Самат Ибраим. Орпадан басталған жол

Суретші Табылды Мұқатов 1947 жылы Атырау облысы, Исатай ауданындағы Орпа ауылында туған. 1964 жылы Новобогаттағы (қазіргі Хамит Ерғалиев ауылы) Амангелді атындағы орта мектепті бітіріп,  «Новобогат» кеңшарында шопан болып еңбек жолын бастады. 1968 жылы Алматыдағы Гоголь атындағы суретшілер училищесін тәмамдаған, Львов қаласындағы И.Федоров атындағы полиграфия институтының түлегі. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Бүкілодақтық кітап конкурсында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған (1976 ж.), Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, ЮНЕСКО алтын медалінің иегері.

1 фото

АҚЗИЯШ ӘЖЕ

Суретші Табылды Мұқатовтың шеберханасы төрінде әжесінің ақ түске қара бояумен салынған портреті ілулі тұр. Жүзін әжім торлаған ақ жаулықты ананың ойлы жанарынан, келісті кескін-келбеті мен байсалды тұлғасынан мейірімділік те, қайсарлық та байқалады. Қайта-қайта қарайсың, қараған сайын әже бейнесі қазақ әйелінің жиынтық бейнесіндей асқақтай түседі.

– Бұл менің әжем Ақзияш Тікібайқызы Ырысалы келіні, – деп Тәкең әңгімесін бастады. – Екі ғасырдың куәгері еді, 1979 жылы 99 жасында дүние салды. Әжемнің бауырында өскендіктен мені әкем Мұқат пен анам Рахия «әжесінің баласы» деуден аса алмайтын. Жетпісінші жылдардың бас кезінде Львов қаласындағы И.Федоров атындағы полиграфия институтында оқып жүргенімде гравюра сабағынан үйге тапсырма берді. Ауылды сағынғандықтан ба, әжемнің суретін салу идеясы бірден ойыма оралды. Ұстазым Николай Степанович Овчинников: «Ақ түске қара бояуды керемет үйлесіммен қолданған екенсің. Әйтпесе, студенттердің көбі қара түсті орта жолдан кесіп тастайды, сен болсаң қара бояуды бастапқы ырғақтан бұзбай аяғына дейін алып шығыпсың» деп суретті тура өзі салғандай қуанды.

Студент Табылды сол жолы әже тақырыбын жайдан-жай таңдай салған жоқ-ты,  өзіне құйттайынан бауырына басқан адамнан артық жан болмайтын. Бірде бала кезінде, алты-жеті жас кезінде-ау деймін, әжесінің немересін алдына алып, сары інгенмен Нарын құмының оңтүстік-шығыс бетіндегі Орпадан құм төріндегі Айбасқа төркіндеп барғаны есінде қалыпты. Екі ара жүз шақырымнан асады, жолда әжесі өзінің ауқатты әулетте өскенін сағынышпен еске алады, Нарындағы атақты адамдар – Исатай-Махамбеттің ерлігін, Құрманғазы мен Динаның күйшілігін, Табылдының бабасы ғұлама молда, жеті баулы Беріштің бірі, кезінде абыз атанған Құлкеш туралы аңызды жыр ғып айтады. «Бөкей хан Нарынға елді қоныстандырғанда Беріштің Жайық атасына Айбас-Бекетай құмын, Құлкеш атасына Орпа аумағын бөліп беріпті» бір тоқтайды. Немересі «Орпа деген не?» деп сұрайды. «Орпа деген шегенделмеген, Мұқатжан қазып жүрген өзіміз күнде су ішетін тайыз құдықты айтады» деп түсіндіреді. Құймақұлақ жас балаға әжесінің әңгімесі сурет болып көз алдына келіп, көкірегінде осылай жаттала берді.

