Сананы жаңғыртудың сан сыры

Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі және басты байлығы сол елді құраған халқы болып табылады. Ал, сол халықтың алға қарай адымдап дамуында тарихтың алар орны ерекше. Себебі, тарих халықтың өзін-өзі тануына жәрдемдесіп, ұлттық намыс, ел бірлігі және мемлекеттік мүдде деген ұғымдарды қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға үйретеді.

IMG_0219

 Жалпы, тарихқа табан тіреу, оның тағылымдарынан нәр алу Президенттің бүкіл іс-қарекетінен, ғылыми ізденістерінен жиі бой көрсетіп отырады.

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының мазмұны тарих мәселесін қозғаған іргелі туынды екенін аңғартады. Бұл мақалада Қазақстанда тарихи сананы қалыптастырудың  маңыздылығы негізделгені ерекше назар аудартады. Мақалада ұлт тарихын жазудың басты принципі ретінде шынайылықтың, яғни, объективтіліктің  басшылыққа алынуы тиістігі және халқымыздың тарихын жазуда евроцентристік көзқарастан арылудың жолдары айшықталған. Объективтілік принципін басшылыққа алу бір халықты екінші халықтан жоғары қоюға немесе белгілі бір халықты кемсітуге жол бермейтіндігі мәлім.

«Әлемдік өркениетке халқымыздың қосқан үлесі қандай?» деген сауал баршамызды толғандырмай қоймайды. Осы бір түйткілді мәселе Елбасы мақаласында жан-жақты, әрі дәлелді түрде көрініс тапқан. Мақалада атқа міну мәдениетінің Ұлы далада қалыптасқаны, жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыздың өз дәуірінде үстемдікке ие болғаны, қазіргі киім үлгілерінің базалық компоненттері дала өркениетінің жемісі екені айтылады.

Қазақтардың арғы тегі әлем жұртшылығына атқа міну мәдениетін енгізіп қана қоймай, металл өңдеудің жаңа үлгісін берді. Металл өңдеудің амал-тәсілдерін жетілдіру тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысына түбегейлі өзгеріс әкелгені белгілі. Мақалада тарихымызда осы жәйттерді деректер негізінде бекемдей түсу керектігіне ерекше мән берілген.

Елбасы түркі әлемінің алтын бесігі саналатын Ұлы дала әлемдік өркениеттің ірі  ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі – Қожа Ахмет Яссауиді дүниеге әкеліп, көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырғанына да тарих оқулықтарында көрініс табуы қажеттігін ұсынады.

Ұлы далада түркілер үстемдік құрған кезде Ұлы Жібек жолының гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізгені, Ұлы дала халқы Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі және Таяу Шығыс, сондай-ақ славян өркениеттерін байланыстырғанын тарих оқулықтарында ауқымды түрде көрініс табу керектігіне Н.Ә.Назарбаевтың мақаласын оқи отырып көз жеткізуге болады. Сонымен қатар, алма атаулыларының атасы – Сиверс алмасының, жер жүзіндегі қызғалдақтардың басым көпшілігінің дала қызғалдағының «ұрпағы» екенін өлкетану пәніне арналған оқулықтар мен оқу құралдарына енгізудің қажеттілігі аңғарыла түседі.

Қазір озық технологиялар заманы. Осы технологияларды пайдалана отырып, шетелдік архивтерден әкелінген құжаттарды цифрлық форматқа көшіруге отандық архивистердің баса көңіл бөлуі тиіс. Бұл ретте қазақстандық архивистер өзінің  біліктілігімен, яғни озық технологияларды меңгергендігімен ерекшеленуі қажет. Сонда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды цифрлық форматқа көшіру қажет» деп қойған талабы толыққанды жүзеге асатын болады.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу жөніндегі Президент ұсынысы тарихи жадты түлетуге игі ықпал етуге және өскелең жас ұрпақтың отаншылдық рухта тәрбиеленуіне өз әсерін тигізуге бағытталған. Еліміздің жастары тарихымызда ерекше орын алатын тұлғалардың өнегелі ісінен тағылым алып, елін сүйген азамат болып қалыптасуына мұндай энциклопедиялық саябақтың атқарар рөлі зор болмақ.

«Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару да заман талабымен терең үндесіп жатыр. Қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті болу әрбір халықтың алдына өткен дәуір мәдениетінен сусындауды, ұлт мәдениетінен қол үзбеуді қойып отыр. Қазақ жеріндегі көне музыкалық аспаптардың және ән-күйлердің сарыны, әрі ауыз әдебиеті үлгілері жайлы жинақ шығару ұлттық бірегейлікті сақтауға өзіндік оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Жамиға ТАҢАТАРОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы.

 

20 комментариев

  1. Көгжал

    Біз стереотиптер мен үрейлерден арыла отырып өз тарихымызбен мақтануды үйренуіміз қажет.

