«САРАЙШЫҚТЫҢ» ӨНІМІ АРЗАН

 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қала тұрғындары үшін «Мұнайшы» стадионы алдындағы алаңда азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп келді. Алайда, бұл тек уақытша қабылданған шара болатын. Мұнда сырттан еш нәрсе әкелінбейді, барлық өнім өзімізде өндірілген. Тауар бағасының өзге базарларға қарағанда 10-15 пайызға арзан болуын Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімі ұдайы бақылап отырады.

«Сарайшық Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Асқар Бисеновтің айтуынша, мұндағы орынақы құны басқа базарлармен салыстырғанда екі еседен аса төмен. Мәселен, облыста ең арзан деп есептелетін «Дина» базарында ет сататын нүктенің жалдық бағасы күніне 2300 теңге болса, «Сарайшықта» – 1000 теңге. Атырау қалалық әкімдігі – осы серіктестіктің құрылтайшысы болып табылады. Бүгінгі таңда мұнда барлығы 193 сауда орны бар. Ал, тауарларды сақтауға арналған қойманың жалдық құны әр шаршы метрі үшін жүз теңдеген аспайды (қойманың сыйымдылығы инфографика арқылы көрсетілген – Автор). Базардың тағы бір ерекшелігі, салқындатылуы тиіс тауардың жанында мұздатқыштар орналасқан. Тірі балық сату үшін өндіріс кооперативтеріне арнап төрт аквариум әкелінген.

Егер базарда бәрі арзан болса, ол өзін қалай ақтамақ? Бұл ретте қоғамдық орындар мен қызметтер, айналадағы көлік тұрағы үшін алынатын ақы бар. Шығынның біраз бөлігі электр тогына жұмсалады. Болашақта орын санын 288-ге жеткізу жоспарда бар. Сонда ғана базар өзін толық қамтамасыз етеді. Автобус аялдамасы іргеде. Енді базарға келетін жолдар кеңейтілмек. 

 

Базар бәріне де ұнайды!

Біз тауар бағасы мен базардың жайлылығы жөнінде тұтынушылар мен саудагерлердің ойын білуге асықтық.

 

Орынша  Қалдыбаева, зейнеткер:

– Мұнда азық-түлік қолжетімді бағамен ұсынылуда. Әсіресе, өзімізден өндірілетін «Ақжайық» кәсіпшілігінің шұжығы өте  дәмді, бағасы да көңілге қонымды. Сондай-ақ, құс еті мен жұмыртқа да үлкен сұранысқа ие.

 

Нұртас  БАЙЖАНОВ, Шоқпартоғай  селосындағы  «Манас»  шаруа қожалығының  иесі

(Жылыой ауданы):

– Біз шұбат пен қымыз өнімін өзіміз дайындап, осы базар арқылы халыққа тікелей ұсынамыз. Бұрын «Тұрғындар қалашығы» ықшамауданында болған жәрмеңкеде сауда жасадық. Ал, коммуналдық базардың іші қандай кең болса, көңілге де сондай сай. Осындай сауда орталықтары алға қарай да көбейе берсін демекпін.

 

Асқар  БИСЕНОВ, «Сарайшық  Атырау» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің бас  директоры:

– Қазір саудагерлердің көбі – алып-сату қағидасын ұстанғандар. Олардың арасында өз өнімін ұсынып отыр-ғандар аз. Ал, «Сарайшықтағы» сатушылардың көп бөлігі – отандық өнім өндірушілер. Олардың ішінде «Карат» пен «Достан ата» шаруа қожалықтарынан басқа, «Бірінші мамыр», «Асыл агро», «Сарайшық», «Ақжайық», «Алмалы құс», «Бөдене», «Агрофеликс», «Алға-1» жеке қожалықтары – облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жобалар.

Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*