– Құдай бастарыңа бермесін, соғыстан кейінгі жылдарда да елдегі жағдай қиын болды ғой, – деп әжесі әңгімесін жалғастырады. –  Ішер тамақ, киер киім тапшы, отағасы бақилық болып, күнкөріс қиындап кеткесін төркінімді сағалап осы Айбастағы Нәтелі ағамның қасына көшіп келдік. Ондағы ойым балаларымды аман-есен өсіріп-жеткізу болатын. Бір күні қара биеге мініп, құмаршық шабатын жер іздеуге шықтым. Жықпылды жермен келе жатқанымда алдымнан пыр етіп бір топ шіл ұшқанда бие үркіп, тулай жөнелді. Ерден ауып түскенімде үзеңгіден аяғым шықпай қалып, атқа сүйретіліп кете бардым. Есімді жисам бет-аузым қан, үсті-басымда сау-тамтық жоқ, қатты жарақат алыппын. «Әйтеуір тірі екенмін ғой» деген ой қылаң берген кезде қайтадан талықсып кеттім. Түсімде ақ киімді қария келіп, «мә, шырағым, мына тамақты ала ғой» деп  шүберекке оралған түйіншекті берді. Бұған қуанып кеткен мен түйіншекті шеше бастағанымда ішінен екі ақ құс ұша жөнелді. Мен оны жақсылыққа жорыдым. Келінім жүкті болатын, үлкен немерем Мүлкат, одан кейін сен дүниеге келдің. Әлгі екі аппақ құс қос немерем сендер екенсіңдер ғой, айналайындарым! Айтпақшы, осы Айбаста туған сенің атыңды Табылды деп Нетәлі ағам қойған болатын.

Сол кезде жасы жетпістен асқан әжесі төркініне келгенде ерекше көңілденіп, бұрынғыдан қайраттанып кеткендей көрінді. Соғыстан аман-есен келген Мағаз інісімен көп әңгімелеседі. Қалың қасты, отты жанарлы, келбетті нағашы ағасы ауылдағы мектепте мұғалім екен, бешпетінің омырауындағы жарқыраған Қызыл Жұлдыз орденіне жас бала қызықтап қарайды. Мағазға соғыста жау самолетін атып түсіргені үшін орден берілгенін әжесі айтқан болатын. Нағашысының үш жасар Якун деген қызын ер балаша киіндіріп, ерекше еркелететіні есінде қалыпты.

…Әжесінің көзі тірі кезінде Табылды келіншегі Күләйім мен қызы Мединаны алып, Новобогат ауылындағы қарашаңырағына барды. Сонда 99 жастағы  Ақзияш ана шөбересін  қолына алып, бауырына қысып, шашынан емірене иіскеп ұзақ отырып еді жарықтық. Сосын Мединаға батасын берді. Медина бүгінде Лондонда тұрады, әкесінің жолын қуған талантты суретші. Ағылшын тілінде «Қазақ күнтізбесін» ұлттық нақышпен баспадан шығарды. Өткен жылы Англияның «RITZ» деген атақты журналының мұқабасына суреті басылып,  ол туралы «Artist іn residence» атты көлемді мақала жарияланды. Қазақ өнерінің құдіретін әлемге танытып жүргеніне Мединаның өзіндік қолтаңбасы бар шығармашылығы куә.

666 - 0005

ҚҰДЫҚШЫ МҰҚАТ

Табылдының әкесі Мұқат Жасенұлы құдықшы болды. Малшылар құмдағы жайлауға көшіп келместен бұрын шағыл етегінен құдық қазуға кіріседі. Әжесінің айтуынша, Мұқат жеті жасында бір кісінің көзі тиіп қатты ауырады. Содан тілі байланып, құлағы естімей қалады. Сол күйінде мына әлеммен көзбен ғана сөйлесіп, 1965 жылы дүниеден өтті. Зайыбы Рахия екеуі Мүлкат, Табылды, Гүлжан, Әсия, Үміт атты ұл-қыздарын аялап өсірді. Мұқат құдық қазуға, пішен шабуға барғанда бес-алты жастағы жалғыз ұлын қасына ертіп алатын. Ол алдымен шағыл етектерінен тебіндік жер іздейді, ызасы білініп жатқан тақырлау тегіс жерді таңдайды. Ұзын сапты өткір күрегімен бір орында тұрып дөңгелентіп шеңбер сызады. Бұл қазылатын құдықтың аумағын белгілегені еді. Тура циркульмен, аса дәлдікпен сызылғандай  мінсіз шеңберге Табылды таңырқай қарайды. Бұл да құмға қамшының сабымен шеңбер сызып, түрлі сурет салады. Орпа құдықты қазып суына жеткен әкесі енді оның қабырғасын түп-түзу етіп мінейді, топырақты қырнап алған күрек ізінің өзі керемет әшекейдей әсер қалдырады. Іштен шыққан топырақтан әдемілеп дере соғады, яғни, биіктігі бір метрге таяп қалатын құм қорған жасайды. Буыны бекіп, қабырғасы қатая келе Табылды әкесіне көмектесетін болды, оның құдық қазу, пішен шабу, орақ қайрау шеберлігін меңгеріп алады. Мұндайда әкесі ұлына мейіріммен қарап, иығынан жай ғана қағып күлімдеп қоятын.

