САНДЫҚ ТЕЛЕДИДАР САПАСЫМЕН ҚҰНДЫ

– Бүгінде облысымызда Атырау қаласы мен қала маңындағы 30-дан астам елді мекеннің тұрғындары және Атыраудан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Махамбет ауданына қарасты 11 елді мекен, Исатай ауданына қарасты Хамит Ерғалиев ауылы отандық телеарналарды сандық сапада көруге мүмкіндігі бар. Яғни, облыс орталығындағы 324247 тұрғын сандық эфирлік телехабар тарату желісінің абоненті бола алады. Алдағы уақытта ұлттық хабар тарату желісі Құлсары қаласы және жеті ауданда, барлығы 189 елді мекенде қосылуы тиіс. Бұл міндетті орындау мақсатында 18 радиотелевизиялық стансасында қайта жаңарту және жетілдіру жұмыстары жүргізіледі.
– Мысалға, осыған дейін бір-екі телеарнаны ғана көріп келген Махамбет, Исатай аудандарында жағдай қалай өзгерді?
– Сандық телевизия іске қосылғалы бері облыс орталығынан шалғай жатқан ауыл тұрғындары ай сайынғы абоненттік ақы төлемей-ақ отандық 20 телеарнаны жақсы сапада көруге мүмкіндік алды. Оның ішінде аталған аудандарға қатысты Есмахан, Қызылжар, Томан, 17 разъезд елді мекендері де бар.
– Сандық телехабар тарату желісінің артықшылықтары туралы көп айтылуда. Әсіресе, сапалы бейнеге баса назар аударылып отыр. Жаңа форматқа көшу тағы қандай артықшылықтар береді?
– Әрине, телекөрермен үшін ең алдымен бейненің ешқандай «шуыл», «дірілі» жоқ, сапалылығы маңызды. Бұдан өзге де бірқатар артықшылықтары бар, мысалы: арналардың көп түрлілігі. Абонент қабылдағыш сатып алғанда бір-ақ рет шығындалады, ай сайын абоненттік төлем жоқ, көрсетілім тегін; электрондық бағдарлама, яғни алдағы жеті күнде қай хабардың қай уақытта болатынын пульт арқылы экраннан басып көріп отырады; мәзір тілін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өзіңізге таңдауға болады; болашақта телеарналарды HD форматында көру мүмкіндігі қарастырылған.
Көрермендерден бөлек телеарналар да осы қызметтің тұтынушысы болып табылады. Өйткені, енді өз бағдарламаларын жоғары сапада тарату мүмкіндігін иеленген соң, телеарналар бағдарламаларын үздік сапада, оның ішінде HD-форматында (жоғары айқындықтағы телевидение) шығаруға мүдделі болады ғой. Сонымен қатар, телеарнаның хабар тарату аумағы кеңейген сайын жарнама берушілерге де тартымды. Жергілікті, аумақтық телеарналардың сапа мен көлем жағынан, көрермендер саны жағынан ірі-ірі арналармен терезесін теңестіруге мүмкіндік туды. Өйткені, бұрын өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне қарай ірі телеарна 1 квт таратқышты қолданып, 40 шақырымдық аумақты қамтыса, 100 вт қуаты бар таратқышты қолданатын шағын арнаның қамту радиусы 10 шақырымнан аспайтын. Енді 1 квт. облыстық РТС-тің бір таратқыштың арқасында онда трансляцияланатын арналардың барлығы бір деңгейде 70 шақырымдық аумаққа сенімді хабар тарата алады. Сәйкесінше, көрермендерді қамту деңгейі де біркелкі болады.
– Теледидарын қосып, сандық эфирлік телевизияны көрсем деген адам не істеуі керек?
