САРАБДАЛ САЯСАТТЫҢ ШЫНАЙЫ ЖЕМІСІ

Жасыратыны жоқ, бұрынғы кездері аймақта мұнай және газ өнеркәсібінің дамуына көбірек көңіл бөлініп, ауыл шаруашылығы соның тасасында қалып келген-ді. Ал, соңғы жылдары Елбасының жергілікті билік органдары алдына қойған тапсырмаларын орындауға бағытталған үлкен бетбұрысты байқаймыз. Әсіресе, жобалық-сметалық құны бірнеше миллиардтарға бағаланған ірі жобаларды жүзеге асыру үшін алынбас қамалдай көрінген  қиын істер батыл қолға алынды. Осы жобалар түптің  түбінде аймақ экономикасын дамытуға қыруар пайда әкеліп, ел игілігіне айналатынына біз де кәміл сенеміз. Өйткені, мемлекетіміз экономиканың осынау шешуші саласы – ауыл шаруашылығын өркендетуге ерекше маңыз беріп отыр.

«Атырау өңірінің жері сортаң, тұзды, қылтанақ шықпайды» деген сыңаржақ пікір де жоққа шығарылды, тақыр жерге егін егіліп, бау-бақша өсірілді. Сонау мұхиттың арғы жағынан асыл тұқымды мыңдаған сиыр сатып алып,  мал шаруашылығына жаңа технология енгізуге батыл бетбұрыс жасалды. Бір кездері «анау Америкада барлық жұмыс автоматтандырылған, сиыр сауу, оларды күтіп, баптау жұмыстарының бәрі арнайы қондырғылар көмегімен атқарылады» дегенді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, таңданысатын едік. Бұлардың бәрі ауылдағы бізге біртүрлі ертегідей көретін. Енді, міне, сол арманымыз бүгінде ақиқатқа айналды.

Өзіңіз ойлап көріңіз, бір мың бас мүйізді ірі қараны қысы-жазы жайылысқа шығармай, қорада ұстап бағу оңай шаруа да емес. Бұл жұмысқа да жаңа технологиялардың «тілін» жетік меңгерген білікті мамандар керек. Бұрынғымен салыстырғанда жауапкершілігі де аса жоғары. Күні бүгін осы мал кешенінде жүзге жуық ауылдасымыз тұрақты жұмысқа тартылған. Олар қаладағыдай белгіленген сағат бойынша ауысыммен жұмыс істейді. Жаңа жұмыс орындарында бос уақыттарын тиімді өткізіп, спортпен айналысып, баспасөз жаңалықтарымен танысып, саламатты  өмір дағдыларын қалыптастыру, жеке бас гигиенасын сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Сөйтіп, Елбасы алға қойып отырған басты мәселелердің бірі – кедейшілікпен күрес, жұмыссыздықты азайту оң шешімін табуда.  Ал, біріккен кәсіпорын қазірдің өзінде оннан астам сүт өнімдерін  өндіріп,  «Қазақстанда жасалған» деген сапалық белгісін соғып, сауда орындарына жөнелтуде. Ешқандай химиялық қоспасыз заманауи технологияның көмегімен дайындалған сапалы сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары.

Жалпы, менің ойымша, Елбасымыз Н.Назарбаевтың  сарабдал саясатын жүзеге асыру мақсатында аймақта жүйелі, жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Олай дейтінім, жақында еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтті. Бұл жердегі «ойын» тәртібі, ережесі мейлінше қатал, әрі әділ болатындығын  да бағамдаймыз. Ал, осы сынға әзірміз бе? Әрине, әзірміз.  жоғарыда айтқан ДСҰ-на енуге дайындықты бастап кетті. Нәтижесі: қарапайым жергілікті сиырлардан бес есе артық сүт өнімдерін беретін шетелдік зеңгі баба тұқымдары еңбекті ақтап, ішкі нарықты отандық сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Атқарылатын барлық жұмысы жаңа технологияға негізделген алып кешеннің болашағы бұдан да зор болмақ. Сондай-ақ, кеңестік кезең келмеске кеткеннен бері малдың жүн-терісі ешкімге керек болмай, көрінген жерде шашылып қалды. Обал-сауапты естен шығармайтын, малмен күнелтіп отырған жергілікті халық бұл мәселені қолында билігі бар талай лауазымды адамдардың алдында көтергенмен түк шықпады. Бастарын ауыртпай «жүн-теріге сұраныс жоқ, өзін-өзі ақтамайды» деп кесіп айтып, күдер үздіріп қойған. Бұйыртса, жүн өңдейтін кәсіпорын да іске қосылып қалар. Мұндай мысалдарды тізбелеп айта беруге болады.

Елді мекендердің инфрақұрылымдарын жетілдіру жөніндегі жұмыстарының өзі бір төбе. Біздің Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Аққайың, Талдыкөл елді мекендерін қоса есептегенде округтегі 666 тұрғын үйде  үш мың жеті жүздей халық тұрады. Тұрғындардың толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Округте екі-екіден орта мектеп, балбақша, мәдениет ошағы, сондай-ақ, бір дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт,  байланыс бөлімшесі, кітапхана халыққа қызмет етеді. Бейбарыс ауылына кірмежол күрделі жөндеуден өтіп, осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілді.

Ауылдастарымыз мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке және жұмыссыз жандарға көрсетіліп жатқан қолдау шараларынан тыс қалып жатқан жоқ. «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы» сияқты бағдарламаларға қатысып, шағын несиелерін алып, ежелгі атакәсіпті – мал шаруашылығын дамытуға, егін салып, өздерін өздері қамтуға, шағын кәсіпкерлік нысандарын ашуға бет бұрып жатқаны қуантады. Менің білуімше, жұмыссыздық деңгейі де аудандағы ең төмен көрсеткішке ие – 1,4 пайыз. Өткен сегіз айда 41 жаңа жұмыс орны ашылды. Осының бәрі сонау тоқсаныншы жылдардың басында нарық қыспағына шыдас бермей, ауылдан үдере көшкен халықтың туған жеріне оралуына, тұрақтануына себеп болып жатыр.

Аманжол ЕСҚАРАЕВ,

«Первомайский

ЖШС» басшысы,

 Махамбет ауданының  Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*