Салық төлемеген кәсіпорындарға айыппұл салынады

Бүгінде Атырауда жалған кәсіпкерлік, табыс пен жұмыс күшін жасыру деректері азаймай отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен кезекті брифингте айтылды. Аймақтағы мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мемлекет қазынасына түсуі тиіс салықтан жалтарған жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынып, ісі сотқа жіберілетінін қатаң ескертті.

Осы орайда, жаңа бақылау түрлері енгізіліп отыр. Бұл өз кезегінде жұмыс күші мен түскен табысты жасырғысы келетін мекемелер мен кәсіпорындарды анықтау үшін өте тиімді. Департаменттегі камералық бақылау басқармасының басшысы Жанаргүл Юсупованың сөзінше, қазір салық төлеушілердің міндеттерін жан-жақты талдап, есебін тексеру өте маңызды. Осының арқасында биыл 46794,0 млн. теңге шығынға әкеліп соққан заңбұзушылық деректері анықталды. Ал, аудит басқармасының басшысы Нұрым Мұхамедиевтің айтуынша, жүргізілген құжаттық тексеріс нәтижесінде биылдың он айында 2 053,6 млн. теңге қосымша салық анықталып, оның 1 303,8 млн. теңгесі өндіріліпті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 737,7 млн. теңгеге артық.

«Өздеріңізге белгілі, Елбасы «Ұлт жоспары» бес институционалды реформаларын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды жариялаған болатын. Бұл – еліміздің үздік отыздыққа енуіне ықпал жасайтын реформа. Ұлт жоспарының бесінші бағыты есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға бағытталған. Оның 95-қадамында мемлекеттік орган басшыларының стратегиялық жоспар мен аумақтық даму көрсеткіштерін ресми веб-сайттарға орналастыру қажеттігі айтылған. Сондай-ақ, Президент кәсіпкерлікке қолдау көрсету аясында салықтық тексерістерді 37,5 пайызға азайтуға тапсырма берген болатын. Олардың саны өңірде 1414-ке азайып, былтырғы көрсеткіштіің жартысын ғана құрады. Бұған Салық кодексіне енгізілген өзгерістер де игі әсерін тигізуде. Салық төлеушіге тексерудің алдын ала актісін табыс ету мен ол актіге жазбаша қарсылық беру қағидалары, мерзімдері мен санаттары бекітілді»,-дейді ол.

Департаменттегі мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Ақбота Тойбазарова халыққа қызметтің 48 түрі көрсетілетінін айтады. Оның 32-сі автоматтандырылған, яғни, мемлекеттік кірістер комитетінің ведомостволық порталы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. Биыл қантар-қазан айлары аралығында барлығы 414 929 қызмет көрсетілсе, соның қағаз түріндегісі небәрі 20 пайызды ғана құраған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*