Орпада Н.Хрущев атындағы бастауыш мектеп қана болды. Бесінші сыныптан бастап Табылды Новобогаттағы (қазір Хамит Ерғалиев атындағы ауыл) мектеп-интернатта оқыды. Осындағы Амангелді атындағы мектепте атақты күйші Ғибатолла Масалимов ұстаздық еткенін, оның ғажап суретші де болғанын былайғы жұрт аңыз қылып айтатын. Табылды, шіркін, сондай суретші болсам деп армандады. Оның суретшілік қабілетін мұғалімдер бірден байқады, мерекелер алдында қызыл матаға түрлі ұрандар жазғызып, шағын портреттер салғыза бастады. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде «Новобогат» совхозының партком хатшысы Ғатих Маштахов өзін іздеп келді. Салған суретін, жазған ұрандарын көріп: «Айналайын, болайын деп тұрған бала екенсің» деп мақтап арқасынан қақты. Сөйтіп, Табылдының атын енді бүкіл ауыл білетін болды. Мектеп бітіргесін суретшілікті оқытатын институтқа оқуға түсемін деп шешімге келді. Бірақ, бұл арманы бірден жүзеге аса қоймады, тіпті күдер үзетіндей қиын жағдай да орын алды, алайда, оның алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы тұйықтан алып шықты.

1964 жылы он бір жылдық мектепті бітірген Табылды кеңшардың қойын бағуға кетті, бұған өмір бойы қара жұмыс істеген әкесінің сырқаттанып қалуы, сондай-ақ, түлектердің комсомол бастамасымен бір-екі жыл шопан болу керек деген сол кездің талабы себеп болды. Қойшылар Каспий жағасындағы Қарақамыстың Шәлігіндегі қыстақтан жаз шыға отарларын сонау Орпа мен Қаштай  арасындағы кемі екі жүз шақырым жердегі жайлауға айдап апарады. Он сегіз жасар жас шопан да Қарақамыс – Ауғайраң – Қызыл көпір – Бөкей шешесінің моласы – Бүгіл – Орпа – Каштай бағытымен он-он бес күн бойы отарды жайлауға айдап барғанда жаз да орталанып қалатын. Мал қыстату, қой төлдету, қой қырқу, жайлауға көшу тәрізді шеті мен шегі жоқ науқаннан қолы босамай жүргенде жаз да өтіп, Алматыға оқуға бару арманға айналды. Табылды екі жыл қой баққасын «Новобогат» кеңшарының директоры Есқали Есенғалиевтің қабылдауында болып, өзінің Алматыға оқуға барғысы келетінін айтты. Оның таланты мен талабын білетін директор да, ферма меңгерушісі Дәулет те «екі жыл қой бақтың ғой, енді оқығаның дұрыс» деп қолдау білдірді.

