«САРАЙШЫҚ CЫР ШЕРТЕДІ»

Руханият

Алдымен, конференция қатысушылары Сарайшықтағы мешітте болып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауаптар алды. Одан кейін «Хан ордалы Сарайшық» мұражайында болды. Ондағы тарихи жәдігерлермен танысып, мол ақпаратқа қанықты. Тарихи орынның мәні мен маңызына үңілуге тырысты. Мәртебелі меймандарға «Сарайшық – бабалар мұрасы» кітабы естелікке ұсынылды.

 

Көрмеде көп сыр бар

Мерекелік шара ашық аспан астында ұйымдастырылған көрмеден бастауын алды. Көрмеде облыстың рухани-мәдени, тарихи және қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін, ұлттық салт-дәстүрлердің озық салтанатын, жаңалықтары мен жетістіктерін көруге мүмкіндік мол болды. Қолөнер шеберлері мен өңірдегі кәсіпорындар өндіретін өнім түрлерін тізіп, даму әлеуетін танытқан көрме берекелі тіршіліктің бет-бейнесін көрсеткендей. Қолда барын шашау шығармай, көркем де жинақы, мағыналы етіп назарға ұсынды.

Мәселен, көрмеге арнайы Исатай ауданынан келіп отырған 86 жастағы Есболай Қуатов 40 жылдан бері қамшы өрумен айналысады екен. Бүгінгі шараға да қолынан шыққан дүниелерін әкеліп отыр. «Таза, табиғи ағаштан, тобылғыдан жасалған қамшының сапасы жоғары болады. Қамшының түр-түрін – дойыр, сегіз, алты өрме жасаймын. Жастайымнан осы өнер түріне әуес болдым. Қарттық келгенде ұйқы қашады, осындай кезде айналысатын сүйікті ісің болғаны қандай жақсы» деген қолөнер шебері қамшының бағасы бұрын 5000 теңге болса, бүгінгі күні 7500 теңгеден сатылатынын айтады.

Х.Ерғалиев ауылынан ат арытып келген Сайлаубек Дәулетов те – қолөнерін жанына серік еткен жан. Оның қолынан шыққан ағаштан жасалған бұйымдары – бесік, домбыра, үстелдер мен ағаштан ойылған тұлпар да келушілердің ыстық ықыласына ие болды. Бүгінде өзінің жеке кәсібін ашқан С.Дәулетов 1992 жылдан бері ағаштан түрлі бұйымдар жасап келеді. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен үш миллион теңге несие алып, 2013 жылы ағаш цехын іске қосыпты.

Исатай ауданының 12 жасар тұрғыны Арсен Айтқалиевтің қолынан шыққан туындылары да көрменің көрігін келістіре түсті. Жас шебер күні кеше облыстық «Ұлттық нақыштар» атты қолөнер шеберлерінің байқауында «Табиғи заттардан жасалған бұйым» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленіп келіпті. Ол әр жұмысына әртүрлі уақыт кететінін айтады. Мәселен, балық шаруашылығы – Атырау өңірінің бағзы заманнан келе жатқан ата-кәсібі дейтін болсақ, Арсеннің сәтті туындысы саналатын бекіре мүсінін бейнелеуге бір апта уақыт кетіпті.

Ал, исатайлық Қарлығаш Айекенованың нәзік те салалы саусақтарынан өрілген ою-өрнекті, ұлттық нақыштағы туындылары жүрегінің нәзіктігін, табиғи сұлулыққа іңкәрлігін паш еткендей. Қолынан өнер тамған Қарлығаш Айекенова екі жыл бұрын Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан несие алып, «Алтын өрнек» жеке шаруашылығын ашып, оның аясында «Қыз жасауы» тігін шеберханасының қабырғасын қалаған. Содан бері ісін дөңгелентіп отыр. «Бастысы, өз ісіңе деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік болса, болғаны. Тапсырыс та көбейеді», – дейді ол.

 Көрмеде «Бай сапа» ЖШС-нің де бұйымдары болды. Серіктестіктің өндірген ұсталық бұйымдарына қарап көз тояды. Бәрі де – сапалы, заманауи. Құрылыс материалдары, интерьерге арналған сувенирлер мен әртүрлі тұтыну тауарлары. Осылайша сапалы өнімдер өндіріліп жатқанын, мақтануға да лайық тамаша табыс­тары бар екенін паш етті.