  2. Көгжал

    Тек осы арқылы біз тарихи бірегейлік дағдарысынан құтыламыз және өзіміздің Ұлы даланың ұрпақтары екенімізді түйсінеміз

  3. Көгжал

    Біз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандарды жалаң жарнамаға айналдырмауымыз керек

  4. Көгжал

    Елбасы ұсынған ұсыныстар мен тапсырмаларды жалаң ұранға айналдырып, құр дақпырт қылғаннан аса алмай отырмыз. Президенттің өзі айтқандай бұл іске жастарды көптеп тартып, солардың күшімен жүзеге асыруымыз керек

  5. Көгжал

    Нұрсұлтан Әбішұлы өзі де алдағы жылды жастар жылы деп жариялау туралы ұсыныс жасап, бекітті ғой. Олай болса біз неге жастарды қолдауды осы істерге араластырудан бастамасқа

  6. Көгжал

    «Ұлы даланың жеті қырын» сауатты түрде қоғамда жүргізу керек. Тарих бізге ойыншық емес, тарихқа аса құрметпен келуіміз керек деп есептеймін.

  7. Көгжал

    Елбасы ұсынған ұсыныстар мен тапсырмаларды өз орнымен, жеке тұлғалар өз мойындарына алып жасау қажет деп ойлаймын. Барлығына да салмақты түрде қарау керек.

  8. Көгжал

    Қазіргі жаһандану жағдайында әрбір этникалық топ өзінің түп тамырын ұлттық бірегейлігін білдіретін құндылықтар жүйесіне көңіл аударып оны әрі қарай жетілдіру жолында.

  9. Көгжал

    ұлт ретінде сақталу жолында бұл мақала құнды құжат әрі ұлтты сақтаудың механизімі болмақ

  10. Көгжал

    Мемлекеттің нығаюы қарулығының күші мен дипломатиялық қарым — қатынаспен ғана өлшенбейді, мәдениеттің күштілігінеде байланысты

  11. Көгжал

    Қазір көбісі, әсіресе танымал адамдар мақала жайлы пікірін білдіргенде құр былай жасау керек деген сияқты жалаң пікірлерді айтып, баспасөзге жазып жатыр. Менімше сөзден іске көшетін кез келді.

  12. Көгжал

    Ия, өткенімізбен мақтанамыз.
    Бірақ қазір ұлтты ұлық ететін музей емес, инновация, жаңалық, ғылым. Тізесі шыққан мысал болса да, оны соғыстан есеңгіреген Жапония, Корея дәлелдеді.

  13. Көгжал

    Тек тарих елдің ертеңін анықтаса, онда қазір Моңғолия мен Македониядан асқан ел болмауы керек еді.

  14. Көгжал

    Адидас кроссовкасын робот тігіп, Амазонның коробкаларын 30 мың робот тасып, Ниссан заводында 95% жұмысты робот жасап жүргенде, біз археологиялық экспедицияға үлкен үміт артуымыз “қызықтау”.

  15. Көгжал

    Әлі бізде компаниялар ғылымға ақша салмайды.
    Ғылым жеке инвестициямен коммерцияланбай, бюджет ақшасымен көгермейді. Apple мен Samsung бәсекесі технологияны қалай дамытып жіберді?!

  16. Көгжал

    Соңғы 15 жылда Алматы мен Астанада құрылыс индустриясы жақсы дамыды ғой. Маманды да, қаражатты да, техниканы да, мигрантты да, шикізатты да тапты, тартты.

  17. Көгжал

    Ғылым да осындай рельске қойылса, бұл нағыз Жаңғыру болар еді. Бұл сонау 2007 жылы жолдауда айтылған “парасатты экономиканың” негізі болар еді. Меніңше…..

  18. Көгжал

    Өз тарихы мен қателіктерін білген адамның, болашаққа деген көзқарасы ашық болмақ..

  19. Көгжал

    қазақ ұлты да өз елінің артықшылығын біліп қалды. Бəрібір болашақтың жоспарын, тарихи тəжірибеге қарап жасайсың. Білімнің биігіне шығып тұрып, төменге құлаған елдің бірі – Грекия. Грекия көп ғылымның бастауы еді ғой. Тарихыңнан, дəстүріңнен ажырасаң біліми болашағың қысқа болады. Оған жартылай-жалаңаштың жалынына өртеніп, ұрпақ жалғастығы тоқтап жатқан Еуропа елдері дəлел.

  20. Көгжал

    Жиырма жылдан бері Батысқа барып Болашақпен оқып келіп жатыр, солардан да модернизм, модерн идея, модерн пікір, модерн іс көрмедік ғой, көпшілігі большевиктерге қосылып шауып жүр, бірақ солардың арасынан ең болмағанда біреуі шығып қоғамды қопарып жібереді деп үміттенеміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*