Салық жүйесіндегі басым бағыттар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мазмұны бойынша мемлекетіміздің экономикалық өсуінің жаңа моделін құруды көздеген маңызды және өзекті бағдарлама десек те болатындай.

Салық жүйесіндегі басым бағыттар

Бұл Жолдау аясында дамудың  бес негізгі басымдықтары  белгіленді. Олар – ұлттық экономиканың технологиялық жаңғыртылуы, іскерлік ортасын жақсарту, макроэкономикалық тұрақтау, адам капиталы сапасын жоғарылату, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлықпен күресу.

Басымдық бағыттарының бірі – экспорттық стратегияны құру. Бұл стратегияны құру қажеттілігі әлдеқашан туындаған. Шетелдік инвестиция ағынын елімізге тарту қажет. Себебі, онымен бірге қаржы мен жаңа технология келеді. Экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомоствоға шоғырландырып, экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жүйесі енгізілмек.

Қазақстан шет ел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. Бұл тұста мемлекеттік кірістер органдарымен 2016 жылдан бері Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, шет елден  тартылатын  әр қаражат қатаң бақылауға алынған. Шетелдік көздерден ақша және мүлік алғаны жөнінде келісім жасалғаннан кейін 10 күн ішінде азаматтар мен заңды тұлғалар салық органдарына бекітілген формада хабарлама жібереді. Есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-іне дейін салық органына алынған ақша мен оның жұмсалғаны туралы есеп жіберіледі.

Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексінің 14-бабында азаматтық және заңды тұлғалардың салық органдарын хабардар етуі міндетті екені анық жазылған. Мұндай міндетті орындамаған жағдайда заң шеңберінде жауапкершілік қарастырылған.

Аталған кодексте салық органдарын хабардар етуге міндеттілердің нақты критерийлері бекітілген. Осыны тарқатып айтсақ, біріншіден, заңдық қызмет көрсететіндер міндеттеледі. Бұл қызмет түріне азаматтар мен ұйымдарды құқықтық ақпараттандыру, өкілеттік ету және мүддесін қорғау, сондай-ақ, оларға заңдық кеңес беру жатады. Екіншіден, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін азаматтар мен ұйымдар есеп беруге міндеттеледі. Социологиялық зерттеу (коммерциялық мақсаттағы қоғамдық пікірді зерттеу мен социологиялық сауалнама жүргізуді қоспағанда) жүргізіп, оның қорытындыларын халыққа таратушылар, сонымен қатар, ақпаратты жинақтап, талдап және тарататындар (аталған қызмет коммерциялық мақсатпен жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда) да осыған жатады.

Елбасы Жолдауында экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтау, әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту арқылы минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударды. Бұл жерде Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізілуі күтілуде.

Кірістер органдарының негізгі қызметіне қатысты тапсырманың тағы бірі – ол бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту тапсырмасы. Мемлекеттің стратегиялық мақсатының бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету бағыты. Осыған орай  жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктері одан әрі жетілдіріледі. Бұл Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде  отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарының санын арттыру арқылы салық түсімдерін ұлғайту – мемлекеттік кірістер органдары қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі шарты.

Мемлекеттік қызметтер көрсету үрдісін оңтайландырудың маңызы зор. Бұл құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою арқылы салық төлеушінің уақытын үнемдеуге жағдай жасауға бағытталып отыр. Осы орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін, яғни толық электрондық форматқа  кезең-кезеңімен көшіру көзделіп отыр. Биылғы 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою мемлекеттік кірістер органына немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы хабарлама ұсыну тәртібіне ауыстырылды.

Биылғы жылдан ел азаматтары бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияның нысаны (200.00 нысан) азаматтығы жоқ адамдар бойынша жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларациямен (210.00 нысан) біріктірілді.

Маңызды басымдықтың қатарындағы макроэкономикалық тұрақтылықтың басты міндеті – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту. Бұл басымдықтың мақсаты – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу. Оған салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау, салық жеңілдіктерін оңтайландыру, жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режімін жаңаша қарастыру, салықтық әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру жолдарымен қол жеткізуге болады. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.

Заңның жеке бабымен  қосымша құн салығын төлеуші ретінде міндетті түрде тіркеу үшін шегін кезең-кезеңмен төмендету енгізілген (2017 ж. ең төменгі айналым 30 000 еселік айлық есептік көрсеткіш, 2018 ж. – 25000 еселенген мөлшері, 2019  ж. 20000, 2020 ж. 15000 еселенген мөлшері).

Батырбек  ЮСУПОВ,

Атырау облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаментінің

басқарма басшысы. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*