САРЫАРҚАДАН ЖЕТКЕН САМАЛ

 Кең Жылыойдың құшағы да кең

Салтанатты жағдайда өткен митингіні Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов ашты. «Ел Үкіметі мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының  ұдайы мерекелік пойыз ұйымдастырып, темір жол торабындағы ауыл азаматтарына медициналық, әлеуметтік-құқықтық кеңестер беріп, өнер жұлдыздарының мәдени кештерімен ерекше қуанышқа бөлеп келе жатқанына куәміз» деген ол Қазақстан халқы Ассамблеясының татулық пен бірлік, бейбітшілік пен келісім қағидаларын берік ұстанған ұйымға айналғанын айтты. «Ел бірлігі мен тұтастығының қалыптасуына өзіндік үлес қосып отырған өңірдің бірі – Атырау облысының Жылыой ауданы.

Жылыойды – ұлылардың кіндік қаны тамған, талай ақын тебірене жыр төгіп, талай батыр ерлік даңқын паш еткен киелі өлке деп мақтанышпен айтамыз. Жылыой – ежелден ел жайлаған, «Аралтөбе» қорымынан Қазақстандағы екінші «Алтын адам» табылған қасиетті өңір. Жылыой – Қарашүңгілден бастау алған қазақ мұнайының қарашаңырағы, бүгінде әйгілі Теңіз кенішін игеруімен аты әлемге мәлім болған мұнайлы аудан» деген  ол әлемдік геосаясат картасында орын алып жатқан қиындықтарда ел бірлігінен ажырамаудың маңызды екеніне тоқталды. 

Байлығы бар елдің  бағы да бар                                    

Сарыарқа төсінің сәлемін жеткізген «Менің Қазақстаным» үгіт пойызының керуен жетекшісі Ғазиз Телебаев Астанадан шыққалы жеті қалаға аялдап, бағдарлама аясында сан-салалы қызмет көрсетілгенін, Құлсарының сегізінші аялдама екенін айтты. «Тура бір ай ішінде аудандық-аймақтық 19 қалаға аялдап, халыққа қызмет көрсетіп, Елордаға жетеміз. Керуен сапары аясында әлеуметтік, заңгерлік және денсаулық сақтау саласы бойынша кеңес беру, этносаралық қарым-қатынас негізін, білім-ғылым, мемлекеттік жастар саясатын түсіндіру, бизнесті дамыту және экологиялық мәселелерді зерттеу жоспарланған. Керуен құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясы және ғылыми кеңес мүшелері, білікті дәрігерлер, белгілі әртістер мен әншілер бар» деді ол.

Керуенбасы негізгі құрамның жергілікті халықпен бетпе-бет қауышып, олардың нарық жағдайындағы хал-ахуалымен, өздері өмір сүріп отырған орта проблемалары және әлеуметтік мәні бар көкейкесті  мәселелерімен тереңірек танысып, кеңес, бағыт-бағдар беретіндігін қаперге берді.

Темір жол саласының ардагері Есімбай Қайыржан Атырау және Құлсары теміржолшылары атынан астаналық керуен жұмысына сәтті қадам тілеп, татар ұлтының өкілі Гүлнара Шауқатқызы көп ұлтты елдің бақыты – татулық пен бірлікте екендігін айтты.

Жылыойлық әншілер орындаған Илья Жақановтың «Құлсары», Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әндері құлақтан кіріп, бойды алып, астаналықтарды әсем сезімге бөледі. Жиын соңында меймандар вокзал аллеясына жас көшеттер отырғызды. 

Этносаралық келісім – ынтымақ ұйытқысы

Түстен кейін аудан әкімі аппаратының кіші залында астаналық үгіт-насихат тобы мүшелері қала тұрғындарының, ардагерлер, ауыл әкімдері және қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің алдында тақырыптық баяндамалар жасады.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының және Кеңес мүшесі Камал Бурханов ұлтаралық қатынас ел тыныштығының негізгі құндылығы екендігін айтты. «Алыс-жақын шет елдерде болып жатқан оқиғалардан бүгінгі сауатты буын жақсы хабардар. Сондықтан, еліміздің бірлігін, халықтың өзара ынтымағын бірінші кезекке қоюымыз керек. Құдайға шүкір, біз – бүгінде бірлігі бекем елміз» деген ол жаһандық дағдарыс жағдайында жүріп жатқан бюджеттік қысқартулардың мәніне  де тоқталды.

«Ол бір триллион теңгені құрайды. Бұл ретте ұлттық қорды сын шақтың түйінін тарқатып, құлпын ашатын кілт десе де болады. Ол – экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғап, тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Яки, жылына 8 млрд. жарата алуға мүмкіндік бар. Біздің ішкі жалпы өніміміз кавказ елдерін қоса алғанда, жеті бірдей мемлекеттің ІЖӨ-не теңесе алады» деді ол.

Философия ғылымдарының докторы Қазбек Қазкенов жалпыұлттық идея – Мәңгілік Ел идеясының маңызына тоқталды. «Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел. Заң алдында бәріміз бірдейміз.  Қазақстан қоғамының ұлы құндылығы да осындай» деді ол.

Қазақстандағы Әзірбайжан қауымдастығының төрағасы Видадий Салахов 1937 жылы 110 мың әзірбайжан халқының депортацияланғанын атап өтті. «Олар оңтүстік жаққа, Жамбыл және Алматы облыстарына жайғастырылды. Қазақтар бауырмал халық қой, кеңпейілділігі мен қонақжайлылығын танытып, өз орталарына сіңістіріп жіберді» деген ол мемлекет дамуының негізгі кілті тұтастық пен бірлікте екенін айтты. 

Қалалық кітапханаға – құнды  сый

Үгіт пойызының өкілдері балалар және жасөспірімдер кітапханасында жастармен кездесу өткізді. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық жоспарлау және болжау бөлімінің басшысы Юрий Самусев лекция оқыды. «Ассамблея бүгінде еліміздегі 820 этномәдени орталықты біріктіреді, жалпы құрамында 130 ұлыс бар. Бұл қуатты институттан Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайланған» деген ол елдегі тұрақтылықты сақтаудағы Ассамблеяның маңызына тоқталды. 

Баяндамадан соң «Драгоценный дар» акциясы аясында «Елдің бағы», «Жерұйық», «Из истории депортация Казахстана», «Литература народа  Казахстана» тақырыптарында жарық көрген тарихи туындыларды табыс етті.

Ұлттық академиялық кітапхананың бас директорының орынбасары Ғалия Исаханова жастарды «2050» және «Дінтұтқа» кітаптарымен таныстырды.

«Жастар кәсіпкерлігін қолдау қоры» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Әуез Қарабалаев құлсарылықтарға жұмыспен қамту және бизнесті дамыту, индустриялық-инновациялық экономика үшін білікті кадрларды даярлау ерекшеліктері тақырыбында кеңестер берді.

Керуен пойызының Құлсарыға сапары аясында медицина мамандары орталық емханада сырқат жандарды қабылдап, ем жасады. Сондай-ақ, жергілікті дәрігерлерге түрлі тақырыптарда медициналық кеңестер берді. Кешкілік жылыойлықтар отандық эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*