 Аудандық тарихи-өлкетану мұражайы алып келген экспонаттармен жасақталған көрме құдды бір Жайық бойын жағалай қонған өңірдің табиғатын көз алдыңыз-ға елестетеді. Ондағы фотоларда ауданның мақтанышына айналған тұлғалар жайлы сыр шертіледі.  Аталмыш мұражайдың қор сақтаушысы Зидагүл Енбаеваның айтуынша, бүгінде мұражай қорында 5000-нан астам жәдігер бар. Бүгінгі мәні мен маңызы үндескен шарада ұлттың салт-дәстүрін бейнелейтін жәдігерлер көрермендерге тарту етілді. Зерен аяқ, мыс ожау, ХХ ғасырдың басында жасалған күміс көрік, тарақ жасайтын қалып, жез шәугім мен шоқ үтік, жез құмандар, т.б. қойылған көрме қазақтың салт-дәстүрін саралап, тарихын таразылады. Әсіресе, көпшілік назары сүйектен жасалған домбыра мен ер-тұрманға ауды. Білгеніміздей, аталмыш домбыра мен ер-тұрман шегесіз жасалған. Яғни, сиырдың жауыр сүйегін майын шығарып қайнатып, ер-тұрман мен домбыраны бекіткен. Мұражай қызметкерлерінен білгеніміздей, Кеңес үкіметі келгенге дейін Жайық жағалауын казак-орыстардың мекендегені тарихтан белгілі. Кейін сол замандағы казак, орыс байларынан қалған тиын, құлыптар, түрлі қоңыраулар табылыпты.

Өңірдің тыныс-тіршілігін, тарихи құндылықтарын, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын, қолөнерлері мен табиғи байлықтарын айшықтаған көрмелерді тамашалағандар көп болды.

 

Ән – көңілдің ажары

 Көпшіліктің талғам тамырын тап басқан көрмеден соң өнер мерекесі облыстың өнерпаздары ұсынған «Сарайшық сыр шертеді» атты театрландырылған мәдени шараға ұласты. Өңірдің мәдениет сайыпқырандары бар өнерлерін паш етіп, сахна төрін сазға бөледі. Салтанатты шарада, алдымен, әруақтарға құран бағышталды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан шара шымылдығын ашты.

– Жалпы, жер басып жүрген адам баласының тарихы жоғы жоқ. Оның ішінде қазақ халқының тарихы да тереңнен басталуының куәсі болып отырмыз.

Атырау облысының әкімдігі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлесіп, үлкен конференция өткізейік деп, алыс-жақын алты елден белгілі ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін шақырдық.

Сарайшықта жерленген жеті хан – біздің үлкен тарихымыздың жалғасы. Бұл ата-бабадан аманат болып қалған жер бүгінде шекарамен шегенделіп, мыңдаған шақырым жолдар, жүздеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, адамдардың заманауи өмір сүруіне барлық жағдай жасалып отыр. Бүгінгі Қазақстанның Ұлы Даласы байлыққа толы. Ол дамып, өркендеуде. Қазақстанда бүгінде 130 ұлт өкілі жарасым мен келісімде өмір сүруде, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Сахна төріне көтерілген мұнайлы мекеннің дарынды ұл-қыздары өнерлерін ортаға салды. Алдымен, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйі көптің көңілін бір серпілтті.

 Жыр-термені нақышына келтіре тыңдарманға жеткізу шығармашылық шеберлік пен кең тынысты дауыс ырғағын қажет етеді. Осы тұрғыда «Сарайшыққа арнау» туындысын орындаған талай байрақты бәсекелердің жүлдегері Қайрат Кәкімов жұртшылықтың жүрек тамырын жібіте түсті. 

Одан соң сахнаға жеті хан көтеріліп, алаңнан жүріп өтті. Олардың ішінде, әрине, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің болуы заңдылық еді. Әрі қарай қазақтың үш биі – Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би жиналған қауымға бата берді. Хандық кезеңдегі өмір көріністерін көз алдымызға алып келген театрландырылған көрініс көрермендердің көңілінен шықты. Бұл облыс өнерпаздарының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымы еді.

Ал, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Гүлмайдан Сүндетова Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ ерке Ақ Жайық», республикалық әншілер байқауының лауреаты Аманжан Басығариев Ә.Есбаевтың «Жайық қызы», ал, ҚР Мәдениет қайраткері Маржан Төреханова Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» әндерімен көпке әдемі әсер қалдырды. Жас талантты бишілерден құралып «Кереметті» мың бұрала билеген «Меруерт»бишілер тобы да, «Қара жорғаны» орындаған жігіттер тобы да әсем әуен ырғақтарымен астасқан билерімен көрерменнің көз қуанышына айналып отырды. Сондай-ақ, бағдарлама барысында жергілікті ақын-сазгерлердің шығармалары да шырқалып, шараны шат-шадыман ете түсті. Әжелерден құралған хордың орындауындағы шығармалар да жиналғандардың жанын еріксіз жадыратып жіберді.

