Сауабы мен шарапаты мол ай

Айлардың сұлтаны болған Рамазан айыАлла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы, әрі нығметі. Себебі, Рамазан күнәдан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Алланың разылығын алуға мол мүмкіндік береді.

2217024

Қасиетті ай туралы Құран Кәрімде «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине, сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтер. Және сондай оразаға дәрмені жетпейтіндер (кәрі, не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал, біреу науқас, не сапарда болса,  басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкіршілік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» делінген («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар).

Ораза – Алла Тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Хадис-құдсида Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды мен ғана өлшеп, мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының иісі мен үшін мисктен (әтірден) де артық» дейді. Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді.

Асылында, рухани кемелділік, тақуалық нәпсіні тәрбиелеумен жүзеге асады. Нәпсіден тыйылып, жүректің көзі ашылғанда, адам айналасына мейірімді, кешірімшіл бола бастайды.

Оразаны кейбір адамдар денсаулықтың жақсаруы, жұмыстың алға басуы, мал-мүліктің көбеюі сынды дүниелік мақсаттар үшін де ұстап жатады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Расында әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі тиесілі болады» деген. Яғни, кім денсаулығының жақсаруы үшін ораза ұстаса, оның денсаулығы жақсарады. Ал, кімде-кім жұмыстың алға басуына ниеттенсе, жұмысы жақсарады. Бірақ, басқа жақсылықтардан құр қалады. Ал, кімде-кім сауаптарының көбейіп, Алланың ризалығын алуға ниет етіп ораза ұстаса, оның күнәлары кешіріліп, Алланың ризалығына қол жеткізеді. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деп айтқан. Сонымен қатар, ораза ұстаған пенде осы дүниенің жақсылықтарына да бөленеді.

Оразаның қасиеттері жөніндегі келесі хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Ораза тозақ отынан қорғайтын қалқан»; «Кім Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Алла оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады»; «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда жасаған дұғасы кері  қайтарылмайды» дейді.

Қасиетті айда әр күнімізді дұға, сауапты амалдармен өткеріп, Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетуімізді нәсіп еткей!

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*