Кеңшардан мінездеме алып, құжаттарын жинап, айдау жолға шығып, жүргінші жүк машинасының қорабына мініп, көңілі алып-ұшып Атырауға жетті. Жақын ағасы Ахмет Ихсанов Гурьев теміржолының жүк тасымалдау бөлімінің бастығы еді, ол інісіне «Алматыға есеп беруге барамын, менімен бірге жүр» деп қасына ертіп алып, қамқорлық жасады. Табылды табандаған үш тәулік жүретін поезбен Алматыға жетіп, суретшілер училищесіне құжат тапсырайын деп келсе, қабылдау емтиханы баяғыда бітіп кетіпті. Не істерін білмей дал болды. Ұзын дәліздің шетіндегі қабылдау бөлмесін айналшақтап жүрді де қойды. Жұмыс аяғы болып, адамдар сиреген кезде училище директоры Ақырап Құдайбергенұлы Жұбановқа (Ахмет Жұбановтың ағасының баласы) жолығып, суретші болғысы келетінін айтты. Жағдайды түсінген ұстаз ақ қағаз бен қарындаш ұсынып, «қалаған суретіңді салып көрсетші» деді.  Сосын оның өзімен бірге алып келген суреттерін көрді. Талапты жастың талантын бірден бағалаған Ақырап Құдайбергенұлы: «Талантың бар екен, сені жоғары жаққа хабарласып, қалайда оқуға қабылдатамын» дегенде Табылды тап қазір оқуға түскендей қуанды. Тіпті рахмет айту да есіне келмепті. Сөйтіп, келесі күні құм баласы училищеге оқуға қабылданды. Жақсыдан шарапат деген осы.

Кезінде әжесінің айтқан әңгімелері, әкесіне ілесіп құдық қазып, пішен шауып жүргенде, қой баққан жылдары жайлауда көшіп-қонғанда, қыстаққа, жайлауға мал айдағанда көрген құдық шағылдар мен жер атаулары, көзтаныс көріністер мен құм мінезі көкірегінде мәңгілік жатталып қалатынын ол кезде өзі де білмепті. Оның шығармашылық жолында осы тақырыптарға қайта-қайта оралуының сыры осында еді. Мысалы, «Қайран Нарын», «Құмға сурет салу», «Құмдағы қоныс», «Құм арасындағы құдық», «Әже», «Домбырашы», «Әңгіме (Жылқышылар)», «Әжеммен бірге», «Түйе сауу», «Ат үйретуші», «Беу, балалық», «Бауырсақ пісіріп жатқан әйел», «Сүндет тойы» және тағы басқа туындылары туған жерден бала кезінде, балғын шақта алған әсерлерінен туындағаны анық еді. Тәкең алпыс жасқа толғанда «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен түрлі түсті безендірілген альбом шығарды. Онда жоғарыда айтқан суреттері де енгізілді. Осы альбомның прологы ретінде «Арнау» толғауы беріліпті. Оқып көріңізші, кәсіби ақын болмағанымен талант жалқы болмайтынына, туған жердің келбетін ерекше суреттеуіне көз жеткізесіз.

«Жағадағы Шәуіптен

Құмға кірсең Молшағыл,

Жолай, Шақу обасы,

Тәуке, Хандық, Қуандық,

Айтулы елде құдықтар…

Көрпедей қыста оранған

Рахыш, Сиран қыстауы,

Елшібай, Омаш құдықтар,

Ел қондырған Орпаға

Жусаның мол, күземде

Ала ит өлген қоңыры.

Қауғамен тартып

Су ішкен, Харес құдық,

Тас құдық…

Шайтаны бар деуші еді

Жолда жаман қыстаудың.

Қамысты қызыл жағалап

Із кесіп едім әрі аспай,

Тұщықұдық, Айбасқа.

Оң жағы Отау түскенім,

Быдырда жатыр Аққыстау,

Ақшошаққа жүргенде,

Саздыға соқпай, етекте

Зират еттім басына

Ата-баба қорымы.

Қос кемпірден шай ішіп,

Оралсам Қасен құдыққа,

Қызарған таңғы сағыммен

Папанин, Кеңсе тастары

Таныр ма екен тағысын!

Талай жазды өткізген,

Есенқара жазығы.

Мырзақұл шағыл шәлпиі,

Малға өріс таптырмас,

Тебінсіз Түлкі қызылға

Соқпай Сахат, Аққұдық,

Аденге шықсам айдау жол

Апарар Қапай, Жолайға,

Қайта шығып жағаға

Күкірттіден сусындап,

Ерғали күтір, Әусенге,

Ат шалдырып қияққа,

Жасқайратқа жетерміз,

Қаңбақтыға кірмей-ақ,

Қайта оралсам айдау жол

Көрінер алыс мұнартып.

Шеміршекті шағылы

Айылын тартып атымның,

Төбеңе шықсам көрінген,

Қоңырқұдық мектебі.

Жағалай қонған, қалың ел,

Ахмет шошақ, Төбелес,

Жаман мектеп, аты жоқ,

Аттың терін алдырған.

