САРАПТАМА ЖАСАУҒА АҒАЙЫНДЫҚ ЖҮРМЕЙДІ

– Алдымен сот-сараптама институтының міндетіне тоқталып өтсек.

– Біздің міндетіміз барлық құқық қорғау органдарын сот сараптамасымен қамтамасыз ету болып табылады. Сот сараптамасын тағайындау соттың ұйғарымымен және құқық қорғау органдарының қаулысымен орындалады. Жедел орындалатын және көп әдістемелік зерттеуді талап етпейтін сараптамалар бір күннен бір апта аралығында жасалады, жалпы, қаулы немесе ұйғарым түскеннен кейін отыз күн ішінде сараптама қорытындысы тапсырылуы тиіс. Бұл жерде жедел сараптама тек қана есірткі құралдарын анықтау үшін жүргізілетінін нақтылай кеткім келеді. Ол үшін сарапшылар тәулік бойына жұмыс атқарып, айналасы үш сағаттың ішінде есірткі құралдарының түрі анықталып, сараптама қорытындысын ұсына алады.

Өткен жылы 1906 сараптама жасалса, оның 1098-і ішкі істер департаменті, 410-ы қаржы полициясы, 27-сі ҰҚК департаменті, 224-і соттар, 28-і кеден комитеті департаменті, 64-і прокуратура тарапынан тағайындалған.

– Қазіргі уақытта облыс деңгейінде қандай сараптамалар жүргізіледі?

– Қазақстан Республикасының реестріне сәйкес, 18 түр бойынша сараптама жүргізілсе, оның 13-і Атырау облысында бар. Техникалық жарылыс, өрт-техникалық сараптамасы, психологиялық, фототехникалық және портреттік сараптама түрлері бізде әзірге жүргізілмейді. Оған мамандардың болмауы емес, штаттық бірліктердің бөлінбеуі себеп болып отыр. 1997 жылы Елбасы Жарлығымен сот жүйесін дамыту мақсатында сот-сараптамасы орталығы құрылып, оған 609 штат бөлінген болатын. Ол кездері Қазақстанда жылына орта есеппен он екі мыңға дейін сараптама жасалатын. Одан бері қаралатын істер саны көбейіп, еліміз бойынша жылына 70-72 мыңға дейін жетуде. Облыс бойынша айтсақ, 2012 жылы 1861, 2013 жылы 1906 сараптама жасалды. Демек, штат санын көбейту күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр десек, артық айтқанымыз емес.

Биыл республика бойынша 117 сарапшыға орын беріледі деп күтудеміз. Мұндай жағдайда оның бірнешеуі Атырау облысының үлесіне тиетіні сөзсіз.

– Жарылыстар бойынша сарапшының болмауын түсінуге болады, ал, өндірістік аймақта экология бойынша сараптама жасайтын маманның болмауын немен түсіндіреміз?

– Экологиялық сарапшы бізде ғана емес, басқа өңірлерде де болған жоқ. Себебі, бұл сараптама түрі реестрге 2013 жылдың екінші жартысында ғана енгізілді. Келесі жылы штат бірлігі бөлінеді деп күтіп отырмыз. Қазір ол үшін бір маманымыз Шығыс Қазақстан облысында өткен практикалық-оқу семинарына қатысып келді. Сол сияқты, электрлік және генді-модификациялық сараптама жасау үшін екі қызметкерді дайындап жатырмыз. Олар 2012 жылы Мәскеуде оқып, дәріс алып келді.

Кеңес Одағы кезінде бір ұйымға бағынғандықтан, ресейлік, сондай-ақ, белоруссиялық сараптама мекемелерімен тығыз байланыстамыз. Сол себепті, жылына елімізден жүзден астам, Атырау облысынан онға тарта сарапшы Ресей және Белоруссия елдеріне оқуға барып келеді.

Ал, білікті маманға тапшылық бар ма? Егер де белгілі бір сала бойынша сарапшыға қажеттілік туындап, басқа жақтан алдырған жағдайда әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіле ме?

– Бізде мұндай әлеуметтік пакет қарастырылмаған. Екінші жағынан, қажетті маманмен өзімізді толықтай қамти алатын мүмкіндігіміз бар дер едім. Институтта 22 сарапшы бар десек, олар бір ғана сараптама түрімен айналыспайды. Бір сарапшы мамандығына сәйкес келетін келесі бірнеше сараптама түрінен дәріс бере алады. Өткен жылы ішкі резервтен дайындап, сот-баллистикалық сараптама түрін қосқан болатынбыз.

– Қандай жағдайда органдардан сұраныс түскенге дейін сараптама жүргізуге болады? Екінші, үшінші қайтара сараптамалар қандай жағдайда жүзеге асуы мүмкін?

– Біздің мекемеміз тікелей Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот-сараптамасы орталығы мемлекеттік мекемесіне бағынады және тәуелсіз орган саналады. Дегенмен, кей жағдайларда, мәселен, жол-көлік оқиғалары кезінде лицензиясы бар ұйымдардың көмегіне жүгініп, автотауарлық сараптамасын жүргізуге болады. Оның нәтижесі сотта күмән тудырса, сот ұйғарымымен сараптама жасау үшін бізге қайтадан жіберіледі. Сонымен қатар, бір сараптама институтының қорытындысына сенімсіздік туындаған кезде оны басқа балама мекемеден қайтара тағайындау болады. Өткен жылы осындай бір сараптама Ақтөбеде екінші мәрте жасалып, біздің берген қорытындымыз дұрыс деп табылды.