– Желіге қосылу үшін сандық эфирлік қабылдағыш сатып алып, нұсқаулық бойынша орнату қажет. Немесе, егер теледидар DVB-T2 цифрлық форматында көрсететін болса, теледидарға қондырылатын шағын тюнер – САМ-модуль сатып алу қажет. САМ-модульдің құны қабылдағыштан төмен. Телехабар сигналын қабылдау үшін бөлмелік немесе сыртқа орнатылатын дециметрлік антенна қажет. Сандық қабылдағыш пен САМ-модуль тұрмыстық техника дүкендерінен немесе сату орындарынан табылады. Олардың мекен-жайлары мен барлық толық ақпаратты www.otautv.kz сайтынан немесе біздің облыстық филиалға 558444, 276242 телефондары арқылы хабарласып сұрап білуге болады.
– Қажетті қондырғының бағасы қандай?
– Сауда нүктелерінде қабылдағыш құны шамамен 13000-14000 теңге. Өндірушіден тікелей алсаңыз, баға бұдан төмен. Қалғаны – кедендік алым, салық, саудалық үстеме баға. «САМ-модульді» шамамен 9 000-10000 теңгеге сатып алуға болады, бірақ, теледидар DVB-T2 форматында болуы тиіс. Қазақстан нарығында бұл стандарттағы теледидарлар 2013 жылдан бастап шыға бастады. Қабылдағыштар мен «САМ-модульдерді» біздің қаладағы «Планета Электроники», «Сулпак», «Технодом» және «Бәйтерек», «Каусар», «Байлық», «Дина», «Мұрагер», «Көктем» сауда орталықтарынан табуға болады, сонымен қатар, филиалмен келісім-шартта отырған авторландырылған дилерлер арқылы қосылуға болады.
– Ескі форматтағы теледидарға сандық телехабар тарату желісін қостыру мүмкін бе?
– Иә, кәдімгі теледидарларды жаңа теледидарға ауыстырудың қажеті жоқ. Ең бастысы, қабылдағыштың теледидармен қосатын арнайы қызыл, сары, ақ түсті ажыратқышы бар, сол арқылы жалғана береді.
– Біздің облыс тұрғындары қандай арналарды тамашалай алады?
– Атырау қаласы және облыс орталығы мен 60 шақырымдық қашықтықта орналасқан елді мекен тұрғындары 20 арнаны көре алады, бұл тізімге келесі арналар енді: «Қазақстан», «Білім және Мәдениет», «Балапан» SD, «Балапан» HD, «Хабар», «Kazakh TV», «24 KZ», «Астана», «КТК», «7 канал», «7 news», «Первый канал Еуразия», «МИР», «31 канал», «НТК», «Тан», «СТВ», «MuzZone», «Hit TV», «Атырау облыстық телерадиокомпаниясы», «Алматы». Үкімет қаулысының шешімімен арналар тізімі өзгеріп немесе толығып отырмақ.
Алдағы уақытта аудан орталықтары мен елді мекен тұрғындары «Қазақстан», «Балапан», «Хабар», «Kazakh TV», «Білім және мәдениет», «24KZ», «Астана», «КТК», «7 канал», «Первый канал Еуразия», «Атырау облыстық телерадиокомпаниясы», «31 канал», «СТВ» телеарналарын көре алады. Бұл арналардың көрсетілімі халық үшін тегін. Көру мүмкіндігі қабылдағышты (ресивер) сатып алу арқылы жүзеге асады .
– Аналогтық телехабар тарату желісі қалай өшіріледі? Бұл бір сәтте жүзеге асырыла ма, әлде кезеңмен, белгілі бір кесте бойынша өшіріле ме? Тұрғындар өз ауданында желінің өшірілетіні жөнінде қалай хабардар болады?
– Әрине, кенеттен желіні ешкім өшірмейді. Аналогтық хабар тарату желісі кезеңмен өшіріледі деп жоспарлануда. Әрі тұрғындар міндетті түрде кем дегенде жарты жыл бұрын құлақтандырылады. Өшірілу кезеңдері мен мерзімі ҚР Үкімет Қаулысымен бекітіледі.
– Әңгімеңізге рахмет.

Өз тілшіміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*