Көз тұзыңды сағындым,

Қаракөз, Әйтіш сорлары,

Сендерде қалды-ау

Айдау жол!

500 КІТАПТЫҢ СУРЕТШІСІ…

Жетпісінші жылдардың бас кезінде Львов  қаласынан полиграфия институтын бітіріп келген Табылды «Жазушы» баспасына жұмысқа орналасты. Ол кезде баспалардан кітаптардың бұрқырап шығып жатқан кезі. Ығылман Шөрековтың «Исатай-Махамбет» дастаны да баспаға әзірлене бастады. Кітаптың алқа мүшелері Ы.Дүйсенбаев, Х.Ерғалиев, З.Қабдолов, Б.Аманшин, Қ.Сыдиқов, С.Жиенбаев «кітаптың суретшісі кім болады?» деп ақылдасты. Сонда Хамаң –Хамит Ерғалиев «Осы «Жазушы» баспасында Нарында туып-өскен, Исатай мен Махамбет туралы әңгіме жастайынан құлағына сіңген Табылды деген бір жас суретші бар, соған берген жөн» деген екен. Табылды бұл кітапты безендіруге, қос батырдың образын беруге аянып қалған жоқ, бар өнерін салды. Жазушы, ғалым ағаларынан мақтау естіді, сол 1976 жылы 15 мың данамен таралған бұл кітапты көркем безендіргені үшін Табылды Мұқатов Бүкілодақтық кітап конкурсында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 1979 жылы Берқайыр Аманшин құрастырған Махамбеттің «Жыр семсері» кітабына салған суреті де елді елең еткізді.

1989 жылы «Жазушы» баспасынан филология ғылымдарының кандидаты, белгілі қаламгер Қабиболла Сыдиқовтың алғысөз жазып, түсіндірме жазған Махамбет Өтемісұлының «Ереуіл атқа ер салмай» атты жыр жинағы шықты. Өр ақынның өлеңдері суретші салған Махамбеттің қайталанбас тұлғасымен оқырман талғамын тап басты. Бұл кітаптың таралымы 30 мың дана еді! 2003 жылы ЮНЕСКО деңгейінде өткен Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Жазушы» баспасынан ақынның өлеңдер жинағы шықты. Аталған баспаның директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Есенғали Раушанов екеуі ақылдаса отырып, осы кітапты бастан-аяқ «Құм жазуы» қарпімен қолмен жазуға келісті. Кітапқа енгізілген 79 өлең «Құм жазуымен» жазылып шықты. Суретші Табылды Мұқатов осы еңбегі үшін Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Айта кетелік, жетпісінші жылдардың аяғында Мұхтар Әуезовтің  «Шу асау» (балаларға арналған) кітабына, Махамбеттің «Жыр семсер» өлеңдеріне жасаған (офорт техникасында) одақтық, Орта Азиялық конкурстарда жүлделі орындар алғаны, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу, атақты Ақан сері образдары өз алдына бір ғажайып дүниелер екені өз алдына бір әңгіме. «Шаһнаме»  (Фирдоуси), екі томдық Қазақ поэзиясының антологиясы, Хайдар Дулатидің «Жаһаннаме» және т.б. кітаптарды безендірудегі  суретшінің өзіндік қолтаңбасы даралығымен көзге түседі. Табылды Мұқатов баспаларда жұмыс істеген отыз жылдай уақыт ішінде 500-ден астам кітаптың суретшісі болыпты. Соңғы он жыл ішінде бұл сан талай тапсырыстармен тағы да толыға түскенін кітапқұмар ағайындар жақсы біледі. Өйткені, талантты суретші Тәкеңді іздейтін баспалар мен авторлар аз емес.