– Сот-сараптама нәтижесі түйінді істің шешілуімен қатар, дау-дамайдың туындауына да себепші болуы мүмкін. Бұдан бірнеше жыл бұрын жерленген сәбидің басқа жынысты екенін білген жылыойлық Бапаевтардың қозғаған ісі қоғамда үлкен пікірталас тудырғаны белгілі.

– Бұл іс бойынша молекулярлық-генетикалық сараптамасы бізде 2008 жылдан бері жүргізіліп, қазірге дейін оннан астам сараптама жасалды. Егер құқық қорғау органдарының қорытындысы қайта қаралмаған болса, іс ұзамай жабылуы мүмкін еді. Бірақ, сарапшылар қаралған материал бойынша ақты ақ, қараны қара деп қана көрсетеді. Осы дерек бойынша кейін басқа жақтарда жасалған сараптамалар да біздің дұрыстығымызды көрсетті.

– Әйтсе де, қандай да бір тексерулерге қатысты «сарапшыларға ықпал еткен болар» деген әлдебір ұшқары жорамалдар айтылып қалатыны рас қой…

– Әрбір сарапшы жалған қорытынды бергені үшін ҚР ҚК 352 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жақсы біледі. Соған қарамастан, адам факторы орын алған жерде алып-қашпа сөздер де болып жатады. Сараптама қалай дегенде де екі жақтың көңілінен бірдей шығуы мүмкін емес, яғни жауапкердің немесе талапкердің бірінің пайдасына шешіледі. Бұған қоса, сот-сараптамасы заңы бойынша сарапшының азаматтық, қылмыстық істерге қатысушы жақтармен байланыста болуға, келіссөз жүргізуге құқығы жоқ.

– Күнделікті өмірде баланың әкесін анықтау үшін сараптамаға жүгінетіндер аз кездеспейді. Бірақ, осы қызмет түріне төленетін ақы тым қымбат көрінеді.

– Адамның шашы, қаны, сүйегі, сілекейі және ұрығы арқылы жасалатын молекулярлық-генетикалық сараптамасы 2006 жылы еліміз бойынша Алматы қаласынан кейін екінші болып Атырауда ашылды. Одан кейін Астанада, Қарағандыда, Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істей бастаған сараптама түрі жақында Шымкентте де іске қосылды. Батыс аймақ бойынша молекулярлық-генетикалық сараптама бізде жүргізіледі.

Әкелікті анықтау көбінесе ер-азамат баланың өзінен еместігін көлденең тартып, алимент төлеуден бас тартқан жағдайда жасалады. Бір кезде оның бағасы 167 мың теңгеге көтерілген, қазір 125 мың теңге шамасын құрайды. Меніңше, аса қымбат емес.

Молекулярлық-генетикалық сараптама жасау үшін қолданылатын химиялық реактивтердің Қытайда жасалғаны арзан болғанмен, сапасыз келеді. Сондықтан, ол Америкадан алынады. Оның өзі қызмет құнына әсер етуі мүмкін.

Осы сараптама көмегімен белгісіз мүрденің кімге тиесілі екенін де жиі анықтап жатамыз. Мысал үшін айтсақ, Орал облысынан бір мүрде табылып, інісінің сұрауы бойынша сараптама жүргізілді. Ол үшін марқұмның әке-шешесінің бірінің сүйегіне эксгумация жасалып, материал әкелінгеннен кейін салыстырылып, туыстық деңгейлері анықталды.

– Жекелеген сараптама түрі сирек жасалуы мүмкін. Ол үшін арнайы штат ұстағанша, сырттан шақырған немесе басқа жаққа жіберіп, тексерткен тиімді емес пе?

– Керісінше, сараптаманың жергілікті жерде жасалғаны өзімізге де, барлық органдар үшін де тиімді болар еді. Өрт-техникалық сараптамасы көршілес Ақтөбеде жасалады, жарылыс техникалық сараптамасын жасау үшін Шығыс Қазақстан облысынан маман шақырттық. Қазіргі 18 сараптама түгелдей өзімізде жүргізілетін болса, уақыт та, қаражат та үнемделетіні сөзсіз.

Жоғарыда айтқанымдай, біздің қызметкерлеріміз бірнеше сараптама түріне маманданған. Олардың қай-қайсысы да ешқашан бос отырған емес. Мәселен, молекулярлық-генетикалық сараптаманы төрт адам жасаса, олар химиялық, биологиялық, сондай-ақ, есірткі құралдары сараптамасын жасай алады.

– Сараптамалар жасауға сіз де қатысасыз ба?

– Әрине. Мен жылына орта есеппен 20-25 рет құрылыс сараптамасын жүргіземін. Заңға сәйкес, ірі габаритті, ауыр нысандарға сарапшы өзі баруы тиіс. Сол себепті, тексерілетін құрылыс нысандарына аяқтай баруға тура келеді. Сараптамалар жасап отыру біліктілігіңді жоғалтып алмау және оны әрі қарай дамыту үшін өте маңызды.

Құралай ҚУАТОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*