Біз түрлі ұлт өкілі ынтымақта өмір сүріп отырған елміз. Көрермендер концерттік бағдарламада оған анық көз жеткізді. Олай дейтініміз, шарада өзге ұлт өкілдерінің де әндері шырқалып, билері биленді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған тағылымды шарада ер азаматтар арқан тартысып, білек күшін сынасса, бір шетте бозбалалар кір тасын көтеріп, қазақ күресінен сайысқа түсті. Шара қатысушылары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, қолжетімді бағада ауыл шаруашылығы өнімдерін алып қалуға тырысып жатты. 

 

ҮН ҚОСУ:

Михаил МЕЙЕР, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Азия және Африка елдері институтының президенті (Ресей):

– Бұл – менің Атырау өңіріне алғаш сапарлап келуім. Сол себепті де, бұл жерде көргендерімнің бәрі маған таңсық. Конференция барысында тарихи орын Сарайшыққа экскурсия ұйымдастырған, мынадай үлкен мәдени шараны тамашалап, қазақ өнерімен сусындауға мүмкіндік берген облыс әкімдігі мен Атырау мемлекеттік университетіне алғысым шексіз. Рас, күні кешеге дейін Ресейде Қазақ тарихын 1990 жылдармен байланыстырып келді. Біз қазақтың арғы тарихын көп білмедік. Енді, мұның шындыққа жанаспайтынын студенттеріме айтып, лекциямда арнайы тоқталатын боламын. Өйткені, өз көзіммен көріп, Ұлы Дала елінің тарихының сырына қанықтым.

 Жалпы, осы секілді тарихи мерекелерді тойлаудың маңызы зор. Мәселен, Қазан қаласының 70 жылдығын тойлау барысында түрлі зерттеулер жүргізілді. Осының нәтижесінде, Қазанның тарихының әріде жатқанын білдік. Сондықтан, әлі де зерттеле түссе, Қазақ хандығына 550 жыл емес, одан көп болуы мүмкін.

Лю СИН ФЕН, Синьцзян экономика және қаржы университетінің профессоры (Қытай):

 

– Конференцияға шақырылғанымда қуанышымда шек болмады. Себебі, мен Қазақстанда бұрын-соңды болмаған едім. Ал, алғашқы сапарымның тарихқа тұнып тұрған Атырау өңірінде басталғаны қуанышымды еселей түсті. Қарап отырсам, біздің бет пішінімізде де ұқсастық бар секілді. Сол себепті де, өзімді шет елде емес, өз үйімде жүргендей сезінудемін. Осы Ұлы Дала еліне сапарым барысында Қазақ тарихына деген қызығушылығым одан әрі ояна бастады.

Патрис НОДЭН, Пуатье университетінің профессоры (Франция):

 

– Қазақ – текті халық. Олай дейтінім, бұл халық қаншама тағдыр теперішін тартса да, ешқашан мойымады. Жаугершілік заманды да, кейін келе бодандық пен түрлі қиын-қыстау кезеңді де бастан өткере отырып, өзге елден жер аударылып келген түрлі ұлт өкілін жатсынбай, бауырына басып, қонақжайлылық танытты. Сіздердің қандарыңызда бар тағы бір ұлы қасиет – тарихқа деген құрмет. Бұл «Ұлы Дала елінің дархандығынан-ау» деп ойлаймын. Үлкенді сыйлау, алдынан кесіп өтпеу, ұлттық құндылықтарға деген сыйластық сезімдеріңізге тәнтімін. Мен Сарайшыққа екінші рет келіп отырмын. Десек те, әр келген сайын жаңа мәлімет пен ақпаратқа қанығамын. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі деп білемін.

Түйін

Тәуелсіз ел тарихында ұлт рухын асқақтатар ұлан-асыр тойдың бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Айтулы мереке өңірімізде де кең көлемде аталып өтті. Қазақ тарихының көкжиегін кеңейту арқылы қазақтардың Еуразия аумағындағы байырғы халықтардың бірі екенін және кейінгі жиырма жылдағы тәуелсіздік тарихын толық пайымдау қажет болса, әлемнің және еліміздің белді ғалымдарының басын қосқан «Қазақ хандығынан – егемен Қазақстанға» атты Атырауда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда  Қазақстан тарихындағы Қазақ хандығының алар орны айқындалды. Ал, көпшіліктің көңілін көркейткен мәдени шарада Қазақ тарихынан бөлек, ұлттық құндылықтар да кеңінен ұлықталды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *