Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: ЖЕТІ БАҒЫТ ЖЕМІСТІ ЖҰМЫСТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

 Жоғары палата депутаты стратегиялық құжатта айқындалған әрбір бағытқа, алда тұрған мақсат-міндеттердің маңыздылығына тоқталды.

«Биылғы Жолдауында Елбасы мемлекеттің алдында тұрған негізгі жеті бағытты  анықтап  берді. Ең  бастысы, инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу. Өздеріңізге мәлім, бізде инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы бар. Отандық өнім өндірісін ұлғайту айрықша назарда болуы тиіс. Биыл индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бес жылдық кезеңі аяқталады», – деді сенатор.

Одан әрі ол Жолдауда көрсетілген агроөнеркәсіп саласына инновацияны кеңінен енгізу мәселесіне тоқталды. Сенатордың пікірінше, елімізде  астықты алқаптарды ұлғайтуға, ірі қараны өсіруге, қой шаруашылығын дамытуға, көкөніс түрлерін өсіруге мол мүмкіндік бар. Бірақ, оны ескі әдіспен емес, жаңа технологияны пайдалану арқылы дамыту маңызды.  «Сонда ғана тауарларымыз бәсекеге қабілетті болады. Ендігі міндет – агроөнеркәсіп  кешенінде инновацияны кеңінен енгізу» деген сенатор одан әрі  Президент Жолдауында ерекше маңыз берілген міндет – отандық  ғылымның әлеуетін көтеру мәселесіне тоқталды. «Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы көлемі өте аз. Соның ішінде Үкіметке осы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заң жобаларын дайындап, оны Парламенттің қарауына ұсыну тапсырылды. Ол заңдар негізінен ғылымға қолдау көрсетуге бағытталатын  болады»  деген  сенатор  инфрақұрылымдық үштаған, яғни агломерация, көліктік, энергетикалық қарқынды дамытуды қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

Агломерацияның өзі жинақтау деген мағынаны білдірсе, Парламент депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің пікірінше, еліміз үлкен қалалардың төңірегіне шоғырлану бағытымен келе жатыр. «Бүгінде Қазақстанда  мұндай  екі  қала  бар.  Оның   біреуі – Алматы қаласы, екіншісі – Астана. Елбасы Жолдауында мұндай мегаполистердің қатарына Ақтөбе мен Шымкент қалалары қосылды. Себебі, осындай үлкен қалалар маңында ғылым, мәдениет жақсы дамиды. Білімнің және дәрігерлік қызмет көрсетудің сапасы жоғары болады. Ал, Ақтөбе Қазақстанның батысындағы ірі орталық болып қалыптасып келді. Болашақта ел халқының 70 пайызы қалаларда тұрады деген болжам бар. Бұл жұмыс күші артып, әлеуметтік жағдай жақсарады деген сөз» дейді депутат. 

Экономиканың маңызды саласының бірі – көлік инфрақұрылымы десек, темір жол, автомобиль  жолдарын салу ел экономикасы үшін ерекше маңызды. Оның үстіне,  транспорт саласының үлкен қаржы көзіне айналып отырғанын ескерсек, дәстүрлі энергиямен қатар, оның баламалы жолдарын дамыту міндеті де тұр. Осы мәселеге тоқталған сенатор «Энергияны үнемдеу қажет. Бізде оның арзан түрі – ядролық энергияның мол қоры бар. Қазақстан уранның қоры бойынша алғашқы бестікке кіреді. Оның үстіне, Елбасының атом электр стансасын салу жөніндегі тапсырмасы да бар. Біз бензин өндіруді де арттыратын боламыз. Елбасы Қазақстанда төртінші мұнай өндіретін зауыт салуды да міндеттеді. Бұл – үлкен әлеуметтік жоба» деп атап өтті.

Жиын барысында сөз алған мұнай саласының  қызметкері  Жандарбек Ермұқанов мұнай кен орындарын жеке қолдан мемлекетке қайтару мәселесін көтерсе,  Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының инженері Қадыр Мәжитов көрші мемлекеттерге қарағанда жергілікті жерде шығарылатын өнімдердің аздық етіп отырғандығына тоқталды. 

– Балық  шаруашылығы – экономиканың үлкен саласы, – деп атап өтті С.Еңсегенов, – сіздердің алдарыңызда тұрған міндет – балық ресурстарын қорғап, көбейту. Және соны кәдеге жаратып отырған кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажет. Сонда ғана табысқа жетеміз. Ең алдымен, тауарлы балық шаруашылығын дамытуға күш салу керек. Өздеріңізге мәлім, бұл орайда заң жобалары қабылданды. Ол серпіліс береді деп сенемін. 

«Жайық – Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Мұрат Ермекқалиев негізгі күштің браконьерлікпен күреске жұмылдырылып отырғанын айтты. Мәселен, өткен жылы 28  қылмыстық  іс  қозғалса,  оның 15-і  браконьерлікпен байланысты екен. Бүгінде 179 қызметкер еңбек етіп отырған мекеменің материалдық-техникалық базасының төмендігі де жиында ерекше қозғалған мәселе болды. Инспекцияда теңіз кемелері, мотоцикл көліктері жоқтың қасы. Ал, оларды алдыруға биылға қаржы қарастырылмаған. 

– Материалдық-техникалық база төңірегіндегі әңгімені білеміз. Сенат төрағасының орынбасары Қайрат Ищановпен бірге Үкіметке депутаттық сауал жолдағанбыз. Алайда, жауапқа қанағаттанып отырған жоқпыз. Бұл мәселені тағы да қараймыз, ол жөнінде Қайрат Қыдырбайұлы екеуміздің ойларымыз бар. Бәрі қаржыға келіп тіреледі, – деген депутат қолдан келген мүмкіндікті жасайтынын мәлімдеді.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*