БОЯУ ШЕРТКЕН СЫР

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде суретші Табылды Мұқатовтың шығармашылығында үлкен бетбұрыс болды. Ол кезде нарықтың келуіне байланысты көптеген баспа өтпелі кезеңнің ауыртпалығын бастан кешірді. Тап осы кезде Тәкең күнделікті кітап безендіру ісінен қолы босамай, талай жылдар бойы қолға алсам деп армандап жүрген живопись (майлы бояу) жанрына белсене кірісті. Негізінен осы живопись туындылары қойылған алғашқы көрмесі  Кино үйінде өтті, ал, келесі жылы Түрік елшілігінің мәдениет орталығында, Ғалымдар үйінде жеке көрмесі болды. 1997, 2007 жылдары Ә.Қастеев атындағы мұражайда  елу, алпыс жасқа толуына орай ұйымдастырылған жеке көрмелеріне жүзден астам майлы бояумен (живопись) салынған және графикалық шығармаларын қойған еді. Осы көрмелерге қатысып, суретшінің шығармашылығын зерттеген өнертанушы Сәуле Бекқұлованың мына бір пікірін келтіре кетелік: «Живописші, график Табылды Мұқатовтың жасаған көркем дүниелері Қазақстанның рухани байлығынан лайықты орнын алады. Оның көтерген тақырыптарының көкжиегі кең, бүкіл адами асыл қасиеттерді алтын өзегін айналдырғандай айдынды, айбынды бола тұра, осы идеялардың барлығын қылқалам иесі туған жер арқылы, соған байланыстыра көтереді… Ал, суретшінің дүниені сәби көңілмен, жарық санамен қабылдауы, түйсінуі адам таң қаларлықтай. Оның үстіне, әрбір шығармасындағы әр сызықтың мұқияттылығы, жеріне жеткізе салынуы оның көтеріп отырған тақырыбына деген сүйіспеншіліктен туындап жатады. Бұл дүниелер жай картиналар емес, олар – бейне бір естілмейтін сазбен толқып тұрғандай әсер беретін жанды бейнелер. Табылды Мұқатовтың сол кездегі эстамптары кейін – 90 жылдары оның жаңа бағыт –сиқырлы ертегілер еліндегідей майлы бояулар дүниесінің есігін айқара ашуында баспалдақ қызметін атқарды. Алайда, графикадағы шеберлік босқа кеткен жоқ. Керісінше, ол өз жемісін берді – енді палитрасы бай суретшінің кенептеріндегі майлы бояуларға жан бітіп, ол көрерменге көңіл түкпірінен жеткен күрсіністей, сиқырлы сыбырдай әсер етті. Тыңдар құлақ болса – естілді, көкірек көзі болса –көрінді».

Міне, осындай шығармалары ішінде «Майқаңбақ», «Жыршы», «Сағым», «Қорқыт пен Асан», «Жұмекен Нәжімеденов портреті», «Көктөбе этюдтері», «Күз күні» тәрізді қылқаламнан шыққан туындылары ұлттық нақышпен, талант талғамымен, этнографиялық қуатпен айшықталған.

– Бейнелеу өнерінің 1960 жылдардың буынынан С.Айтбаев, Ш.Сариев, М.Қисамединов, Б.Табиев, Т.Тоғысбаевтың туындылары маған үлкен әсер етті, олардың еңбектерінен көп тәлім алдым, –  дейді Тәкең ұстаздары туралы.

Табылды Мұқатов шетелге де танымал суретші. 1987 жылдың өзінде София қаласында (Болгария) графикалық шығармаларының жеке көрмесі өткізілді. Ол безендірген кітаптардың бірқатары әлем кітапханаларына жеткізілгенін,  шетелдік оқырмандар қолына тигенін де айта кеткен жөн. Германия, Англия, Франция, Дания, Канада және т.б. елдерде жеке коллекциялары таралған. Исатай батырдың Сарайшықтағы алқалы жиында малдасын құрған күйі ширыға, шабыттана сөйлеп отырған суретін тоқсаныншы жылдардың бас кезінде АҚШ-тан келген бір туристің қояр да қоймай сатып алғанын білетінбіз. Англиядағы қызы Мединаға барғанда Лондон көшесінде сурет тақтасын алдына жайып қойып, этюдтер салғанын көргенде ағылшындардың талантқа таңғалып, суретін сатуды өтініп тұрып алғаны өз алдына бір әңгіме.

Сөзге сараң Тәкең өз жетістіктерін сұрасаң ғана айтады, әйтпесе, «менің мұндай жетістігім бар» деп мақтанатын жан емес. Бірақ, өнерсүйер қауым Табылды Мұқатұлы тәрізді талантын жазбай таниды.

 Самат Ибраим

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*