,  45-84-30  телефонына  хабарласыңыз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*