САРЫТОҒАЙДЫҢ САРЫ БАЛАСЫ

1956 жылдың желтоқсанында Махамбет ауданына қарасты Сарытоғай селосында кіндік қаны тамған ол осындағы орта мектепте орыс тілінде білім алады. Онжылдықты бітірген жылы сол кездегі еліміздің астанасы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Мектеп қабырғасынан дәйекті дәріс алып шыққан ауыл баласы мұнда да үздік оқуымен көзге түсіп, жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдайды. Дипломында жазылғанындай, ауыл шаруашылығы саласының инженер-механигі мамандығын меңгерген талапты жігіт туған жеріне оралысымен бірден еңбекке араласады.

Аудан орталығындағы «Казсельхозтехника» өндірістік бірлестігінде техник-инженер лауазымында төрт жылдай жұмыс жасайды. 1982 жылы Төменгі-Жайық суландыру жүйесі басқармасына ауысып, осында ширек ғасырға жуық (1982-2006 жылдары) уақыт еңбек етеді. Қатардағы су айдау стансасының машинисінен бастап механик, аға механик, бас инженер, мекеме басшысына дейінгі баспалдақтардан өтеді.

Қандайма жұмысқа да қолының ебі, икемі бар адамның оны жатсынбайтыны белгілі ғой. Осылайша, Владимир Андреевич те бір мезет мамандығы мен кәсібін алмастырып, қызметін басқа салада жалғастыруға бел байлайды. Сөйтіп, алты жылдай мезгілін тұтынушыларды табиғи газбен қамтитын бұрынғы «Облтрансгаз» КМК, қазіргі «Трансгаз аймақ Атырау» кәсіпорнының Махамбет аудандық филиалында өткізеді. Мұнда да өзіне тапсырылған жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып, білікті маман ретінде танылады. Ал, 2012 жылдан бері су шаруашылығы мекемесінде (бүгіндері «Қазсушар» РМК Атырау облыстық филиалының Төменгі – Жайық суландыру  учаскесінде) бастықтың орынбасары лауазымында еңбек жолын жалғастыруда.

– Махамбет пен Сарытоғай селолары әуелден де іргелес орналасқан, ауылы аралас, қойы қоралас, көршілес елді мекендер ғой. Оның үстіне, соңғы бірер жылдан бері бұлар біріктіріліп, екі ауыл да Махамбет селолық округіне қарайтын болды. Мұның өзі біздерді бұрыннан бетер жақындастыра түскендей болды. Әрқайсымыз әр ұлттың өкілі екендігімізге, дініміз бен діліміздің, тіліміздің өзгешелігіне қарамастан бір-бірімізбен доспыз, татумыз, ынтымақтамыз. Ең үлкен байлық та, бақыт та осы деп санаймын, – дейді сұхбаттасымыз.

Әңгіме барысынан аңғарғанымыздай, Володяның өзімен бір кіндіктен тараған бауырлары – апасы Лидия осы жерде тұрмыс құрып, отбасы, балаларымен туған ауылында қалса, үлкен ағасы Александр жанұясымен Ресей жерінде тұрып жатқан көрінеді. Ал, кіші ағасы Валерий Райхан есімді қазақ қызына (Жамбыл облысының тумасы) үйленіп, ол да кіндік қаны тамған топырағынан алысқа ұзамапты. Осында түтін түтетіп, ел қатарлы өмір сүруде. Бес перзентті дүниеге келтіріп, тәрбиелеп, ұл-қыздарын теңіне қосқан, қазақтармен құйрық-бауыр жесіп, құда болысқан, ұлағатты ұяларына жұрт қызыққан өнегелі отбасыларының бірінен саналады.

Ата-анасы мен алдындағы аға-апаларынан алған тәлімін шаңырақтың кенже ұлы Владимир де лайықты жалғастыра білді. Ауылдасы, Нина Борисовна Коновалова (кейіннен Розенова) есімді орыс қызымен отасып, жанұяларында Ольга және Андрей атты ұл мен қыз өмірге келді. Бүгінде бірі бойжетіп, екіншісі ержетіп, өз ошақтарының түтінін түтетуде. Бір қызығы, күйеу балалары Роман да, келіндері Айгүл де өздерімен бір ауылда тұратын, күнде дерлік көріп-біліп жүрген адамдардың балалары болып шықты. Және бір білгеніміз, біздің кейіпкеріміздің де ұзақ жылдардан бері аралары ажырамаған, іргесі сөгілмеген, ағайындай боп кеткен көршілері де қазақтар екен. Владимир Андреевичтің өмірлік жұбайы Нина Борисовна да кезінде мектепке дейінгі балалар мекемесінде, «Орал» кеңшарының жеміс-көкөніс дайындау цехында жұмыс жасаған. Қазір де ауылдың алуан түрлі тірлігіне атсалысып отырады. Өңірдің, қала берді, елдің қоғамдық-саяси өмірінен де бұл отбасы тыс қалған емес. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралардың да бел ортасынан табылуда. Соның ішінде, кейіпкерімізге қатысты тағы бір айтарымыз, Владимир – осымен үшінші мәрте сайланған аудандық мәслихаттың депутаты. Соған байланысты халық қалаулысы мәртебесінде де ол өзіне сеніп тапсырылған міндеттерін мінсіз атқарып, ауылдастарының аманаттарына адал болуды алға қоятындығына шүбәсіз сендік.

Айтпақшы, 80-дей адам еңбек ететін Володяның ұжымында өзінен өзге де ұлт өкілдері – татар жігіті Александр Салимов, кәріс Сергей Ким, кабардин-балкар Слава Шукаев машинист, дәнекерлеуші, слесарь мамандықтары бойынша жұмыс жасайды.

Дәулетқали АРУЕВ,

Махамбет ауданы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*